Түрмесіз түзелу

Алмат Ермеков: «Негізгі міндет – жазалау емес, қоғамға бейімдеу»

Қылмыстық-атқару жүйесінің маңызды тармағының бірі – пробация қызметі. Оның басты мақсаты – жазаға кесілген азаматты қоғамнан оқшауламай-ақ түзеу, қайта тәрбиелеу және әлеуметтік ортаға бейімдеу. Рудный қалалық пробация қызметі бөлімі бастығының міндетін атқарушы, әділет аға лейтенанты Алмат Ермековпен сұхбаттасып, мекеменің негізгі міндеттері мен атқарылып жатқан ауқымды жұмыстары туралы білген едік.

– Бөлімнің негізгі қызметі – қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты пробациялық жазалардың орындалуын қадағалау. Біз сот шешімімен бостандығы шектелген немесе шартты түрде сотталған азаматтармен тікелей жұмыс істейміз. Тікелей міндетімізге сот жүктеген шектеулердің орындалуын бақылау ғана емес, сонымен бірге пробация есебінде тұрған тұлғаларды қоғамдық ортаға бейімдеу енеді. Осы бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, түрлі мемлекеттік орган мен мекемелермен тығыз байланыста қызмет атқарамыз.

Қазіргі таңда есепте қанша азамат бар? Олар пробация бақылауына қалай алынады?

– Бұл санатқа бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға кесілген, қоғамнан оқшауланбаған азаматтар жатады. Сот бекіткен шектеулер мен талаптарды орындауды пробация бөлімінің инспекторлары қадағалайды. Нақты сан құбылып тұрғанымен, қазіргі таңда біздің бөлімнің есебінде жүзден екі жүзге дейін азамат бар.

– Есепте тұрған тұлғаларды күнделікті бақылау қалай жүзеге асырылады?

– Бақылау қылмыстық-атқару кодексінің талаптарына сәйкес жүргізіледі. 2026 жылы жүйеге жаңа серпін берген «Цифрлық пробация» жобасы іске қосылды. Аталған жүйе арқылы пробация есебіндегі азаматтар өздерінің орналасқан жерін растап, қашықтан тіркеуден өте алады. Соның нәтижесінде бақылау жұмыстары жедел жүргізіліп, қызметкерлердің уақытын тиімді пайдалануға жағдай жасалады. Сонымен қатар, сот жүктеген міндеттерді орындауды бақылау мақсатында электрондық бақылау құралдары, оның ішінде электрондық білезіктер қолданылады. Бұл құрылғылар арқылы есептегі адамның жүріп-тұруы мен сот белгілеген шектеулерді сақтау тәртібі нақты уақыт режимінде қадағаланады. Бұдан бөлек, биометриялық сәйкестендіру технологиялары енгізілген. Мобильді қосымша арқылы тіркелу кезінде азаматтың жеке басы бет-әлпетті тану және өзге де цифрлық сәйкестендіру тәсілдері арқылы расталады. Бұл бақылаудың ашықтығы мен сенімділігін қамтамасыз етіп, жүйені бөтен тұлғалардың пайдалануына жол бермейді.

Біздің басты мақсатымыз – заманауи цифрлық шешімдерді тиімді пайдалана отырып, пробациялық бақылаудың сапасын арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу, есепте тұрған азаматтардың жауапкершілігін күшейту және олардың қоғамға табысты бейімделуіне қолдау көрсету.

– Егер есептегі азамат сот талаптарын немесе тәртіпті бұзса, қандай шара қолданылады?

– Арнайы ережелерді, сот жүктеген міндеттерді бұзу жағдайлары кездеседі. Біз әрбір азаматпен жеке жұмыс жүргіземіз. Арасында алкогольдік ішімдікке құмар, тәртіп бұзуға бейім тұлғалар бар. Мұндай жағдайда алдымен ресми ескерту жасалады. Ал талаптар қайталанбалы түрде бұзылса, жиналған материалдар сотқа жолданады. Сот шешімімен бостандығын шектеу жазасы немесе шартты жаза толығымен бостандығынан айыру жазасына алмастырылады. Жыл басынан бері де мұндай талапты бұзып, жазасы ауырлатылған немесе жауапкершілікке тартылған азаматтар болды.

Дегенмен қайталап айтамын: пробация қызметінің басты мақсаты – сотталған азаматты темір торға қамау емес, оны түзеу, қоғамға бейімдеу, жұмыспен қамту, отбасылық және медициналық-әлеуметтік көмек көрсету.

– Есепте тұрғандарға жұмыс табуға немесе медициналық көмек алуға қалай қолдау көрсетесіздер?

– Азаматтарды жұмыспен қамту бағытында арнайы мемлекеттік органдарға, жұмыспен қамту орталықтарына хабарламалар жіберіп, бірлесе әрекет етеміз. Жиналыстар мен кеңестер өткізіледі. Психологиялық көмек көрсету ұйымдарымен де тұрақты байланыс орнатылған. Сонымен бірге азаматтарды қоғамдық ортаға бейімдеу, оларды теріс қылықтардан алыстату үшін түрлі спорттық, мәдени және ақпараттық шаралар ұйымдастырылады. Жақында спорттық шаралардың қатарына жаңа форматтағы «Лазертаг» ойыны да қосылды. Мұндай ұжымдық шаралар сотталған азаматтардың бойында жағымды әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруға көмектеседі.

– Соңғы уақытта есепте тұрғандардың динамикасы қандай? Азаю байқала ма?

– Иә, бұл бағытта оң динамика бар. Профилактикалық жұмыстардың, ішкі істер органдарымен, полиция басқармасымен бірлескен рейдтер мен ресми бұйрықтар аясындағы шаралардың нәтижесінде есепте тұрғандар саны азайып келеді.

Бұдан бөлек, жаңа Конституцияның енгізілуіне байланысты амнистия қолданылуда. Осы заңға сәйкес, есепте тұрған көптеген азаматтың жаза мерзімдері қысқартылды немесе жазадан толықтай босатылды.

Жазаға тартылу – тұлғаның болашағына, жұмысқа орналасуына және қоғамдағы орнына үлкен кері әсерін тигізеді, көптеген қолайсыздық тудырады. Егер азамат қоғамға қарсы теріс қылықтар жасамай, заңды сыйлап жүрсе, ешқандай жауапкершілікке тартылмайды және еркін өмір сүреді. 

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ

суретті түсірген Даниил САЕНКО