Шағын мемлекеттің іргетасы

Имам отбасы институты мен әйел мәртебесі жайлы

«Үйлену оңай, үй болу қиын». Бүгінгі құбылмалы, құндылықтар құлдыраған алмағайып заманда осы бір аталы сөздің салмағы тіпті ауырлай түскендей. Қоғамның тамыршысы да, тірегі де – отбасы. Ал сол шағын мемлекеттің іргесін қалай бекітеміз?Некенің киесі қайда? Осы және өзге де өзекті сұрақтардың жауабын білу үшін Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Серік Рахыммен сұхбаттасқан едік.

–Ислам дінінде жалпы отбасы құндылығына қалай көңіл бөлінген? Бұл ұғымның астарында не жатыр?

– Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын. Дініміз Ислам адамзатты ізгілікке, бірлікке, ынтымаққа шақырады және отбасын құруға үндейді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өсиеттерінде: «Үйленіңдер, көбейіңдер, ақыретте мен сендердің көптіктеріңмен мақтанамын» дейді. Немесе: «Неке – менің сүннетім, кімде-кім менің сүннетімнен бас тартса, ол менен емес» деп қатты ескерткен. Сондықтан қазір үйленуші жастар көп, мешітімізге келіп неке қидыртады.

Сол неке қидыртар сәтте біз өз тарапымыздан жастарға отбасы құндылықтарын, ерлі-зайыптылардың міндеттерін, дін мен дәстүрді ұштастыра отырып насихат айтып жатқан жағдайымыз бар. Әрине, жалпы отбасы ұғымы – бір шағын мемлекет іспеттес. Ердің де, әйелдің де өзіндік міндеті, жауапкершілігі мен хақысы бар. Өйткені қоғамда үйленіп, оны ашық жариялағаннан кейін сіздер бірге ғұмыр кешесіздер. Діни тұрғыдан да, заманға сай да бір-біріне үйлесімділігі мен төзімділігін дәстүрге сай айтып отырамыз. Әрине, кейде жастар «көне дәстүрлерді неге айта бересіздер?» деп жатады. Жоқ, біз айтып отырамыз. Қазір даму үстіндеміз.

Дін не айтады? Ердің міндеті – отбасын бағу, асырау, қорғау, әйеліне қол көтермеу, жаман сөзбен балағаттамау, көпшіліктің алдында абыройын төкпеу. Бұл – ер азаматтың әйелінің алдындағы негізгі міндеті. Қазір көптеген ер азаматтарымыз нәпақасын молайтамын деп вахтаға, Ресейге, батыс өңірлерге айлап кетеді. Оның барлығы – отбасын бағу, адал ризық табу жолындағы әрекет.

Алайда, бас имам тізіп берген ер азаматтың осы бір қасиетті міндеттері бүгінде қағаз жүзінде ғана қалып бара жатқандай. Қоғамдық індетке айналған отбасылық зорлық-зомбылықтың салдарынан қаншама әйел заты өз шаңырағының астында қорлық көріп, тіпті жақындарының қатыгездігінен мезгілсіз көз жұмуда. Нәпсіге еріп, әлсізге әлімжеттік жасау – ерліктің емес, ессіздіктің белгісі. Ислам шариғатында әйел баласына қол көтеруге, оның тән жарақаты былай тұрсын, жан жарақатын салуға қатаң тыйым салынған. Қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде әйелге зиян тигізудің үлкен күнә екені, әрбір жасалған зұлымдық пен озбырылық ақыретте ауыр азапқа алып келіп, адамды тозақ отына күйдіретіні анық ескертілген. Әйел – ең алдымен Алланың ер азаматқа берген нәзік аманаты. Ал аманатқа қиянат жасағанның орны – тозақ.

Бас имам Серік Рахым сөзін ары қарай былайша сабақтады:

– Ал енді әйел затының міндеті не деген кезде… Құранда, жалпы Ислам дінінде әйел затының орны ерекше, бөлек әрі өте жоғары қойылған. Қасиетті Құран Кәрімде «Ниса» (Әйелдер) деп аталатын тұтас бір сүре бар. Екінші жағынан, Иса пайғамбарымыздың анасы Мариям анамыздың атымен де арнайы сүре аталған. Бұл – Исламның әйел затына берген биік бағасы.

Айтып кететін тағы бір нәрсе – киім үлгісі. Күн ыстықта ашық-шашық, қысқа киініп жатады. Біз айтамыз: әйел адам ұятты жерін, тәнін жауып жүруі керек. Қазақ халқы «Есті әйел етекті келеді» деп босқа айтпаған. Ұзын киініп, ашық-шашық жүрмеуді міндеттеген.

Сондықтан осы жағдайлардың барлығын ескере отырып, жақсы әрі үлгілі отбасы болу үшін екі тарап та бір-бірін жан-жақты түсініп, құрметтеп, жауапкершілікті терең сезінуі тиіс. Сонымен қатар Исламда әйел ананың орны қашанда жоғары екенін ұмытпаған жөн. Осылайша өзара сыйластық орнағанда ғана отбасы үлгілі де берік болады деп сенеміз.

Ислам шариғатында шаңырақтың беріктігі мен ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы қашанда алдыңғы орынға қойылған. Осы орайда Қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 187-аятында Жаратушы Ие ер мен әйелдің байланысын: «…Олар (әйелдеріңіз) – сіздер үшін киім, сіздер де – олар үшін киімсіздер…» деп ерекше пәлсапамен сипаттайды. Киім адамды сыртқы суық пен ыстықтан қорғап, денедегі кемшілігін жасыратыны әрі оған сән беретіні сияқты, ер мен әйел де бір-біріне пана, сенімді сүйеніш болуы тиіс. Олар бірінен-бірі жоғары не төмен емес, бірін-бірі толықтыратын егіз ұғым. Бас имам атап өткендей, отбасы болудың іргетасы – ер мен әйелдің арасындағы өзара қамқорлық, жауапкершілік пен терең құрметте жатқанын ұғынамыз.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ

суретті түсірген Даниил САЕНКО