Рудный сотында жиі қаралатын істер қандай?
Қазақстанда жыл сайын әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша ондаған мың іс қаралады. Ішкі істер министрлігінің ресми деректеріне сүйенсек, соңғы жылдары ең жиі тіркелетін құқық бұзушылықтардың қатарында отбасылық-тұрмыстық жанжалдар (ӘҚБтК 73-бап), ұсақ бұзақылық (434-бап), қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу немесе мас күйінде келу (440-бап), есірткі және психотропты заттарды тұтыну (440-1 бап), жол-көлік ережесін бұзу (610, 613 баптар) бар.
Мамандардың айтуынша, әкімшілік істердің басым бөлігі жастардың үлесінде. Себебі – заңды білмеу, эмоцияға берілгіштік, кейде жауапкершіліктің төмендігі. Ал егде жастағы адамдар арасында мұндай фактілер сирек тіркелгенімен, денсаулық жағдайына байланысты абайсыз әрекеттер жиі кездеседі.
Республикалық статистика Рудный қаласында да айқын байқалады. Қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Естай Сұлтанның айтуынша, мұндағы тұрғындар арасында да тұрмыстық жанжалдар, қоғамдық тәртіпті бұзу және жол қозғалысы ережелерін сақтамау жиі кездеседі. Әсіресе соңғы жылдары отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы заң бұзушылықтар мен есірткі заттарын тұтынуға қатысты істер көбейген.
«Соттың негізгі қызметі – заңда белгіленген әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша істерді қарау және тиісті қаулы шығару. Бізге құқық қорғау органдарынан істер түседі, сотта қаралып, шешім қабылданады, әрі оның орындалуын да қадағалаймыз», – дейді Естай Сұлтан.
Қазір істердің басым бөлігі электронды форматта қаралады. Бұл барлық тарапқа тиімді: бұрын 5 минуттық іс үшін алыс ауылдан келу қажет болса, қазір үйден немесе жұмыстан қосылуға мүмкіндік бар.
«ЕҢ КӨП ҚАРАЛАТЫН ІСТЕР – ОТБАСЫЛЫҚ ЖАНЖАЛДАР МЕН ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫ»
Сотқа ең көп түсетін істер қатарында – тұрмыстық құқық бұзушылықтар, ұсақ бұзақылық, алкоголь немесе есірткі қолдану, сондай-ақ жол-көлік апаттары.
«Жылына шамамен 3700 іс қараймыз. Бұрын бұлкөрсеткіш 3200 шамасында болатын. Президент тапсырмасына сәйкес, соңғы жылдары отбасылық жанжалдарға, алкоголь мен есірткі қолдану мәселесіне ерекше назар аударылып отыр», – дейді сот төрағасы.
Мәселен, ӘҚБтК 73-бабы бойынша бірінші рет құқық бұзған адамға ескерту жасалса, қайталанса – 10 тәулікке дейін қамау қарастырылған. Ал жол қозғалысы ережесін өрескел бұзғандар (613-бап) – 40 АЕК айыппұл төлейді немесе көлік жүргізу құқығынан айырылады. Ең қатаң шаралардың бірі – алкогольдік не есірткілік мас күйінде көлік жүргізгендерге қолданылады: 15 тәулікке қамау және 6 айға дейін жүргізу құқығынан айыру.
ЖАСТАР НЕГЕ ЖИІ ҚҰҚЫҚ БҰЗАДЫ?
Сарапшылардың пайымдауынша, құқық бұзушылардың басым бөлігі – жастар. Оның бірнеше себебі бар: заңды білмеу немесе мән бермеу; эмоцияға берілгіштік, өз әрекетін салмақтап үлгермеу; достар ықпалы, «бір рет жасағаннан ештеңе болмайды» деген ой; жұмыссыздық немесе бос уақытты дұрыс пайдалана алмау.
Ал егде жастағы адамдарда жағдай өзгеше: олар заңды біледі, бірақ денсаулығына байланысты абайсыз құқық бұзушылықтарға жол береді. Мысалы, жолдан өтерде көру қабілеті нашарлауына байланысты ереже бұзуы мүмкін.
Естай Сұлтанның айтуынша, әкімшілік жаза тек жазалау үшін емес, ең алдымен тәрбиелік мақсатта қолданылады.
«Әрбір құқық бұзушылықтың салдары бар. Заң қайталанған іс бойынша жазаны қатаңдатады. Біз үшін басты мақсат – азаматтың заңды сыйлауды үйренуі. Қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастырудың ең тиімді жолы да осы», – дейді ол.
АЛДЫН АЛУ –
БАСТЫ БАҒЫТ
Рудный қалалық соты жастар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жиі өткізеді.
«Біз колледждерде кездесулер өткіземіз. Кейде сот процесін көрініс ретінде көрсетеміз. Мысалы, алкогольді күйде көлік жүргізген жағдайда қандай жаза қолданылатынын студенттер сот залында өз көзімен көреді. Бұл – құқықтық сананы қалыптастырудың тиімді әдісі», – дейді сот төрағасы.
Мектеп оқушыларына мұндай шаралар сирек өткізіледі, өйткені олардың психологиялық қабылдауына ауыр болуы мүмкін. Дегенмен, заңға баулу тәрбиесі отбасынан, мектептен басталуы тиіс екені анық.
Көпшілік ұсақ бұзақылықты елеусіз қателік деп ойлайды. Бірақ оның салдары зор – бір адамның әрекеті бүкіл қоғамның тыныштығына әсер етеді. Сондықтан әкімшілік жауапкершілік дегеніміз – тәртіпті сақтаудың негізгі құралы.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТОВА,
суретті түсірген
Айбар БЕРІК