Рудныйдың гүлденуінің артында кімдердің еңбегі тұр?

Жаз мезгілінде Рудный көшелерін аралаған адам көздің жауын алатын гүлзарлар мен ұқыпты саябақтарды байқамай өтпейді. Алайда осы әдеміліктің артында таңнан кешке дейін тоқтаусыз еңбек ететін ондаған адамның маңдай тері жатыр.

Биыл да «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қаланы көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл іске «Рахат-2018» ЖШС қызметкерлерімен қатар Жастар еңбек жасағының мүшелері де белсенді атсалысып жүр.
Көгалдандырушылардың жұмыс күні таңғы сағат сегізде басталады. Алдымен қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқама өткізіліп, әр қызметкер өзіне бекітілген аумаққа жіберіледі. Бір бригада гүлзарларды күтіп-баптаса, енді бірі саябақтарды, орталық көшелерді немесе әкімшілік ғимараттар маңын ретке келтіреді. Мекемеде жұмысшылар үшін қажетті жағдайдың барлығы қарастырылған. Түскі үзіліс бір сағатқа созылады, ал жұмыс күні кешкі сағат беске дейін жалғасады.

Жыл мезгіліне қарай атқарылатын жұмыс та өзгеріп отырады. Көктемде жылыжайларда өсірілген гүл көшеттері отырғызылып, газондар дайындалады. Жазда суару, арамшөп жұлу, бұталарды қалыпқа келтіру секілді жұмыстар үздіксіз жүргізілсе, қыс айларында қар тазалау мен көктайғақтың алдын алу негізгі міндетке айналады.
«Жұмысқа келген бойда журналға қол қойып, қай көшеде қанша адам жұмыс істейтінін нақтылаймыз. Кезінде басшымыз бәрін өзі үйретті, сол кісіге алғысым шексіз. Суығына да, ыстығына да үйрендік. Жұмыс қиын емес, күн ыстықта гүл отырғызудан қашпаймыз. Қаламыз гүлденіп тұрса, оның несі жаман?» – дейді мекемеде 17 жылдық өтілі бар 4-разрядты жұмысшы Бақытгүл Әбдірова.
Жаз сайын көгалдандыру жұмыстарына Жастар еңбек жасағының сарбаздары қосылады. Қазіргі таңда қаланың бірнеше аумағында жасақтың екінші легі еңбек етуде. Мектеп оқушылары мен студенттерден құралған жастар екі ауысымда жұмыс істейді. Олар тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен гүл отырғызуды, топырақты қопсытуды, арамшөпті дұрыс отауды үйренеді.
Көгалдандыру қызметінің жұмысы гүлзарлармен ғана аяқталмайды. Мамандар құлау қаупі бар ағаштарды кесіп, қауіпті бұтақтарды алып тастайды. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігі үшін маңызды жұмыстардың бірі. Осы бағытта арнайы техникамен жұмыс істейтін мамандар еңбек етеді. Олар бензопила, мотокоса, триммер, бұта кесетін құрылғылар, тракторлар мен су таситын техникаларды пайдаланады. Соның арқасында қаладағы гүлдер уақытылы суарылып, көгалдар күтімнен өтеді, ал жасыл желектердің қауіпсіздігі тұрақты бақылауда болады.
«Төккен еңбекті бағаламайтындар да бар…»
Көгалдандырушыларды алаңдататын мәселенің бірі – тұрғындардың кейбірінің қоғамдық мүлікке ұқыпсыз қарауы.
«Өкінішке қарай, бірнеше ай бойы төккен еңбегімізді бір сәтте жоққа шығаратындар да кездеседі. Тұрғындарға үнемі гүлдерге ұқыпты қарауды сұраймын. Әсіресе балаларға гүлдерді жұлғызбай, таптатпай, күтіп ұстауға шақырамын. Әртүрлі пікір айтылады: бірі «балалар ғой, ұстай берсін» десе, енді бірі еңбегімізді бағалап, алғысын білдіріп жатады», – деп назын айтты Бақытгүл Тұрсынбайқызы.
Әр гүлдің, әр көшеттің артында бірнеше адамның еңбегі жатқанын ұмытпаған жөн. Қаланы көркейту – тек коммуналдық қызметтің міндеті емес. Рудныйдың жасыл, таза әрі жайлы болуы әр тұрғынның мәдениеті мен жауапкершілігіне байланысты. Ал сол көрікті қаланың күн сайын ажарлана түсуі – аптап ыстықта да, жауын-шашында да тынымсыз еңбек етіп жүрген жандардың еңбегінің нәтижесі.
Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ
суретті түсірген Даниил САЕНКО