Чемпиондар ұстаханасы

«Сарыбай» кешеніндегі тхэквондо үйірмесі жас дарындарды шыңдап жатыр

Рудныйда 2008 жылдан бері үзіліссіз жұмыс істеп келе жатқан бірегей тхэквондо үйірмесі бүгінде нағыз чемпиондар ұстаханасына айналды. «Сарыбай» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде орналасқан бұл орталықта қазіргі таңда жүзден астам өрен спорттың осы түрін серік етіп, шеберліктерін шыңдауда. Балалар мен жасөспірімдердің спортқа деген ынтасын арттырып, салауатты өмір салтын насихаттап жүрген үйірменің ең басты ерекшелігі – жаттығулардың мүлдем тегін жүргізілуі.

Талай шәкіртті үлкен спортқа баптаған білікті маман – тхэквондодан спорт шебері, Қазақстан Республикасының чемпионы, қара белбеу 5-дан иегері Ахтам Охидов. Өз ісінің нағыз майталманы 2008 жылдан бері осы Рудный қаласында бапкерлік қызметті тұрақты түрде атқарып келеді. Маманның спорттағы еңбек өтіліне көз жүгіртсек, ширек ғасырға жуық уақытты көреміз.

«15 жасымда Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласында тхэквондомен шұғылдана бастадым. 2005 жылға дейін спортшы болдым, 1993 жылы әлем чемпионатына қатыстым. Кейін Рудныйға келіп, осы спорт түрін дамыту мақсатында үйірме ашып, жаттықтырушы ретінде еңбек ете бастадым. Былай қарасам, 20 жылға жуық уақыт өтіпті. Осы уақыт ішінде шәкірттер саны көбейіп, 100-ден асты. Сол кездегі алғашқы оқушыларым қазір әлем, Азия чемпионаттарында бақ сынап жүр», – дейді Ахтам Охидов.

Баласын үйірмеге бергісі келетін әрбір ата-ана үшін тхэквондоның шығу тарихы мен пайдасын білу маңызды. Бұл – Корея түбегінен бастау алатын, тарихы тереңде жатқан жекпе-жек өнері. Сөздің төркіні «аяқпен соққы жасау және секіру» (тхэ), «жұдырықпен ұру» (квон) және «даму жолы, өнер» (до) деген мағынаны білдіреді. Бүгінде тхэквондо – Олимпиада ойындарының ресми бағдарламасына енген, әлемде кең танылған және елімізде де қарқынды дамып келе жатқан спорт түрі. Бапкердің айтуынша, бұл тек жекпе-жек қана емес, ол – тән мен жанның үйлесімі.

«Жаттығулар балаларды қатты шынықтырады. Мұнда созылу, шпагатқа отыру, жүгіру, секіру мен гимнастика элементтерінің бәрі тоғысқан. Сонымен қатар бұл спорттың көру қабілетін жақсартуға да, жүрек-қан тамырлары жүйесіне де пайдасы зор. Жаттығу барысында корей тіліндегі арнайы терминдер қолданылады, өйткені бұл – Корея Республикасының ұлттық спорты», – деп түсіндірді бас бапкер.

«Сарыбай» спорт кешеніндегі бұл орталықта қазіргі таңда 3 білікті жаттықтырушы қызмет етеді. Әр маман бекітілген кесте бойынша таңғы, түскі және кешкі уақыттарда балаларды қабылдайды. Үйірмеге 6 жастан 16 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар жазыла алады.

Ата-аналардың қаперіне: Жаттығулар тегін болғанымен, спортшының арнайы киімін (добок) және қажетті қорғаныс жарақтарын отбасы өз қаражатына сатып алады. Жаттығу сабақтары дүйсенбі және сейсенбі күндері өткізіледі. Қатысушылар өздеріне қолайлы уақытты таңдай алады: таңғы ауысым – сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін, түскі ауысым – 15:00-ден 17:00-ге дейін, ал кешкі ауысым – 17:00-ден 19:00-ге дейін.

Қазір рудныйлық жас спортшылар тек зал ішінде шынығып қана қоймай, ірі додаларға қызу дайындалып жатыр. Алда үлкен жауапкершілік пен маңызды жарыстар күтіп тұр. Сөз соңында бапкер рудныйлық жастарды үйірмеге шақырып, бұл спорт түрінің тек денсаулыққа ғана емес, сонымен қатар ішкі тәртіп пен мінез-құлықты қалыптастыруға да тигізер септігі орасан екенін атап өтті.

«Есігіміз әрдайым ашық. Қаламыздың жастарын уақытты тиімді өткізіп, дені сау, шымыр болып өсуге шақырамын. Мұнда келіп, үлкен спорттың алғашқы баспалдағын бірге аттауға мүмкіндік бар», – деп қорытындылады сөзін спорт шебері Ахтам Охидов.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО