Жүйелі даму жолында

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиев Рудныйға іссапармен келді

Іссапар барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиев қаладағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап көрді.

Кездесулер мен нысандарды аралау кезінде білім беру мен спорт салаларын дамыту, тұрғын үй құрылысының қарқыны, сондай-ақ қала тұрғындары үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелеріне ерекше мән берілді.

Іссапарының маңызды бағыттарының бірі №2 гимназия болды. Бұл білім ордасы – оқыту сапасы, қауіпсіздік және балалардың жан-жақты дамуы басты орынға қойылған заманауи оқу кеңістігі. Айта кетейік, мектеп ғимараты Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған. Білім ордасы «Eurasian Resources Group» компаниясымен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде бой көтеріп, аталмыш жобаға компания тарапынан шамамен сегіз миллиард теңге көлемінде инвестиция бағытталған. Мектепте автоматтандыру элементтері кеңінен енгізілуде: электронды сабақ кестесі, кіріп-шығуды бақылау жүйелері, оқу үдерісін жүйелеуге арналған цифрлық шешімдер қолданысқа алынған.

Гимназия директоры Вячеслав Журавлевтің айтуынша, бүгінде мұнда 1000-нан астам оқушы білім алуда. Бұрынғы мектеп ғимараты жобалық қуаты 400 орынға шақталғанымен, онда оқушылар саны екі есеге жуық артық болған. Жаңа форматтағы ғимарат бұл мәселені түбегейлі шешіп, балалардың жайлы әрі қауіпсіз ортада білім алуына мүмкіндік беріп отыр.

Қазіргі таңда гимназияда 60 оқу кабинеті жұмыс істейді. Барлық сыныптар интерактивті панельдермен, заманауи жиһазбен және қажетті оқу құрал-жабдықтарымен толық қамтамасыз етілген. Биология, химия және өзге де пәндерге арналған мамандандырылған кабинеттерде зертханалық бөлмелер бар, ондағы құрал-жабдықтар оқу барысында белсенді түрде пайдаланылады.

Мұғалімдердің айтуынша, балалар мектепте уақытын қуана өткізеді.  Бұрынғы жағдаймен салыстырғанда айырмашылық бірден сезіледі.

Ағымдағы оқу жылында мектептің кітапхана қоры едәуір толыққан. Атап айтқанда, қазақстандық қаламгерлердің шығармалары мен балалар мен жасөспірімдерге қызықты заманауи көркем әдебиеттер сатып алынып, оқырман игілігіне ұсынылды.

Нысандарды аралау барысында гимназияның акт залына да айрықша назар аударылды. Кең әрі жарық зал мектепішілік мерекелерді, концерттер мен салтанатты жиындарды еш қиындықсыз өткізуге мүмкіндік береді. Білім ордасы өкілдерінің айтуынша, зал көп баланы бір мезетте сыйдыра алады және қажет болған жағдайда ауқымды шараларға лайықталып, қосымша түрлендіруге де мүмкіндік бар.

Берік Бейсенғалиев «Sarybai» және «Sokol» дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінде де болды. Аталған нысандар бүгінде қаланың спорттық инфрақұрылымының ажырамас бөлігіне айналып, тұрғындар тарапынан кеңінен пайдаланылып отыр. Кешендерде волейбол, баскетбол, футбол, дзюдо, таэквондо, қазақ күресі, жеңіл атлетика және өзге де спорт түрлерімен шұғылдануға барлық жағдай жасалған.

Бұл кешендер бір мезетте бірнеше залда жаттығу өткізуге мүмкіндік береді, соның арқасында спорт секцияларының жұмыс ауқымы едәуір кеңейген.

Қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Марс Шұңғырбаевтың айтуынша, кешендерге сұраныс жоғары: балалар мен жасөспірімдер жаттығуға белсенді қатысады, ал жаттығу кестесі таңғы ерте уақыттан басталады. Мұнда тек спорт секцияларының тәрбиеленушілері ғана емес, ересектер де, соның ішінде қаладағы түрлі мекемелердің қызметкерлері де тұрақты түрде спортпен айналысады.

Нысандарды аралау барысында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін одан әрі дамыту, қосымша құрал-жабдықтармен толықтыру, жылыну мен фитнеспен айналысуға арналған аймақтар ашу мәселелері талқыланды. Бұрын көптеген секциялар спорт алаңдарының жетіспеушілігінен қала бойынша әртүрлі орындардан зал жалдауға мәжбүр болғаны атап өтілді. Қазіргі таңда бұл кешендер спортшылар, жаттықтырушылар және ата-аналар үшін нағыз тартылыс орталығына айналып отыр.

Тағы бір маңызды бағыт – 19-шағынаудандағы тұрғын үй құрылысының барысымен танысу. Бұл «QC Holding» компаниясы салып жатқан «Sarybai» тұрғын үй кешені. Мәжіліс депутатына жеке инвесторларды тарту арқылы бұрын қараусыз қалған үйлерді кезең-кезеңімен қайта қалпына келтіру тәжірибесі таныстырылды. Соңғы екі жыл ішінде Рудный қаласында иесіз тұрған 11 тұрғын үй сатып алынып, күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта пайдалануға берілген.

Сонымен қатар қалада жаңа көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы да қарқын алған. Аталған кезеңде бес жаңа тұрғын үй нысаны бой көтерді. Осылайша қысқа уақыт ішінде Рудныйдың тұрғын үй қорына барлығы 16 үй қосылып, шамамен мыңға жуық отбасы баспанамен қамтылды.

«Sarybai» тұрғын үй кешенінде абаттандырылған аула, автотұрақ, балалар мен ойын алаңдары қарастырылған. Мұндай шешімдер қалалық құрылысқа қойылатын заманауи талаптарға сай келіп, тұрғындар үшін жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Іссапар нәтижесінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиев әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда жүйелі әрі кешенді тәсілдің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, білім беру, спорт және тұрғын үй құрылысының дамуы қала тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер етеді және бұл бағыттар үнемі назарда болуы тиіс.

Сондай-ақ бұл сапардың қала дамуының болашағын ашық форматта талқылауға, қала басшылығымен бірлесе отырып алдағы кезеңге арналған негізгі басымдықтарды айқындауға мүмкіндік бергенін айтты.

 

Жанарай  НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *