Рудный емханалары – көшбасшылар қатарында

Елімізде денсаулық сақтау саласын жаңғырту, медициналық қызмет сапасын арттыру — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Жолдауында алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін күшейту үшін батыл реформалар қажет екенін атап өткен болатын. Осы міндеттерді іске асыру аясында республика көлемінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдар арасында байқау өткізілді.

Аталған байқау 1 тамыз бен 30 қараша аралығында Қазақстанның барлық өңірлерінде өтті. Ұйымдастырушы  — Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалдары. Конкурстың басты мақсаты — емханалардың жұмыс сапасын кешенді бағалау, үздік тәжірибелерді анықтау және медициналық ұйымдарды халыққа көрсетілетін қызметті одан әрі жақсартуға ынталандыру.

Емханалар бірқатар маңызды көрсеткіштер бойынша бағаланды. Олардың қатарында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесімен қамтылған тұрғындар үлесінің артуы, пациенттердің шағымдарының азаюы, тіркелген халық арасында жүргізілген сауалнамалардың нәтижелері, динамикалық бақылауда тұрған науқастар арасында шұғыл ауруханаға жатқызу деңгейінің төмендеуі, сондай-ақ МӘМС-тің қағидаттары мен артықшылықтарын бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы кеңінен түсіндіру жұмыстары бар.

Конкурс қорытындысы бойынша Рудный қаласының медициналық ұйымдары жоғары нәтиже көрсетіп, өңір абыройын асқақтатты. І орынды 1999 жылдан бері жұмыс атқарып келе жатқан «Рудный қалалық емханасы» иеленді. Бүгінде емхана 107 171 тұрғынға, оның ішінде Перцев кентінің 420 тұрғынына алғашқы және консультативтік-диагностикалық медициналық көмек көрсетеді.

Сонымен қатар, ІІІ орынға «Рудный қаласының №2 емханасы» ЖШС лайық деп танылды. Бұл — Рудный қаласының алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласындағы жүйелі жұмысының, кәсіби ұжымдар еңбегінің және пациентке бағытталған қызметтің айқын дәлелі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау тек жеңімпаздарды анықтаумен шектелмейді. Оның негізгі мақсаты — медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған кешенді шараларды енгізуге серпін беру, МӘМС жүйесімен қамтуды кеңейту, пациенттерге қолдау көрсету қызметтерінің жұмысын жетілдіру, сондай-ақ поликлиникаларға деген халық сенімін нығайту. Мұндай бастамалар дәрігер мен пациент арасындағы өзара байланысты күшейтіп, медициналық көмектің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Айта кету керек, 2026 жылдан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде өзгерістер күшіне енеді. Олар жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және халықты медициналық қызметпен барынша қамтуға бағытталған. Осы тұрғыдан алғанда, байқау жаңа талаптар жағдайында емханалар жұмысының сапалық бағдарын айқындайтын маңызды алаң болып отыр.

 

Гүлім МҰРАТ,

сурет Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *