Рудный қаласындағы мамандандырылған балалар үйі қалай жұмыс істейді?
Рудный қаласындағы Орталық нерв жүйесі органикалық зақымданған және психикасы бұзылған балаларға арналған сәбилер үйі 1961 жылы ашылған. Содан бері оның басты миссиясы өзгерген емес – өмірінің алғашқы күндерінен бастап ерекше күтім мен медициналық қолдауды қажет ететін балаларға көмек көрсету.

Рудный мамандандырылған балалар үйінің жұмысы, қабылданатын балалар, көрсетілетін көмек туралы біз мекеменің бас дәрігері Алтынай Амангалиевадан сұрап білдік.
– Мекеме туғаннан бастап 4 жасқа дейінгі ауыр сырқаттары мен түрлі диагноздары бар балаларды қабылдайды. Олардың қатарында орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымдануы мен психикалық дамуында бұзылыстары бар сәбилер де бар. Бұл — ересектердің тұрақты қамқорлығы мен қолдауынсыз қалыпты дамуы мүмкін емес балалар.
Бүгінде сәбилер үйінде 20 бала тәрбиеленуде. Оның ішінде 16 бүлдіршін мекемеде тәулік бойы тәрбиеленсе, 4 бала күндізгі бөлімге келеді.
Әрбір бала үшін күтім, емдеу және дамытудың жеке бағыты әзірленген. Мұндағы басты мақсат – тек қауіпсіздікті қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар ерекше болса да, мейірім мен қамқорлыққа толы балалық шақ сыйлау, – дейді ол.
– Қазіргі жүктемені ескерсек, мекеменің толық сыйымдылығы қандай?
– Жалпы алғанда біздің мекеме 50 балаға арналған. Яғни, қажет болған жағдайда қосымша балаларды қабылдауға мүмкіндігіміз бар. Біз Қостанай облысы бойынша жұмыс істейміз. Қазір бізде Рудный қаласынан ғана емес, Қостанай қаласы мен Рудный өңірінен келген балалар бар.
– Мекемедегі жұмыстың артында үлкен ұжым тұрғаны анық..
– Ия, балаларға тәулік бойы күтім және үздіксіз медициналық бақылау қамтамасыз ету үшін 54 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде әкімшілік қызметкерлер, педиатр-дәрігерлер; дәрігер-невропатолог; тәрбиешілер; логопед; психолог; посттық медициналық мейірбикелер; массаж және емдік дене шынықтыру (ЛФК) бойынша мейірбике физиотерапия мейірбикесі; күтуші-санитарлар; аспаздар; техникалық қызметкерлер қызмет етеді.
Мекеменің балансында балаларды тасымалдауға арналған екі автокөлік, сондай-ақ өзінің кір жуу орны бар. Бұл санитарлық-гигиеналық талаптардың толық сақталуын қамтамасыз етеді.
Балалар жас ерекшеліктеріне қарай топтарға бөлінген. Сонымен қатар, әр топқа арналған жеке серуен алаңдары жабдықталған. Бұл алаңдарда бүлдіршіндер таза ауада қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда серуендей алады.
Қазіргі уақытта кадр жағынан тапшылық жоқ, барлық штат толық қамтылған.
– Мұнда тәрбиеленіп жатқан балалардың диагноздары туралы айтып өтсеңіз. Қандай ерекшеліктері бар балалар көп?
– Бізде Даун синдромы бар балалар, гидроцефалия диагнозымен келген ауыр жағдайдағы балалар бар. Кейде эпилепсиясы бар балалар да түседі. Сонымен қатар дамуында жеңілдеу ауытқуы бар, АПРР, яғни қазіргі тілмен айтқанда аутизм белгілері бар балалар да көп.
– Бұл балалар сіздерге қалай түседі? Олардың ата-аналары бар ма?
– Иә, бізде ата-анасынан бас тартылған балалар бар. Кейбірі әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан келеді. Балалар перзентханада немесе емханада анықталғаннан кейін толық тексерістен өтіп, бізге жіберіледі.
– Күндізгі бөлімнің жұмысы туралы не айта аласыз?
– 2022 жылдың ақпан айынан бастап мекемеде күндізгі болу тобы жұмыс істей бастады. Бұл топқа 1,5 жастан 4 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Тәрбиеленушілер саны – ең көбі 10 бала.
Күндізгі топ дүйсенбіден жұмаға дейін, таңғы 8:00-ден кешкі 18:30-ға дейін жұмыс істейді.
Күн бойы балалар тұрақты бақылауда болып, олармен білікті мамандар жүйелі түрде жұмыс жүргізеді. Атап айтқанда, педагогтер, логопед, психолог, массаж және емдік дене шынықтыру (ЛФК) мейірбикесі қызмет көрсетеді, физиотерапиялық емдер жүргізіледі. Сонымен қатар педиатр мен невропатолог дәрігерлердің барлық тағайындаулары толық орындалады.
