Баспанаға жаңа жол ашылды

Рудныйдағы тұрғын үй қатынастары саласындағы жаңа өзгерістер

Рудный қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімінде бірқатар өзгерістер орын алды. Бөлімнің бүгінгі міндеттері мен қызметі туралы сектор меңгерушісі Радмира Уразбекова жан-жақты әңгімелеп берді.

 «Біздің бөлім жекешелендіру, қауіпті техникалық құрылғыларды есепке алу және есептен шығару қызметтерін атқарады. Сонымен қатар жылу маусымына дайындық жұмыстарын жүргіземіз. Қазірдің өзінде толығымен әзірміз, дайындық паспорттарын рәсімдеп жатырмыз. Ал 29 мамырдан бастап тұрғын үйге кезекке қою, кезектен шығару және пәтер бөлу сынды қызметтердің барлығы «Отбасы банкке» жүктелді. Біз тек жекешелендіру және тұрғын үй комиссияларының жұмысына жауаптымыз. Мәселен, «Отбасы банкке» пәтерлердің саны мен көлемі жөнінде мәлімет жолдаймыз, ал тұрғын үйді үлестіруді банк жүргізеді. Бізге дайын тізім келген соң, кезектегілермен келісімшарт жасаймыз. Бұл тәсіл жемқорлық тәуекелдерін болдырмайды, барлық процесс ашық жүргізіледі», – деді Радмира Уразбекова.

Бұған дейін әрбір санаттың (көпбалалы отбасылар, жетімдер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, бюджеттік сала қызметкерлері және т.б.) өз рет нөмірі болатын. Енді мұндай жүйе алынып тасталды, тек кезекке тұрған күн ескеріледі.

Енді әлеуметтік осал топтарға қоса, Қазақстанның кез келген азаматы 18 жасқа толғаннан кейін жеке баспанасы болмаса, тұрғын үйге кезекке тұра алады.

«Кезекке тұрғандар бұрынғыдай пәтер алады. Тек қазір барлығына ортақ база бар. Сондықтан кім кейінірек тіркелсе, ол ертерек пәтерге ие бола алмайды. Жаңа заңға сәйкес, кез келген азамат санатқа кірмей-ақ өтініш бере алады. Басты шарт – соңғы бес жылда атына тұрғын үй тіркелмеуі», – деп түсіндірді маман.

Кезекке тұру үшін жеке куәлікті көрсету жеткілікті. Электронды цифрлық қолтаңба арқылы база тексеріліп, адамның мүлкі бар-жоғы анықталады.

Әкімдік пәтерлерді сатып алған жағдайда тізім бірден «Отбасы банкке» жіберіледі. Кейін олар жалға берілетін тұрғын үй ретінде үлестіріледі. Сонымен қатар банк отбасының табысын тексереді. Егер табыс жеткілікті болса, кезектегілер пәтерді төмен пайыздық мөлшерлемемен сатып ала алады. Алайдатәжірибе көрсеткендей, халықтың басым бөлігінің несие жүктемесі ауыр, кредиттік тарихы нашар болғандықтан, өтініштері жиі мақұлданбайды.

Мәселен, Сеченов көшесіндегі №1 үйде 20 пәтер әлі бос тұр. Оларды ешкім сатып алмаған, ипотека рәсімдемеген. Себебі тұрғындардың несие тарихы сәйкес келмейді.

Пәтерлер келесі үлеспен бөлінеді: 50% – көпбалалы отбасылар мен жесірлерге, 20% – жетімдерге, 30% – өзге кезектегілерге.

Жаңа жылу маусымы басталғанға дейін қалада 85 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Олар – Қашар көшесіндегі 11-үй, «Ахмет» тұрғын үй кешені және Молодая Гвардия көшесіндегі 15-үй. Бұл үйлерді әкімдік сатып алған, ал қазір аулаларды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Кейін «Отбасы банк» кезек тізімі бойынша тұрғындарды қоныстандырады.

Қазіргі таңда Рудныйда мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға кезекте тұрғандар саны 4,3 мың адамды құрайды. Бұл көрсеткіш жыл өткен сайын өсіп келеді.

Спикер кезекте тұрған азаматтардың арасында пәтер алмасу мүмкіндігі бар екенін де атап өтті. Ол үшін тұрғын үй комиссиясына өтініш беру жеткілікті.

«Мәселен, көпбалалы отбасындағы балалар ер жетіп, жеке баспана алған жағдайда оларға үш бөлмелі пәтер қажет болмайды. Мұндайда олар басқа кезектегілермен келісіп, комиссия шешімімен айырбас жасай алады. Кейде азаматтар болашақта кең пәтер босаса, соған ауысу жөнінде өтініш қалдырады», – деді Уразбекова.

13 қыркүйектен бастап заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, көпқабатты үйлерді басқаратын қоғамдық бірлестіктер бір жыл ішінде ПИК (пәтер иелерінің кооперативі) форматына өтуге тиіс.

 

Арай АХМЕТ,

суретті түсірген Айбар БЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *