Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кәмелетке толмаған балалардың түнгі сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін ата-анасының немесе қамқоршысының жанында болмай, көшеде жүруіне тыйым салынған. Сондай-ақ кешкі уақытта балалардың кафе, ойын-сауық орталықтары мен компьютерлік клубтарда жалғыз жүруіне рұқсат жоқ. Бұл талап орындалмаған жағдайда, әкімшілік жауапкершілік ең алдымен ата-ананың өзіне жүктеледі. Егер мұндай жағдай қайталанатын болса, іс сот қарауына дейін жетуі ықтимал. Жасөспірімдерге қатысты ережелер жайлы Рудный қаласы полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімінің инспекторы Диас Парижжан әңгімеледі.
Түнде ұсталған жасөспірімнің жеке басы анықталып, ата-анасы шақырылады және әкімшілік хаттама толтырылады. Мұндай іс-шаралар ең әуелі алдын алу мақсатында жүргізіледі, яғни ата-аналардың заң талаптарын біліп, балаларын бақылауда ұстауы үшін. Сонымен бірге жасөспірімнің алкогольдік мас күйінде қоғамдық орында жүруі де заң алдында қатаң жазаланатын әрекет.
«Айталық, біз кәмелетке толмаған баланы түнгі мезгілде ұстадық. Бұл жағдайда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 442-бабының екінші бөлігіне сәйкес, «жасөспірімнің түнгі уақытта заңды өкілінсіз көшеде болуы» деп әкімшілік хаттама толтырылады», – дейді Диас Парижжан.
Жекелеген жылдары көрсеткіш төмендегенімен, құқық бұзушылықтар әлі де тіркеліп келеді.
«Жалпы алғанда, бізде статистикада ілгерілеу бар. Мысалы, 442-баптың екінші бөлігі бойынша әр жылы деректер өзгеріп отырады. Өткен жылы осы бап аясында 203 әкімшілік хаттама толтырылған болса, биыл олардың саны 221-ге жетті. Жазаға тартылғандардың саны да аздап артқан. Сонымен бірге, 442-баптың бірінші бөлігіне сәйкес, өткен жылы сегіз құқық бұзушылық орын алса, биыл тоғыз дерек анықталды. Өткен жылы жасөспірімдердің қоғамдық орында мас күйінде жүруінің бес жағдайы тіркелсе, биыл мұндай төрт оқиға болды», – дейді инспектор.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 132-бабына сәйкес, сағат 22:00-ден таңғы 06:00 аралығында кәмелетке толмағандардың заңды өкілінсіз ойын-сауық орындарында жүруіне жол берген мекеме айыппұл төлейді. Айыппұл мөлшері мынадай: жеке тұлғаларға – 10, шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға – 15, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 30, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде белгіленген.
Өткен жылы осындай бес жағдай тіркелсе, биылғы жылы әзірге төрт дерек анықталды.
Осы қауіптің алдын алу үшін Рудный полициясы түрлі тәсілдерді қолданады: мектептер мен жазғы лагерьлерде қауіпсіздік сабақтарын өткізеді, қамқоршылық органдарымен бірлесе отырып, отбасыларға көмек көрсетеді, сондай-ақ «жасырын сатып алушы» әдісі арқылы рейд жүргізеді.
Қаладағы жағдайды қадағалау үшін жедел-алдын алу іс-шаралары тұрақты ұйымдастырылады. Мұндай шара кезінде кезекші инспектор түнгі патрульге шығып, қоғамдық тәртіпті бұзу деректерін және жасөспірімдердің заңға қайшы әрекеттерін анықтап, дер кезінде тоқтатады.
Ювеналды полиция инспекторы ата-аналарға балаларына көбірек уақыт бөліп, олармен әңгімелесіп, бірге серуендеуге, ортақ іс-шараларға қатысуға кеңес береді. Өйткені баланың жасы қаншада болса да, оған ата-анасының қамқорлығы мен назары ауадай қажет.
Инспектордың айтуынша, құқық қорғау органдарының басты мақсаты – жазалау емес, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы орайда полиция, ата-ана және қоғам бірлесіп әрекет еткенде ғана балалардың амандығын сақтап, олардың жарқын болашағына жағдай жасауға болады.
Арай АХМЕТ,
суретті ұсынған Рудный қалалық ПБ