Қазіргі таңда мекеме күндізгі болу тобына жаңа тәрбиеленушілерді қабылдауға дайын және қолдауға мұқтаж отбасылар үшін ашық.
Аталған топ мүгедектігі бар балаларға, көпбалалы отбасылардың балаларына, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған ата-аналардың балаларына арналған.
– Балалармен жұмыс барысында қандай заманауи әдістер мен құралдар қолданасыздар?
– Жұмыс барысында заманауи медициналық аппараттар қолданылады. Атап айтқанда, электрофорезге арналған «Поток», «Солнышко», УВЧ, «Луч» ОРК (соллюкс), Дарсонваль және «Амплипульс» аппараттары бар.
Мекемеде балалардың жас ерекшеліктері мен жеке қажеттіліктерін ескере отырып жабдықталған арнайы дамыту бөлмесі жұмыс істейді. Сабақтар барысында Монтессори әдістемесінің элементтері қолданылады. Бұл тәсіл баланың қоршаған ортаны өз қарқынымен танып-білуіне, ойын арқылы және тактильді сезіну арқылы дамуына мүмкіндік береді.
Сәбилер үйі қызметінде реабилитация бағыты ерекше орын алады. Массаж және емдік дене шынықтыру (ЛФК) мейірбикесі дәрігерлердің тағайындауына сәйкес, әр баланың диагнозы мен денсаулық жағдайын ескере отырып, күн сайын емдік массаж жүргізеді.
Процедуралар қимыл-қозғалыс бұзылыстарын түзетуге және кинезиотерапияға арналған арнайы Бобат үстелінде өткізіледі.
Сонымен қатар күн сайын заманауи құрал-жабдықтарды қолдана отырып емдік дене шынықтыру сабақтары ұйымдастырылады. Олар ортопедиялық кілемшелерді, фитболдарды, вобуляторды, вертикализаторларды, мотомедті, сондай-ақ «Фаэтон» арнайы реабилитациялық комбинезондарын қамтиды.

Барлық сабақтар бұлшықет корсетін нығайтуға, қимыл-қозғалыс үйлесімділігін дамытуға және балалардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Физиотерапия мейірбикесі педиатр мен невропатолог дәрігерлердің тағайындауы бойынша күнделікті емдік процедуралар жүргізеді.
Физиотерапиялық емдер бұлшықет тонусын төмендетуге, қан айналымын жақсартуға, реабилитациялық шаралардың тиімділігін арттыруға және балалардың жалпы денсаулық жағдайын жақсартуға ықпал етеді.
Сонымен қатар дәрігер қажет болған жағдайда сыртқы мамандарды тартатынын атап өтті. Педиатрдың жолдамасы қажет болған кезде балалар емханаға жеткізіледі. Офтальмолог секілді тар бейінді мамандардың кеңесі сол жерде алынады. Бұл мақсатта мекеменің балансында екі қызметтік автокөлік бар.
Операциялық емдеуді қажет ететін жағдайлар да кездеседі. Мұндай кезде барлық медициналық тексерулер толық жүргізіліп, операция жасау қажеттілігі анықталса, балалар Астана немесе Алматы қалаларына жіберіледі.
Балалар 4 жасқа толғаннан кейін олардың әрі қарайғы тағдыры заңнамаға сәйкес шешіледі. Барлық қажетті құжаттар рәсімделіп, тәрбиеленушілер арнайы интернат мекемелеріне жолданады.
Ата-аналарға балаларымен кездесуге мүмкіндік беріледі. Әдетте мұндай кездесулер аптасына екі рет ұйымдастырылады. Қазіргі таңда карантиндік шектеулер болғанымен, мүмкіндік болған жағдайда ата-аналардың балаларымен жүздесуіне рұқсат етіледі.
Сонымен қатар мекемеде балаларды асырап алу жағдайлары да орын алады. Егер болашақ ата-аналар баланың диагнозын толық біле отырып, оны асырап алуға дайын болса және белгіленген барлық талаптарға сай келсе, мекеме тарапынан қарсылық болмайды. 2025 жылы осындай жолмен 2–3 бала жаңа отбасына орналастырылды.
Бас дәрігер балалардың күн тәртібі нақты әрі тұрақты екенін атап өтті. Таңғы 8:00-де балалар оянып, 8:15-те таңғы ас ішеді, 8:30-да гимнастика жасалады. Одан кейін ойын уақыты, түскі ас, күндізгі ұйқы, физиотерапиялық процедуралар және кешкі ас қарастырылған. Балалар кешкі сағат 20:00–21:00 аралығында ұйқыға жатады.
