«Нан астығын жинайын, елге астық сыйлайын»

«Фортуна» минимаркеті апта сайын әлеуметтік акция өткізуде

Осыдан бір ай бұрын 20-шағын ауданда орналасқан «Фортуна» минимаркетінде жаңа игі іс бастау алды. Мұнда әр бейсенбі сайын қарияларға әлеуметтік нан тегін таратылады. Дүкен басшылығы халықтың ең аз қамтылған тобына жататын үлкен кісілерге қолдау көрсету мақсатында осындай бастама көтерді.

Аудан тұрғындары бұл жаңалықты өте жақсы қабылдады. Алғашында қымсынып, тегін нан алуға ыңғайсызданғандар болғанымен, қазір зейнеткерлер бұл үрдіске үйреніп, бейсенбіні асыға күтетін болған. Көбі дүкен ұжымына алғыс айтып, апта сайын келіп тұрады.

Апта сайын акция өткізу үшін дүкен әкімшілігі жергікті наубайханадан 32 бөлке (екі науа) әлеуметтік нан сатып алады. Айта кетерлігі, нан алу үшін міндетті түрде сауда жасау шарт емес. Кез келген зейнеткер дүкенге кіріп, «бір адамға – бір бөлке» ережесімен нан ала алады.

– Нан өте дәмді, үлкен рақмет! Сатушылары да сыпайы, жақсы адамдар екен. Басқа да зейнеткерлер келіп, нан алып тұрса деймін, – дейді Рақия Рахматуллина.

– Осы маңда тұратындықтан, дүкенге жиі келемін. Жақында зейнеткерлерге тегін нан берілетінін естіп, таңғалдым. Алғашында алуға ұялдым, бірақ қазір өзіме де, үйден шығуы қиын көршіме де алып барамын. Дүкен басшылығына ризамын! Бұл жердің тағы бір артықшылығы – барлық қажетті тауар табылады, – деп бөлісті Орқия Ахметшина.

Тұрғындардың мұндай шынайы алғысы минимаркет ұжымын жаңа әлеуметтік жобаларды қолға алуға ынталандыруда.

Бейсенбідегі тегін наннан бөлек, 20-шы шағын ауданның қариялары үшін азық-түлікті үйге тегін жеткізу қызметі де қарастырылған. Егер адамның дүкенге келуге мүмкіндігі болмаса, 8-778-136-79-67 нөміріне қоңырау шалып, тапсырыс бере алады.

– Шағын аудан тұрғындары үшін жұмыс істейміз. Тұтынушыларымызға жақын әрі ыңғайлы «үй жанындағы дүкен» болуға тырысамыз. Біз үшін тек сауда жасау емес, аудан өміріне араласып, тұрғындарға демеу болу маңызды. Үлкен кісілер – еліміз бен қаламыздың дамуына үлес қосқан, өмірлік тәжірибесі мол жандар. Оларға қамқорлық пен назар аудару өте қажет. Наурыз айында зейнеткерлерге арналған бонустық жүйе мен жеңілдік картасын енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл карта бойынша қаланың барлық зейнеткеріне дүкен тауарларына 5 пайыздық жеңілдік беріледі. Ол үшін зейнеткер куәлігін көрсетсе жеткілікті. Қазіргі уақытта жобаның егжей-тегжейін қарастырып жатырмыз, жақын арада картаның іске қосылғаны туралы хабарлаймыз, – деді минимаркет маркетологы Яна Дьячина.

 

Арай АХМЕТ,

суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *