Қазіргі қоғамда заңдылық пен құқықтық тәртіп – мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі тірегі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында мемлекеттік органдар алдына әрбір азамат өзін қауіпсіз сезінетін тиімді жүйе қалыптастыруды міндеттеген болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында Ішкі істер органдары республика бойынша, соның ішінде Рудный қаласында кешенді шараларды қолға алды.
ҚР ІІМ дерегінше, күн сайын 14 мыңнан астам полиция қызметкері мен Ұлттық ұлан жауынгерлері қоғамдық қауіпсіздікті күзетеді. Қала мен ауылда 15 мыңнан астам патрульдік бағыт құрылып, барлық проблемалы аймақ қамтылған. Соның ішінде Рудный қаласында да құқықтық тәртіпті нығайту, қылмыстың алдын алу бағытында жұмыс күшейтілуде.
Қостанай облысы полиция департаментінің мәліметінше, биылғы жеті ай ішінде қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтар азайып, ауыр қылмыстардың саны төмендеді. Бұл – жүргізілген алдын алу жұмыстарының және цифрлық технологияларды енгізудің нақты нәтижесі.
Тәртіп сақшылары қала аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізуде. Оның аясында патрульдік полицияның жұмыс бағыты кеңейіп, күшейтілген режим енгізілген. Жаяу және автопатрульдер тәулік бойы қызмет атқарып, бейнебақылау жүйелері белсенді пайдаланылуда.
Осы шаралардың тиімділігін соңғы деректер де дәлелдейді.
26 тамыз күні Рудный қаласында тұрғын үй ауласынан Honda Civic маркалы автокөліктің ұрланғаны туралы хабар түсті. Хабар түскен бойда полиция күдіктіні анықтап, бейнебақылау арқылы оның жүрген бағытын қадағалады. Нәтижесінде көлік иесінің қолына қайтарылып, күдікті қолға түсті.

Ұсталған азамат мас күйінде көлік тізгіндеген. Сот шешімімен ол 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.
Жыл басынан бері Қостанай облысында 32 көлік ұрлығы әшкереленді. Полицейлер жүргізушілерді қарапайым сақтық шараларын ұмытпауға шақырады: көлікті ашық қалдырмау, дабыл қондырғысын орнату, қосымша құлып жүйелерін пайдалану.
Құқық қорғау органдарының айтуынша, қоғамдық тәртіпті сақтау – полицияның ғана емес, әр азаматтың ортақ міндеті. Сондықтан тұрғындар күмәнді жағдай байқаса, дереу 102 нөміріне хабарласуы қажет.
Президент Жолдауындағы «Заң мен тәртіп» қағидасын жүзеге асыруда Рудный қаласы да белсенді үлес қосып отыр. Құқықтық тәртіпті күшейту, қылмыстың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – жергілікті полицияның басты мақсаты.