«Нұр» мешітіне жаңа наиб имам тағайындалды

«Имамдық – халыққа рухани қызмет ету»: Ақтан Төлтаев жаңа қызметіндегі жоспарларымен бөлісті

Рудный қалалық «Нұр» мешітінің діни қызметі жаңа маманмен толықты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Бас мүфтиінің бұйрығымен, Қостанай облысының бас имамы Бектұрсын Уәлиевтің ұсынысы негізінде Ақтан Төлтаев мешіттің наиб имамы қызметіне тағайындалды.

Ақтан Оңғарбайұлының діни білім жолы 2021–2022 оқу жылында Талғардағы даярлық курсынан басталған. 2022 жылы Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетіне түсіп, биыл «Дінтану» мамандығын тәмамдады. Осылайша бірнеше жыл бойы теориялық білімін тереңдетіп, діни саладағы кәсіби даярлығын қалыптастырды. Оқу барысында жинаған білімін тәжірибемен ұштастыруға да мүмкіндік алған. 2024–2025 жылдары жаз айларында Қостанай қаласындағы «Жайлаубай ата» мешітінде өткен «Имани жаз» сауат ашу курстарында балаларға дәріс берді. Бұл кезең жас маманның ұстаздық қырын шыңдап қана қоймай, жамағатпен жұмыс істеу тәжірибесін қалыптастыруына жол ашты. Енді сол тәжірибені Рудный қаласында жалғастырмақ.

Ақтан Төлтаевтың сөзінше, наиб имам қызметін тек мешіттегі діни рәсімдерді атқарумен шектеуге болмайды.

«Имамдық қызметтің жауапкершілігі өте үлкен. Мешітке келген адамның рухани қажеттілігін өтеу, діни сауалына жауап беру – бізжаңа үшін міндет. Кез келген адамды жақсы қарсы алып, жақсы шығарып салуға тырысамыз. Имамдық – белгілі бір қызметке тағайындалу ғана емес, халықпен бірге болу, оның сұрағына жауап беріп, қызмет ету», – дейді ол.

Бес уақыт намазды өткізу, балалар мен ересектерге дәріс ұйымдастыру, діни сауатын арттыруға көмектесу, мешітке келген азаматтардың сауалына жауап беру және өзге де мешіт жұмыстарына атсалысу – қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Қазірдің өзінде балаларға сабақ өткізу жұмысы басталған. Жұмыс кестесіне байланысты мешітке белгілі бір уақытта келе алмайтын азаматтар да назардан тыс қалмайды. Оларға ыңғайлы уақытқа қарай жеке сабақтар ұйымдастырылып жүр. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу көзделген.

Діни қызметкер үшін білімін үнемі толықтырып отыру да маңызды. Осы мақсатта имамдардың кәсіби және діни білімін жетілдіруге арналған оқу, сынақ және біліктілікті арттыру шаралары тұрақты ұйымдастырылады. Ақтан Төлтаев та жақында Қостанай қаласындағы Аймағамбет мешітінде ҚМДБ тарапынан өткізілген осындай білім жетілдіру жұмысына қатысып, сынақтан өткен. Алдағы мақсаты – жоғары оқу орнында алған білімін халыққа жеткізіп, діни мәселелерді түсіндіру ісіне үлес қосу. Ол үшін мешіт қабырғасында балалармен, жастармен және ересек жамағатпен жұмысты қатар алып жүруді жоспарлап отыр. Рухани саладағы қызметтің салмағы да осында. Жамағаттың сауалына жауап беру, жас ұрпаққа діни білімнің негіздерін түсіндіру, мешіт пен халық арасындағы байланысты нығайту – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жаңа наиб имам осы міндеттерді атқаруға ниетті екенін білдірді. «Нұр» мешітінің ұжымы болса жаңа әріптестерін жылы қарсы алып, рухани саладағы жауапты қызметіне береке мен табыс тіледі.

 

Жанарай

РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген

Даниил САЕНКО