Алпыс бір жылдық махаббат

Рудныйлық Какеновтар отбасының тарихы

Кеншілер қаласында тұрып жатқанына жиырма жылдан асқан, алпыс бір жыл бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, ұрпақ өсіріп отырған қазыналы қариялар – Жақсылық Қәкенов пен Райхан Татиянованың өмір жолы көпке үлгі. Біз, «Рудненский Рабочий» газетінің ұжымы қос бәйтерекпен арнайы сұхбаттасып, олардың ғибратты ғұмырына үңіліп қайттық.

Отағасы Жақсылық Какеновтың өмірбаяны тұтас бір дәуірдің шежіресіндей. Ол 1942 жылдың күзінде Торғай өңірінде, атақты Шақшақ Жәнібек батырдың туған жері – Тосымқұмда дүниеге келген. Әкесі сол жылы мамыр айында қан майданға аттанып, оралмаған. Әке дидарын тек анасының естеліктері мен «әкеңе ұқсайсың» деген туыстардың сөзінен ғана сезініп өскен бала Жақсылық жастайынан еңбекке араласып, білімге құштар болады.

Жангелдин ауданында мектепті, кейін Қостанайда жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, еңбек жолын ұстаздықтан бастайды. 1970 жылы жаңадан Торғай облысы ашылып, орталығы Арқалық қаласы болған тұста, жас маман комсомол комитетінің үгіт-насихат меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Арқалықтағы ширек ғасырлық еңбек жолында мемлекеттік қызметтерде, қалалық комитетте абыройлы еңбек етті. Тоқсаныншы жылдардың ортасында Қостанайға қоныс аударып, 2005 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін Рудный қаласына көшіп келеді.

Құрметті демалысқа шықса да, Жақсылық ақсақалдың қоғамдық өмірден қол үзген кезі жоқ. Рудныйдағы әлеуметтік-гуманитарлық колледжде 70 жасына дейін аудармашы болып жұмыс істеді. Бүгінде ол – қалалық Ардагерлер кеңесінің және Әділдік кеңесінің белсенді мүшесі.

«Үйде төрт қабырғаға қамалып отыра алмаймын. Қаланың сенбіліктеріне, түрлі іс-шараларға тұрақты қатысамын. Жақында №18 мектепке Міржақып Дулатұлының, тағы бір мектепке Абайдың аты берілгенде, музей ашылғанда арнайы шақырып, батамды алды. Тіпті, «Екі ұрпақ жұлдыздары» фестиваліне де қатысып, оқушымен және ветеринар маманмен бірге сахнада ән шырқап, жүлделі орындардан көріндік. Осындай белсенділігім үшін былтыр қала басшылығынан «Рудный қаласының белсендісі» атағын алдым», – дейді ақсақал ағынан жарылып.

Бұл отбасының отау құру тарихы да өзгеше. Райхан Татьянова – 1947 жылы дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласқан ол Амангелді ауданындағы қазақ газетінде машинистка болып жұмыс істеп жүргенде болашақ жарымен танысады.

Жақсылық ақсақал ол күндерді күлімсіреп еске алды:

«Менің апамның жездесі Райханмен бірге жұмыс істейтін. Сыртымнан таныстырып, «осындай жақсы қыз бар» деп құлағыма құя берді. Содан бір күні Біржан деген досым екеуміз Амангелдіге ұшып келдік. Апам қонаққа шақырып, сол кеште Райханмен таныстым. Бар-жоғы үш күн ішінде тіл табысып, алып қаштым. Жолға 13-қаңтарда шығып, үйге 15-қаңтар күні – дәл Райханның туған күнінде келдік. Міне, 1965 жылдың қаңтарынан бері бірге келеміз».

Райхан апай келін болып түскеннен кейін отағасының науқас анасын бір жылға жуық күтіп-бағады. Өкінішке қарай, олардың тұңғыштары өмірге келгеннен кейін екі күн өткен соң Жақсылық атамыздың анасы дүниеден озады. Ал сәби небәрі 4 айлық болғанда, Жақсылық ата әскер қатарына, запастағы офицер ретінде шақыртылады. Жас келін бар ауыртпалықты қайыспай көтеріп, отбасының алтын қазығына айналады. Ол кейін Арқалықтағы медициналық училищеде де бірнеше жыл жемісті еңбек етті.

Бүгінде Какеновтар әулеті үлкен бір бәйтерекке айналған. Өмірге келген бес қыздың төртеуі аман-есен, қазіргі таңда 8 немере мен 5 шөберенің қызығын көріп отыр. Үлкен қыздары 60-қа толған, бір қыздары өз қолдарында тұрады.

Қазіргі жастардың арасында ажырасу жиілеп кеткені жасырын емес. Осы орайда жарты ғасырдан астам уақыт бірге жасаған жұптың жастарға айтар өз ақылы мен ұстанымы бар.

«Отбасын қамтамасыз ету, балаларға үлгі болу – отағасының басты міндеті. Мен ұрпағыма үнемі «мейірімді болыңдар, кішіпейілділікті жоғалтпаңдар, бір-біріңді ренжітпеңдер, кешірімді болыңдар» деп құлақтарына құйып отырамын. Басты қағидамыз – адамгершілік пен мәдениеттілік. Балаларымыз, немере-шөберелеріміз жақсы оқып, біздің тәрбиемізді бойларына сіңіріп өсіп келеді», – дейді олар.

Өз мінезінің тіктеу екенін жасырмаған отағасы жарының сабырына жоғары баға берді: «Менің талабыма Райхандай биязы, мәдениетті, ұстамды, кішіпейіл азаматшаның кездескені – үлкен бақ. Кейде қызып кетіп артық сөз айтып қоятын кездерім болады, бірақ қазір жас ұлғайған соң даусымды көтермеуге, сыйластықты бұзбауға барынша тырысамын».

Ал 79 жастағы Райхан апай болса, алпыс бір жылдық некенің басты құпиясы әйел адамның төзімінде екенін айтады:

«Кез келген отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Бұл кісінің мінезі шамалы тіктеу, мен сабырлымын, шыдамдымын. Алпыс бір жыл отасу оңай емес, соның бәріне төзіп, бір-бірімізді кешіре білгендіктен осы күнге жеттік. Атамыз қоғамдық жұмыстарға жиі барады, мен үйде оның киімін дайындап, күтіп отырамын. Бір-бірімізді қолдау – біздің басты қаруымыз».

Жақсылық Какенов пен Райхан Какенованың өмірі – қарапайымдылық пен ұлылықтың, еңбекқорлық пен шынайы махаббаттың көрінісі. Олардың шаңырағындағы мейірім мен сыйластық бүгінгі буынға, әсіресе жас отбасыларға үлкен өнеге.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО