Фариза Тәжібаева: «Төккен терім мен бапкерімнің еңбегін ақтауым керек» деген жалғыз ой алға жетелейді»
Шаршы алаңда шарболаттай шыңдалып, қазақ боксының болашағына айналып келе жатқан жас дарындардың есімі ел ішінде жиі атала бастады. Солардың бірі, әрі бірегейі – Рудный қаласының мақтанышы, халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап жүрген талантты боксшы Фариза Тәжібаева. Жақында ғана Қостанай төрінде өткен айтулы бәсекеде оқ бойы озық шыққан саңлақ қызымыз бен оның бапкері – бокстан спорт шебері Нұрбол Бердімұратовпен сыр шерткен едік.
Фариза Тәжібаеваның спорттық мансабы үлкен нәтижелер мен толассыз еңбекке толы. Бар-жоғы 4-5 жыл ішінде ол өзін тек Қазақстан көлемінде ғана емес, әлемдік деңгейде де мойындатып үлгерді. 2026 жылдың шілде айында Қостанай қаласында ағайынды Орал және Қорған Айтеновтерді еске алуға арналған халықаралық турнирде 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарып, алтын медаль жеңіп алды. Осы жарыста ол Рудный қаласының атынан қатысқан жалғыз спортшы болды. 2025 жылдың маусым айында Иорданияда өткен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Сол жылдың ақпан айында Алматыда ұйымдастырылған беделді халықаралық турнирде жеңімпаз атанып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Бұдан бөлек, спортшы Мәскеуде (Ресей) және Польшада өткен халықаралық жарыстарда да жүлделі орындарға ие болып, ел намысын абыроймен қорғады.
– Фариза, бокс әлеміне қалай келдің? Бұл спортты таңдауыңа не әсер етті?
– Бокс қолғабын кигеніме биыл 4-5 жыл болды. Спорттың бұл түріне мені жетелеп әкелген – асқар тау әкем. Әкемнің қолдауы мен сенімі маған рингте үлкен жігер берді. Содан бері үлкен дайындықпен халықаралық додаларға қатысып келемін.
– Ағайынды Орал мен Қорған Айтеновтердің есіміне арналған халықаралық турнирде алтын медаль жеңіп алдыңыз. Турнирдегі әсеріңізбен бөліссеңіз.
– Бұл турнирге біз бір-екі ай бойы өте тыңғылықты дайындалдық. Шілденің 2-сі мен 6-сы аралығында өткен додаға әлемнің 8 елінен және Қазақстанның түкпір-түкпірінен ең мықты республикалық спортшылар жиналды. Мен рингте екі кездесу өткіздім. Қарсыластарым осал болған жоқ, бірақ тынымсыз еңбектің арқасында жеңіске жеттім.
– Ринг сыртындағы Фариза қандай? Бокс сенің мінезіңді өзгертті ме?
– Боксқа келгелі өте сабырлы болуды үйрендім. Күнделікті өмірде артық эмоцияға берілмеймін, барлық жігерім мен күшімді тек ринг ішінде ғана көрсетемін. Сонымен қатар спорт маған көптеген жақсы адамдармен араласуға мүмкіндік беріп, өмірлік адал достар сыйлады. Еш өкінбеймін, алдағы уақытта ешқандай жарақатсыз, бұл жолды мақтанышпен жалғастыра беремін.
– Күнделікті жаттығу процесі қалай өтеді? Салмақ қуу, дайындық кезеңдері қиын емес пе?
– Жарыс жоқ кезде біз көбіне физикалық дайындыққа, ауыр жаттығуларға мән береміз. Ал жарыс жақындаған сәтте аптаның барлық күнінде, тіпті дүйсенбі мен сенбіде де күніне екі реттен жаттығамыз. Таңертең бой сергітіп, негізгі күшті кешкі жаттығуға саламыз. Әрине, жарыс алдында психологиялық, моральдық тұрғыдан және салмақты бір қалыпты ұстау кезінде сәл қиындықтар болады. Бірақ «төккен терім мен бапкерімнің еңбегін ақтауым керек» деген жалғыз ой алға жетелейді.
Нұрбол Бердімұратов: «Шаршы алаңда ең бастысы – жүрек пен мінез»
Спортшының әрбір соққысын шыңдап, жеңіске жетелейтін – бапкер. Фаризаның әр жетістігінің артында Қостанай облысы мен Рудный қаласының білікті маманы, бокстан спорт шебері Нұрбол Нұраддинұлының ерен еңбегі жатыр.
– Нұрбол Нұраддинұлы, бапкерлік жолыңыз бен Фаризамен бірлескен жұмысыңыз туралы айтып өтсеңіз?
– Жаттықтырушылық қызметте жүргеніме 6 жылдан асты. Осы уақыт ішінде бірнеше Қазақстан чемпиондарын тәрбиелеп шығардық. Ал Фариза қызымызбен бірге жұмыс істеп келе жатқанымызға 3 жыл болды. Ол – Қазақстан чемпионы, Азия біріншілігінің күміс жүлдегері және Мәскеудегі үлкен турнирде екінші орын алған халықаралық дәрежедегі спортшы. Фаризаның мінезі басқа қыздарға ұқсамайды, өте ерекше. Оның боксқа, жеңіске деген темірдей мінезі, қайсарлығы бар. Сондықтан оны өзіміз «алтын қызым» деп еркелетіп, үлкен үміт күтеміз.
– Шәкірттеріңізді жаттықтыруда қандай әдіс-тәсілдерге жүгінесіз? Сақтанатын басты қағидаңыз қандай?
– Менің ұстанымым – әр оқушыға жеке тұлға ретінде қарау. Барлығына бірдей шаблонды көзқарас қолдануға болмайды. Әр шәкірттің бойындағы жақсы қырларын байқап, оның ерекшелігіне қарай жеке стиль таңдаймыз. Мен көбінесе әмбебап боксты құп көремін. Тек алға барып төбелесе беру емес, рингте сауатты қимылдап, артқа шегініп те, алға ұмтылып та жұмыс істеуді үйретемін. Бокста ең бастысы – жүрек керек. Жаттығуда жақсы көрінгенімен, рингке шыққанда сынып кететін балалар болады. Біз ең алдымен баланың мінезіне, жігеріне қараймыз. Егер бойында қайсарлығы мен «ұрам, жеңемін» деген намысы болса, ол бала алысқа шабады.
Фариза үшін алдағы ең маңызды дода – 2026 жылдың қараша айында өтетін Қазақстан чемпионаты. Бұл жарыс спортшының алдағы халықаралық бәсекелердегі жолын айқындайтын шешуші кезең болмақ. Сондықтан оның басты мақсаты – ел чемпионатында жеңіске жетіп, ұлттық құрама сапына ену.
Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО