Жұмысшы мамандығын дәріптеу – олардың еңбегін қадірлеуден басталады

Дәнекерлеуші Бекзат Жүнісбековпен сұхбат

Қазақстан қоғамы – түрлі салада еңбек етіп жүрген миллиондаған қарапайым жұмысшылардың арқасында дамып келеді. Біз көбіне саясаткерлерді, ірі кәсіпкерлерді, өнер адамдары мен танымал тұлғаларды көріп, солар туралы көп жазамыз. Бірақ күнделікті өміріміздің негізін құрайтын қарапайым еңбек иелері назардан тыс қалып жатады. Ал шын мәнінде, олардың еңбегі – бүкіл қоғам тіршілігінің іргетасы.

Статистикаға сүйенсек, Қазақстандағы еңбек нарығының шамамен 50 пайызы – жұмысшы мамандық иелері. Олардың қатарында құрылысшылар, дәнекерлеушілер, жол жөндеушілер, шахтерлер, жүргізушілер, сантехниктер, электр мамандары, қызмет көрсету саласының өкілдері бар. Оларсыз қала да, ауыл да дами алмайды. Инфрақұрылымның дамуы, өндіріс орындарының жұмысы, тұрмыстық қызметтің сапасы – бәрі де осы қарапайым, бірақ аса маңызды мамандық иелерінің қолында.

Мемлекет тарапынан бұл еңбекке деген құрметті арттыру мақсатында 2025 жыл «Жұмысшы мамандық иелерінің жылы» деп жарияланды. Бұл – жай ғана атау емес, қоғамда жұмысшы мәртебесін көтеруге бағытталған қадам.

Осы орайда біз 11 жылдан астам уақыт бойы Рудный қалалық ерікті мүгедектер қоғамында дәнекерлеуші болып еңбек етіп жүрген Бекзат Жүнісбековпен әңгімелесіп қайттық.

Бекзат аға – тағдырын еңбектің күшімен қалыптастырған жан. Ол Өзбекстанда дүниеге келген. Балалық шағы да, жастық кезеңі де сонда өткен. Қазақстанға 2012 жылы қоныс аударған.

«2013 жылы азаматтық алдым. Бажам көшіп келген еді, содан кейін біз де ойландық. Осында келген соң ұнады, осында қалдық», – дейді ол.

Алғаш келгенде ол түрлі жұмыс істеген. Кейін 2014 жылдан бері тұрақты түрде дәнекерлеуші болып істейді.

«Өзбекстанда да металл конструкциялармен жұмыс істеп жүрдім. Қолым үйренген іс. Сол себепті бұл мамандыққа тұрақтап қалдым», – дейді ол.

Бекзат ағаның отбасы үлкен. Жұбайы, екі ұлы бар. Ұлдары ер жетіп, әрқайсысы өз шаңырағын құрған. Үлкен ұлынан үш немере сүйіп отыр.

«Әйелім екі жылдан бері жұмыс істемейді. Немерелерім балабақшаға барады, әйелім қарайды. Балам мен келінім жұмыс істейді. Өзімнің еңбегім де, балалардың тапқаны да бір шаңырақтың берекесіне жарап отыр», – дейді ол.

Бұл сөздерінен-ақ еңбек адамы үшін отбасы – ең басты құндылық екенін аңғаруға болады.

Бекзат ағаның жұмыс күні нақты тәртіппен өтеді. Жұмыс кестесі – бес күндік, күніне сегіз сағат. Таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін.

«Таңертең 8:30-да келемін, 9-да жұмыс басталады. Алдымен цехке барамыз, басшылықпен сөйлесеміз, бүгінгі жоспарды білеміз. Не істеу керек болса, соны ертеңге қалдырмай орындауға тырысамыз. Жұмыстың жаман жері жоқ. Басшы да, әріптестер де жақсы. Бізде 20-дан астам қызметкер бар. Бәріміз ауызбіршілікпен жұмыс істейміз», – дейді ол.

Олар тек цех ішінде ғана емес, сыртта да еңбек етеді: балалар алаңын жөндеу, ағаш кесу, көше шамдарын реттеу, тұрмыстық қызмет көрсету, автосервис пен мебель цехтарына көмектесу – бәрі де олардың мойнында.

«Жұмысымыз әртүрлі. Бірақ бәрі халыққа қажет дүние. Көбіне далада ағаштарды кесеміз, балалар алаңдарын жөндейміз. Қоғамға пайдасы тиіп тұрғанын сезіну – ең бастысы», – дейді ол.

Бекзат аға мамандығын ауыстыру туралы ешқашан ойланбаған. Өйткені өзі істеп жүрген ісін «нан тауып беретін, бала-шағаны асырайтын еңбек» деп бағалайды.

Қазір Бекзат аға 61 жаста. Алдағы мақсаты – абыроймен зейнетке шығу.

«Алла нәсіп етсе, екі жылдан кейін зейнетке шығамыз. Сол уақытқа дейін осында еңбек етіп жүре берсем деймін. Артық арманым жоқ», – дейді ол күліп.

Әңгімеміздің  соңында «сіз үшін жұмыстың ең басты мағынасы неде?» деп сұрадық.

«Күнделікті жұмысым – нан тауып жүрген, бала-шағамды асырап отырған іс. Адам еңбексіз өмір сүре алмайды. Мен үшін осы еңбек – басты тірегім», – деп түйіндеді Бекзат Жүнісбеков.

Бекзат ағаның әңгімесі – еліміздегі мыңдаған еңбек адамының ортақ тағдыры. Қазақстанда жұмысшы мамандықтары – ең көп сұранысқа ие сала болып саналады.

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сүйенсек, еліміздегі жұмыс күшінің шамамен 45–50 пайызы жұмысшы мамандық иелер. Ал ең көп сұраныстағы мамандықтар – құрылысшы, дәнекерлеуші, жүргізуші, механизатор, электрик, сантехник, аспаз, қызмет көрсету саласының мамандары. 2023 жылғы деректер бойынша, жұмыс берушілердің сұранысында дәнекерлеушілер алғашқы ондыққа енген.

Жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру – тек экономикалық емес, әлеуметтік мәселе де. Өйткені қоғамда кейде «ақ жағалылар» жоғары бағаланып, «көк жағалылардың» еңбегі көлеңкеде қалады. Алайда қарапайым жұмысшыларсыз біздің күнделікті өміріміз тоқтап қалар еді.

Жарық шамның жануы, жолдардың тегіс болуы, үйлердің жылуы, балалардың ойын алаңдарының қауіпсіздігі – бәрі осы еңбектің арқасы.

Бұл сұхбат арқылы біз бір ғана дәнекерлеушінің емес, жалпы еңбек адамының өмірін көрсетуге тырыстық. Әрбір цехта, әрбір зауытта, әрбір көшеде Бекзат аға сияқты мыңдаған жұмысшы бар. Оларсыз қоғам да, мемлекет те дами алмайды. Егер қоғам еңбек адамының маңызын түсініп, құрмет көрсетсе, еліміздің экономикасы да, рухани өмірі де нығая түсері сөзсіз.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *