Рудный қаласы қысқа дайын: жылу, су және жолдардың жағдайы коммуналдық қызметтер қарауында
Қыс мезгілі қала үшін сынақ кезеңі. Осы кезде тұрғындардың сары уайымы – жылу жүйесінің сенімділігі, таза су мен жолдардың сапасы. Рудный қаласының коммуналдық мәселелер жөніндегі әкім орынбасары Досболсын Жақұпов, «Рудный су арнасы» ЖШС директоры Ғабит Жұбыкенов және «Рахат-2018» ЖШС директоры Сергей Бейферт қалалық БАҚ өкілдерімен өткен брифингте осы маңызды мәселелерге тоқталды.
Қала қысқа дайындықты толық аяқтап, жаңартылған желілер, техникалық құралдар және коммуналдық қызметтердің үйлесімді жұмысы арқылы маусымға кірді.
Қаланың коммуналдық мәселелер жөніндегі әкім орынбасары Досболсын Жақыповтың айтуынша, жылу беру маусымы тұрақты және штаттық режимде өтіп жатыр. Өткен жылы жылу инфрақұрылымын жаңартуға ауқымды жұмыстар жүргізілген. Жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жалпы ұзындығы шамамен 17 километрді құрайтын желілерде жүзеге асырылған. Оның 6,3 километрі магистралдық және кварталдық желілерді қамтыса, қалған шамамен 10 километрі облыстық бюджет есебінен жөнделген.
Жылу желілерінде жүргізілген жөндеу жұмыстары өз нәтижесін беріп отыр. 2023 жылы желілерде 500-ден астам зақымдану тіркелсе, соңғы екі жылда бұл көрсеткіш екі есеге жуық төмендеді. Қазіргі маусымда негізінен квартал ішіндегі желілерде ғана аздап ақаулар байқалады, олар дереу жөнделеді. Осы арқылы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардағы температураның кенет төмендеуі жол берілмейді. Температурлық режим үнемі бақыланып, қала тұрғындары үшін жылулық тұрақтылығы қамтамасыз етілуде.

Қыс келгенде тұрғындардан келетін шағымдарға жедел әрекет ететін авариялық-қалпына келтіру бригадаларының жұмысына ерекше мән беріледі. Орта есеппен ақауды жөндеуге шамамен үш сағат кетсе, ең күрделі жағдайларда төрт сағатқа дейін созылуы мүмкін. Осы арқылы квартал ішіндегі шағын ақаулар болса да, тұрғын үйлерде, ауруханаларда және балалар мекемелерінде жылы ауа сақталып, жайлы температура қамтамасыз етіледі.
Әкім орынбасарының айтуынша, коммуналдық қызметтер қысқа толық дайын: штат толық, қажетті арнайы техника жеткілікті, ал магистральдық желілерде ірі жарылыс немесе зақымдану тіркелген жоқ.
Су тасымалы саласында да ауқымды жұмыстар атқарылды. «Рудненский водоканал» ЖШС директоры Ғабит Жұбыкеновтің хабарлауынша, соңғы екі жылда Қашар су құбырында магистральдық желілердің шамамен 23 километрі жаңартылған. Бұл жұмыстар су жүйесіндегі ақаулар мен су шығынын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді.
Бес жылдық инвестициялық бағдарламаның аясында биыл кәсіпорынға негізгі жөндеу жұмыстарын жүргізу және жабдықтарды жаңарту үшін шамамен 1,1 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат сорғыштарды ауыстыруға, су және кәріз желілерін жөндеуге, сондай-ақ технологиялық жабдықтарды жаңартуға жұмсалды. Жаңа сорғыштар мен жиілік түрлендіргіштерін орнату нәтижесінде электр энергиясын пайдалану шамамен 26 пайызға төмендеді.
Сонымен қатар, жаз айларында насостар ауыстырылып, технологиялық жабдық жаңартылды, квартал ішіндегі желілерде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралар су тасымалының сенімділігін арттырды.
Жаз айларында тұрғындардан судың түсінің өзгеруі туралы шағымдар түсті. «Рудный су арнасы» ЖШС басшылығы бұл жағдайдың себебін түсіндірді: ескі құбырларды кең ауқымда ауыстыру кезінде қабырғалардағы шөгінділер жуылып, судың түсі уақытша өзгереді. Барлық шағымдар дереу қаралады, желілер жуылады, ал судың сапасы тұрақты бақылауда ұсталады.
Биыл сүзгілеу станциясын жөндеуге облыстық бюджеттен 148 миллион теңге бөлінді. Жұмыстар басталғанымен, қаржыландырудың уақытша тоқтатылуына байланысты процес біраз кідірген. Дегенмен, қалаға су жеткізу қауіпсіз түрде жүзеге асырылып жатыр. Су барлық тұтынушыларға, соның ішінде әлеуметтік нысандар мен өнеркәсіп кәсіпорындарына толық көлемде беріледі. Су сынамалары күнделікті алынып, санитарлық қызметтерде бақылаудан өтеді.
Қыс кезеңінде қаладағы көше-жол желісін күтіп ұстау да маңызды. Қаланы тазалау бойынша негізгі мердігер – «Рахат-2018» ЖШС, ол әкімдікпен 2025–2026 жылдарға екіжылдық келісімшарт бойынша жұмыс істейді. Келісімшарт сомасы 4,2 миллиард теңгені құрап, қала инфрақұрылымының толық күтіп ұсталуы қамтылған. Әкімдік мәліметі бойынша, мердігер қысқа толық дайын: оның қарауында 59 бірлік арнайы техника бар, соның ішінде самосвалдар, тракторлар және көп функциялы машиналар бар, штат толық қамтылған.
«Рахат-2018» ЖШС директоры Сергей Бейферттің айтуынша, ең алдымен қар орталық көшелерден, қоғамдық көлік маршруттары және қала дамуына маңызды кәсіпорындарға апаратын жолдардан тазаланады. Содан кейін әлеуметтік нысандарға – мектептер, ауруханалар, перзентханаларға көңіл бөлінеді. Жұмыстар жоспарлы түрде де, тұрғындардың өтініштері бойынша да жүргізіледі.
Қала тұрғындары жолдар мен тротуарларды қардан тазалау қажеттігін тікелей «Рахат-2018» ЖШС-ке 4-54-97 телефоны арқылы немесе iKomek «109» қызметі арқылы хабарлай алады. Барлық өтініштер қабылданып, жедел түрде орындалуда.
Тайғақтан қорғау үшін тұзды-құм қоспасын қолдану қажет. Сергей Бейферттің сөзінше, біздің климатта одан бас тарту мүмкін емес. Суық кезде басқа реагенттер нәтиже бермейді, ал техникалық тұзды-құм қоспасы экологиялық талаптарға сай болып, тайғақпен күрестің ең сенімді жолы болып есептеледі.
Брифинг барысында қыркүйектегі апатты ауа райы да сөз болды. Сол кезде мол қар мен опаған жапырақтардың салдарынан көптеген ағаштар зақымданған еді. «109» қызметі арқылы түскен барлық өтініштер бүгінге дейін қаралып, орындалды. Қаланың көп бөлігі тазартылды, қазіргі уақытта тек жеке жағдайлар бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.
Жалпы, әкімдік пен коммуналдық кәсіпорындардың басшыларының бағалауынша, Рудный қаласы қыс маусымына толық дайын. Жүргізілген жөндеу жұмыстары, инфрақұрылым мен техниканы жаңарту, сондай-ақ барлық қызметтердің үйлесімді жұмысы қала өмірін тұрақты қамтамасыз етуге және туындайтын мәселелерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