Түнгі уақытта әр бөлімде екі медициналық мейірбике мен санитар-няня тәулік бойы кезекшілік атқарады.
– Мекемеде соңғы жылдары жөндеу жұмыстары жүргізілді ме?
– Иә, 2021 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жаңартылған бөлмелер жарық, жылы әрі кішкентай тәрбиеленушілердің қажеттіліктеріне барынша бейімделген.
Қауіпсіздік, жайлылық пен функционалдылық – барлығының түпкі мақсаты бір: балалардың амандығы мен игілігі.
Мекемеде физиотерапия мен реабилитацияға қажетті құрал-жабдықтар мәселесі көбіне демеушілердің қолдауына байланысты шешіледі. Бас дәрігердің айтуынша, көмектескісі келетін жандарға есік әрдайым ашық.
– Қазіргі таңда қолда бар құрал-жабдықтар жеткілікті, тапшылық жоқ. Демеушілер балалардың диагноздарын ескере отырып, қажетті заттарды әкеліп береді. Бұл өз кезегінде мекеменің толыққанды жұмыс істеуіне мүмкіндік береді, – дейді Алтынай Тілекқызы.
54 қызметкердің қатарында 14 жылдан бері осы салада еңбек етіп келе жатқан аға тәрбиеші Елена Галимзянова да бар. Ол еңбек жолын қарапайым топ тәрбиешісі болып бастап, соңғы екі жылға жуық уақыттан бері аға тәрбиеші қызметін атқарып келеді. Оның айтуынша, мұндай мекемеде ұзақ жылдар бойы жұмыс істеу үшін ең алдымен рухани төзім мен үлкен жүрек керек.
– Біздің жұмыс – жай ғана қызмет емес. Бұл жерде жан жылуы, сабыр мен махаббат аса маңызды. Балалар өздерін үйіндегідей сезінуі тиіс. Сондықтан олар бізді «апай» деп емес, «ана» деп те атайды. Біз үшін олар – бала, ал біз олар үшін анамыз, – дейді ол.
Балалардың дамуы күн сайынғы жүйелі жұмыстар арқылы жүзеге асады. Оқу-дамыту сабақтарымен қатар логопед пен психолог жұмыс істейді, емдік дене шынықтыру мен массаж жүргізіледі. Барлық шаралар балалардың жан-жақты дамуына және қажетті дағдыларды меңгеруіне бағытталған.
Ұжымның ұйымшылдығы – мекеме жұмысының басты тіректерінің бірі. Мұнда бір рет жұмысқа келген мамандар көбіне ұзақ жылдарға қалып қояды. Себебі әр қызметкер әр баланың мінезін, ерекшелігін, оған қалай тіл табысу керегін жақсы біледі. Өйткені әр бала – жеке тұлға.
– Балалар үшін мерекелік іс-шаралар да тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Тоқсан сайын түрлі шара ұйымдастырылады, күз, қыс, Жаңа жыл, Наурыз, Балаларды қорғау күні сынды мерекелер атап өтіледі. Бұл шараларға демеушілер мен көмектескен жандар да шақырылады. Балалардың өнерін көріп, олардың өскенін байқау қонақтар үшін де ерекше әсер сыйлайды.
Демеушілік көмек негізінен ерікті түрде жүзеге асады. Мекеме ешбір ұйыммен ресми келісімшарт жасамайды. Көмек көрсетемін деген жекелеген адамдар мен ұйымдар өз қалауларымен келіп, қажетті дүниелерді әкеліп береді. Мекеме тарапынан тек тамақтану мен диетаға байланысты қажетті заттардың тізімі ұсынылады, – деп түсіндірді аға тәрбиеші.
Сұхбат барысында Елена Владимировна діни мекемелер тарапынан көрсетілетін қолдауды да атап өтті. Оның айтуынша, православие шіркеуінен әкей Евгений тұрақты түрде келіп, балаларға ойыншықтар, шырындар мен жемістер әкеледі, мерекелік шараларға да қатысады.
– Дегенмен демеушілік көмек әлі де қажет. Әсіресе жаңа туған сәбилер көп болғандықтан, памперстер мен маусымға сай балалар киіміне сұраныс жоғары. Бір сәбиге тәулігіне бірнеше рет памперс ауыстырылады, ал қазіргі таңда мекемеде 8–10 жаңа туған бала бар.
Мекеме Денсаулық сақтау басқармасы арқылы қаржыландырылғанымен, тұрмыстық қажеттіліктердің барлығы бірдей толық қамтамасыз етіле бермейді. Сондықтан қолы ашық, қолдау көрсетуге дайын жандарды әрдайым қуана қарсы аламыз, – деп түйіндеді бас дәрігер.
Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

