Рудныйда кәсіпкерлерге жарнамада қазақ тілін дұрыс қолдану түсіндірілді
Рудный көшелеріндегі дүкендер мен дәмханалардың маңдайшасы, жарнамалық баннерлер, бағыттағыштар, хабарландырулар – қала келбетінің бір бөлігі әрі тұрғындар күн сайын көріп жүрген тілдік ортаның да айнасы. Бір сөздің қате жазылуы немесе мағынасы бұрмаланған аударма кейде жай ғана тілдік қате болып көрінуі мүмкін. Алайда мұндай олқылықтар көбейген сайын қаланың қоғамдық кеңістігіндегі мемлекеттік тілдің қолданысына әсер етеді.
Осы мәселелер Рудныйда өткен «Сыртқы жарнамадағы мемлекеттік тілдің қолданысы» тақырыбындағы дөңгелек үстелде кеңінен талқыланды. Кәсіпкерлерге арналған кездесуді Рудный қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Рудный қаласы әкімдігінің Қалалық тілдерді оқыту орталығы «Тіл – ұлттың жаны» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында, «Саналы ұрпақ 2050» қоғамдық қорының қолдауымен ұйымдастырды.
Жиынға Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының бас маманы Әсемгүл Трумжанова, Рудный қаласының полиция басқармасы, прокуратурасы, қалалық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі өкілдері, сондай-ақ кәсіпкерлер қатысты.
Кездесудің мақсаты – кәсіпкерлерді жазалау емес, сыртқы жарнама мен көрнекі ақпаратты орналастыру кезінде сақталуы тиіс талаптарды түсіндіру, жиі кездесетін қателердің алдын алу және мемлекеттік тілді сауатты қолдануға әдістемелік көмек көрсету.
Рудный қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлбарам Тюлюбаева атап өткендей, бөлімге тіл саясатына қатысты күн сайын бірнеше өтініш түседі. Көбіне мәселе жарнамада мемлекеттік тілдің мүлде болмауына, сөздердің қате жазылуына немесе қазақша мәтіннің мағынасы дұрыс берілмеуіне байланысты туындайды.
Кәсіпкерлердің бір бөлігі қазақ тіліндегі мәтінді дайындау кезінде интернеттегі аударма сервистеріне жүгінеді. Бірақ дайын мәтінді сол күйінде жарнамаға шығару дұрыс емес. Себебі тура аударма сөйлемнің сөзбе-сөз мағынасын бергенімен, оның тілдік қолданысын, контекстін немесе жарнамадағы негізгі ойын дәл жеткізе алмауы мүмкін. Сондықтан мамандар интернет арқылы жасалған аударманы міндетті түрде қайта тексеруді ескертті. Әсіресе жарнама, маңдайша, мәзір, баға көрсеткіші сияқты көпшілік күн сайын көретін мәтіндерге мұқият болған жөн.
«Қазақ тіліндегі мәтіннің болуының өзі жеткіліксіз. Ең маңыздысы – оның сауатты әрі мағынасы дұрыс болуы. Жарнаманың мазмұны аударма барысында бұрмаланбауы керек», – деген ой айтылды жиында.
Кейбір атаулар мен сөздердің тікелей аудармасы бастапқы мағынасын жоғалтып жіберуі де мүмкін. Сондықтан мәтінді сөзбе-сөз аударудан гөрі, оның мазмұны мен қолданыстағы тілдік нормасын ескеру қажет.

Қай тіл бірінші тұруы керек?
«Қазақстандағы тіл туралы заң талаптарына сәйкес, көрнекі ақпарат пен жарнама мемлекеттік тілде орналастырылады, қажет болған жағдайда орыс және басқа тілдерде беріледі. Екі тіл қатар қолданылған жағдайда олардың орналасу тәртібіне де назар аудару керек. Мемлекеттік тілдегі мәтін сол жақта немесе жоғарыда, орыс тіліндегі мәтін оң жақта немесе төменде орналасады. Екі мәтіннің де қаріп өлшемі мен көрнекілігі бірдей болуы тиіс. Бұл талап маңдайшаға ғана қатысты емес. Көрнекі ақпарат ұғымына ұйымның атауы, жұмыс режимі, хабарландырулар, жарнама, баға көрсеткіштері, прейскуранттар, қоғамдық тамақтану орындарындағы мәзір және басқа да тұрғындарға арналған ақпарат кіреді. Яғни дүкеннің есігіндегі жұмыс уақыты, кафенің мәзірі, сауда орнындағы баға көрсеткіші немесе ұйым ішіндегі ақпараттық тақта да тіл талаптарына сәйкес рәсімделуі керек. Тіпті касса түбіртегі де назардан тыс қалмайды. Тұтынушы түбіртекті қай тілде алғысы келетінін таңдауға құқылы. Егер кассалық аппарат қазақ тіліндегі арнайы әріптерді немесе мемлекеттік тілдегі түбіртекті қалыптастыруды қолдамаса, кәсіпкер кассаға қызмет көрсететін мамандар арқылы қажетті баптауларды жасата алады», – деп түсіндірді бөлім басшысы Гүлбарам Тюлюбаева.
Рудныйда бұл бағыттағы жұмыс дөңгелек үстелмен ғана шектеліп отырған жоқ. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен тілдерді оқыту орталығының мамандары бұған дейін де қаладағы түрлі нысандарды аралап, түсіндіру және мониторинг жұмыстарын жүргізіп келген. Мамандар кәсіпкерлерге жарнама мен көрнекі ақпаратты орналастыру кезінде қандай талаптарды сақтау керегін түсіндіреді. Қажет болса, мәтіндегі қателерді көрсетіп, оны түзету жолдарын ұсынады. Бөлім басшысының сөзінше, соңғы бес айда еш бір кәсіпкерді бірден жауапкершілікке тартпаған. Әдетте алдымен мәселе түсіндіріліп, оны түзетуге уақыт беріледі.
Бұл жерде бір маңызды жайт бар. Мәселен, шағын дүкендегі маңдайшаны немесе жарнаманы қысқа мерзімде ауыстыруға болады. Ал үлкен ұйымның бірден барлық маңдайшасын, жапсырмасын немесе ақпараттық материалдарын өзгертуіне көбірек уақыт қажет болуы мүмкін. Сондықтан әр жағдайдың ерекшелігі ескеріледі. Биыл Рудныйда тіл талаптарын бұзған кәсіпкерлерге әкімшілік айыппұл салу жағдайы тіркелмеген. Мониторинг тобының айтуынша, анықталған мәселелер түсіндіру жұмысы арқылы реттеліп отырған. Бұл тәсілдің мәні де осында: түсіндіру, көмектесу, ескерту және бақылау. Тіл туралы заңды сақтау тек жаза қолдану арқылы емес, кәсіпкерге талапты дұрыс орындауға мүмкіндік беру арқылы да қамтамасыз етіледі.
Жиында мемлекеттік тілдің қолданысы сыртқы жарнамамен шектелмейтіні де айтылды. Қызмет көрсету саласында тілге байланысты түсініспеушіліктер кездесіп жатады. Мәселен, қазақ тілінде қызмет алғысы келген тұрғын мен қазақ тілін білмейтін сатушы бір-бірін түсінбей қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда әңгімені бірден дау-жанжалға айналдырмай, мәселені шешудің жолын іздеген жөн. Қызмет көрсетуші қазақ тілінде жауап бере алмаса, ұйымдағы басқа қызметкердің көмегіне жүгінуіне болады. Ең бастысы – тұтынушыны кері қайтармай, оның сұранысын түсінуге және қызмет көрсетуге ұмтылу.
Қалалық тілдерді оқыту орталығы осы мәселені шешуге өз үлесін қосып келеді.
«Қыркүйек айынан бастап қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдері бойынша тегін курстар қайта басталды. Кәсіпкерлер үшін тағы бір мүмкіндік бар. Егер бір ұйымнан он немесе одан да көп адам тіл үйренуге ниет білдірсе, қызметкерлеріміз сол ұйымның жұмыс орнына бара алады. Бір адам ғана жазылғысы келсе де, орталыққа барып, жұмыс кестесіне ыңғайлы оқу уақытын оқытушымен бірге белгілеуге болады», – дейді қалалық тілдерді оқыту орталығының басшысы Жанат Досубаева.
Кәсіпкер қайда жүгінеді?
Кәсіпкерге қазақ тіліндегі жарнамалық мәтінді дайындау қажет болды делік. Немесе дайын аударманың дұрыстығына күмәні бар. Мұндай жағдайда мәтінді бірден баспаға жібермей, Рудный қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мамандарына көрсеткен дұрыс. Мамандар дайын материалдың сауаттылығын, тілдік талаптарға сәйкестігін қарап, қажет болған жағдайда түзетуге бағыт береді. Алайда бұл қызмет барлық жарнамалық материалды кәсіпкердің орнына толық аударып беру дегенді білдірмейді. Негізгі мәтінді дайындау кәсіпкердің өз міндетінде қалады, ал мамандар оның дұрыс рәсімделуіне әдістемелік көмек көрсетеді. Сондай-ақ кәсіпкерлер мен тұрғындарға тіл туралы заң талаптарын өз бетінше қарап шығу ұсынылды. Дөңгелек үстелде қатысушыларға осы талаптар көрсетілген әдістемелік материалдар да таратылды. Тіл талаптарын алдын ала білген кәсіпкер үшін кейін қателікті түзету де, қосымша шығын шығару да азаяды.
Латын қарпіне қатысты да талап бар
Кездесуде жарнамада латын қарпін қолдану мәселесі де сөз болды. Мамандар қазақ тілінің латын графикасына негізделген әліпбиі толық бекітіліп, тиісті тәртібі айқындалмаған жағдайда сыртқы жарнамада өз бетінше латынша нұсқаларды қолдануға асықпау керегін ескертті.
Бұл жерде де басты талап – қолданыстағы нормадан ауытқымау және мәтінді өз қалауынша өзгертіп жазбау.
Бүгінде Рудныйдың қоғамдық кеңістігі өзгеріп, қалаға сырттан келетін адамдар да көбейіп келеді. Көшедегі әрбір маңдайша мен жарнамалық баннер қала туралы алғашқы әсер қалыптастырады. Жарнамадағы қазақша мәтіннің қатесіз болуы кәсіпкердің де, мемлекеттік органның да, тұрғынның да ортақ мүддесіне айналуы тиіс. Өйткені тіл мәдениеті тек мемлекеттік мекемеде немесе мектепте қалыптаспайды. Ол дүкеннің маңдайшасында, кафенің мәзірінде, кассадағы түбіртекте, көшедегі хабарландыруда, қызметкер мен тұтынушының күнделікті әңгімесінде де көрінеді. Сондықтан тіл туралы талаптарды орындауды артық міндет ретінде емес, күнделікті жұмыстың қалыпты бөлігі ретінде қабылдау маңызды.
Ал бұл бағыттағы жұмыс Рудныйда жалғаса береді. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Қалалық тілдерді оқыту орталығы кәсіпкерлерге түсіндіру, мониторинг және әдістемелік көмек көрсету жұмыстарын әрі қарай да жүргізуге ниетті.
Мемлекеттік тілдің қоғамдық ортадағы шынайы орны оның күнделікті өмірде қаншалықты еркін қолданылуынан байқалады. Маңдайшадағы сауатты жазу, тұтынушыға қазақ тілінде қызмет көрсету, ақпаратты түсінікті жеткізу – мұның бәрі тілдік ортаны қалыптастыратын нақты қадамдар. Сондықтан бұл бағыттағы өзгеріс әр кәсіпкердің, әр қызметкердің және әр тұрғынның күнделікті әрекетінен басталады.
Жанарай
НҰРМАХАНБЕТ,
сурет тілдерді оқыту
орталығының мұрағатынан
