Жемісті жоба

Рудныйдағы №8 мектеп оқушылары өз бақшасын өсіруде

Ауқымды республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Рудный қаласы білім бөлімінің №8 жалпы білім беретін мектебінде өнегелі жоба қолға алынды. Білім ордасының ауласында оқушылардың, ұстаздар мен ата-аналардың бірлескен күшімен үлкен бақша жасақталып, онда гүлдер мен ағаштардан бөлек, түрлі жеміс-жидектер мен көкөністер отырғызылды. Жас ұрпақты еңбекке баулу мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруды көздеген бұл ерекше бастама тұңғыш рет жүзеге асырылып отыр.

Мектеп әкімшілігі мен шәкірттердің сөзінше, мамыр айында басталған игі іске 5-тен 10-шы сыныпқа дейінгі оқушылар түгел жұмылдырылған. Арнайы жоспар бекітіліп, жер телімдері бөлінген соң, әр сыныпқа нақты көкөніс немесе жеміс түрін күтіп-баптау міндеті жүктелген. Бүгінде мектеп ауласында болгар бұрышы, қияр, картоп, қызылша, қырыққабақ, кәді, сәбіз, қызанақ сияқты 10-15 шақты көкөніс түрі және ең тәтті жидек – құлпынай өсіп жатыр.

«Бұл жоба «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында оқушыларды еңбекке және табиғатты аялауға баулу мақсатында бастау алды. Ең бастысы, ата-аналар да бірлесіп, тұқымдарды сатып алуға қаржылай қолдау көрсетті. Оқушылар 5-10 сыныптар арасында ұйымшылдықпен әр өсімдікті бөліп алып отырғызды. «Мектеп сыртында орналасқан бұл бақшаны біз бірінші жыл қолға алып отырмыз, алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырамыз. Ал күзде жиналған өнімді мектеп асханасына өткіземіз, ол оқушылардың тамағына қолданылады. Бұдан бөлек, аулаға егілген ағаштар мен гүлдер де жайқалып өсіп, көз қуантуда. Бастаманың негізгі мақсаты – балаларды ұйымшылдыққа, қамқорлыққа, еңбекқорлыққа баулу және табиғатқа деген құрметін арттыру», – дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлсім Смайлова.

Мектеп бақшасын салуда жоғары сыныптар мен орта буын оқушыларының арасында өзара сабақтастық пен үлкен ұйымшылдық көрініс тапқан. Жер аударып, топырақ қопсыту, егу және күнделікті баптау жұмыстарына шәкірттер зор ынтамен кіріскен.

Бақ өсіруге үлес қосқан 9-сынып оқушысы Кәусар Қасымбекова жобадан алған әсерімен бөлісті:

«Бұл жай ғана дақылдар емес, табиғатқа деген сүйіспеншілігіміздің жемісі. Күнделікті қажетті болгар бұрышы, қияр, картоп, қызылша, тіпті құлпынай да өсіп жатыр. Бақшаны отырғызу барысында ұйымшылдықты және табиғатты аялауды үйрендік. Жұмыс көктемде басталды, ал күзде өнімді асханамызға қолдануды жоспарлап отырмыз. Бұл өсімдіктер таза ауа беріп, фотосинтез үдерісіне де септігін тигізеді. Еліміз таза болып, бұл жоба күшті нәтижеге жетеді деп ойлаймын».

Ер балалар қауымы да бұл игі істен шет қалмай, ауыр жұмыстарды атқарумен бірге, екпелердің қауіпсіздігі мен күтімін тікелей бақылауға алған. Бұл туралы мектеп оқушысы Нариман Нажмадин өз сөзінде атап өтті:

«Бұл бақшаға сыныптастармен бірге жерді аударып, топырақты қопсыттық, су құйып, күтіп-баптадық. Сыныбымызбен бірлесіп қырыққабат ектік. Қыздар жағы отырғызумен айналысса, біз өсімдіктердің бірқалыпты болуын бақылап, қадағалап, сыртына топырақ қаптастырдық. Сонымен қатар, бақшаның жағдайын, әсіресе нөсер жауыннан кейінгі күйін жіті қадағалап келеміз. Еңбегіміздің жемісін көреміз деп үміттенеміз».

Рудныйлық мектеп ұжымының бастамасы – экологиялық тәрбиенің тек теория жүзінде емес, тәжірибеде қалай іске асатынының жарқын үлгісі. Мектеп қабырғасынан басталған мұндай еңбекқорлық пен қоршаған ортаға деген жанашырлық «Таза Қазақстан» жобасының түпкі мақсатымен үндесіп, болашақта өз жемісін берері сөзсіз.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО