Рудныйдағы акциздік өнімдердің заңсыз айналымы жайлы
2025 жылы Рудный қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы салық салынатын өнімдерді есепке алу және тіркелмеген кәсіпкерлікпен айналысатын тұлғаларды анықтау бағытында 20 тексеріс жүргізді.
Бұл туралы Рудный қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Базарбай Шуинов айтып берді.
– 15 тексеріс барысында тіркелмеген құжаттары бар 846 бөтелке алкогольдік өнім анықталды. Әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша жалпы айыппұл 3 млн 118 мың теңге сомасында салынды, өнім тәркіленді. Есепке алу-қадағалау маркалары жоқ подакциздік өнімдер мен темекі өнімдерін сатуға тексеру жүргізілді. Подакциздік өнім үшін айыппұл 1 млн 2 мың теңге, темекі өнімдері үшін 825 мың теңге болды, тауарлар тәркіленді. Сонымен қатар, 283-1-баптың 5-бөлімі бойынша тауарларға тіркелмеген құжаттарды рәсімдемеген салық төлеуші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл 393 мың теңге, ал табысы 3 млн 926 мың теңге тәркіленді, – деді Базарбай Шуинов.
Спикер сондай-ақ этил спирті мен (немесе) алкоголь өнімдері бойынша декларацияны уақытында тапсырмаған салық төлеушіге айыппұл салынғанын атап өтті, ол 39 320 теңге.
2025 жылы акциз сомасын аз көрсеткені үшін 9 ескерту беріліп, жалпы бұзушылық 1,83 млрд теңгені құрады. Бұл ескертулер бойынша қосымша салық есептері тапсырылып, барлық міндеттер толық орындалды.
Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы хабарлағандай, Рудный қаласы, Қашар мен Горняцк кенттері және Перцев ауылы аумағында алкоголь өнімдерін сатуға лицензиясы бар 292 дүкен мен сауда нысаны жұмыс істейді.
– Тіркелмеген кәсіпкерлікпен айналысқандарға қатысты (әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 463-бабы бойынша) 7 әкімшілік іс жүргізілген. Олардың 4-еуі арнайы рұқсатсыз майнинг жабдықтарын пайдаланып, майнинг-пулдар арқылы цифрлық активтер өндірген адамдарға қатысты болды. Осы фактілер бойынша 198 566 теңге айыппұл салынды және майнинг жабдықтары тәркіленді. Ал бір тексеру лицензиясыз кәсіпкерлікпен айналысуға қатысты жүргізіліп, оның нәтижесінде 66 бөтелке алкогольдік өнім тәркіленді, – деді Базарбай Шуинов.
2025 жылы жалпы 2 516 әкімшілік іс материалы дайындалып, қарауға және айыппұл салуға жіберілген. Олардың ішінде 1 821 іс бойынша ескерту беріліп, 695 іс бойынша айыппұл салынды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 127,5 миллион теңгені құрады. Биылда аталмыш жұмыстар тұрақты түрде жалғаспақ.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген Айбар БЕРІК