Қашар кенті 50 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті
Қашар кенті өзінің жартығасырлық 50 жылдық алтын мерейтойын және кеншілер қауымының төл мерекесі – Металлургтер күнін жоғары деңгейде атап өтті. Мерейлі күнге орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шара кент тұрғындары мен қонақтарына ұмытылмас әсер сыйлап, туған жерге деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін оятты.

Салтанатты шараның ашылуында Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко кент халқын айтулы мерекемен арнайы құттықтап, елді мекенде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен келешек жоспарларға кеңінен тоқталды:
«Соңғы жылдары біз негізгі базалық жұмыстарды атқардық, ең алдымен бұл – инженерлік коммуникациялар. Жылу және сумен қамтамасыз ету жүйелерін ауыстырдық. Бұл жылы кәріздік-тазарту құрылыстарының құрылысын аяқтаймыз. Өткен жылы басты назарды жолдарға бұрдық: кентке кіреберіс жолды да, кент ішіндегі жолдарды да жөндедік. Әрине, бәрін бірден қамту мүмкін емес, бірақ бұл жұмысты толық аяқтауға тырысамыз.
Бұл жылы тұрғын үйлерді қалпына келтіруге кірістік. Бір үйді қалпына келтіріп үлгердік. Жақын арада қазіргі уақытта баспананы үлестірумен айналысып жатқан «Отбасы банк» арқылы 68 отбасы қоныстанады. Тағы екі үйдің – 1-шағынаудандағы 12 және 13-үйлердің құрылыс-жөндеу жұмыстары басталды. Алдағы екі айдың ішінде оларды да аяқтаймыз. Нәтижесінде, жалпы алғанда Қашардың 150-ге жуық отбасы пәтерлі болады. Бұл жоспарлардың толық орындалатынына сенімдіміз, ешқандай күмән жоқ. Келешекте аулаларды абаттандырумен айналысамыз. Бүгінде үйлеріміздің қасбеттерінің сыртқы келбетіне, сондай-ақ автотұрақтар мен балалар алаңқайларының тапшылығына қатысты мәселелер бар. Бұған қанықпыз және бұл бағыттағы жоспарларымызды ары қарай да жүзеге асырамыз.
Бүгін металлургтерге ерекше алғыс айтып, Металлургтер күнімен құттықтағым келеді. «Качары руда» АҚ-тың бүкіл ұжымына ризашылығымды білдіремін. Кенттің іргесін қалаған ізбасарлар мен аға буынның абыройын асқақтатып, жаңа деңгейде қарқынды еңбек етіп келесіздер. Осы сүбелі еңбектеріңіз бен жанқиярлықтарыңыз үшін алғыс айтамын. Қаншалықты ауыр әрі қиын болса да, сіздер әрдайым шыңнан көрінесіздер. Мерекелеріңіз құтты болсын!
Құрметті тұрғындар, сіздерді мерейтоймен құттықтаймын! Денсаулықтарыңыз мықты, аспанымыз ашық, өмірлеріңіз бақытқа толы болсын. Үйлерімізде әрдайым жылулық пен жарық болғай. Ата-аналарымыз бен балаларымыз қуаныш сыйлай берсін. Мерекелеріңізбен!»
Ерен еңбекке лайықты құрмет
Салтанатты жиын барысында кенттің дамуы мен қалыптасуына елеулі үлес қосқан, өз ісінің нағыз шеберлері марапат төрінен көрінді. Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко мен Қашар кентінің әкімі Мадина Раймбекова жергілікті ұйымдардың басшыларына Құрмет грамоталарын табыстаса, кенттің гүлденуіне терін төккен белсенді тұрғындарға арнайы мерейтойлық медальдар бұйырды.

Осындай жоғары марапат иелерінің бірі – №1 Қашар жалпы білім беретін мектебінің директоры Снежана Анацкая. Оған Виктор Ионенконың Құрмет грамотасы салтанатты түрде тапсырылды. Гүл мен марапат грамотасын ұстап, жүрегі жарыла қуанған.
«Қашар кентінің алтын мерейтойы және Металлургтер күні қатар өтті. Өте керемет мереке, толағай құттықтаулар… Көпжылдық, адал еңбегімді бағалап, мадақтама алып отырмын», – дейді Снежана Николаевна.
Сонымен қатар, мерекелік сахнада ерекше бір сәт орын алды. Қашар кентінің әкімі Мадина Раймбекова кенттің 50 жылдық мерейтойына орай Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенкоға мерейтойлық медаль табыстады. Қала басшысы бұл тосынсыйға таңданысын жасыра алмай, ризашылықпен қабыл алды.
«Жүрегімізде бұл мекеннің орны ерекше. Қашардың ең басты құндылығы – оның адамдары. Кентіміздің өркендеуіне және дамуына үлес қосқан барша жанға алғысым шексіз. Құрметті Қашар кентінің тұрғындары мен қонақтары! Сіздерді шын жүректен маңызды даталармен құттықтаймын. Кентімізді 50 жылдық мерейтойымен, мерекесімен куттықтаймын!», – деп құттықтау сөзін жалғастырған кент әкімі Мадина Раймбекова.
Мерейтойлық бағдарлама таңсәріден түн жарымына дейін созылып, кент тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мерекеде жүздері бал-бұл жайнаған тұрғындар да өздерінің қуаныштарын жасырмады. Кенттің өсіп-өркендеуіне куә болып жүрген аға буын өкілдері ақ батасын беріп, жылы лебіздерін білдірді.
Қашар кентінің 66 жастағы тұрғыны Раиса Арыстанова апамыз туған өлкесінің бүгінгі келбетіне сүйсіне қарап, өз ақ тілегін жеткізді:
«Қашарда тұрып жатқаныма 20 жыл болды. Осы аралықта өте көп үй салынып, жастарға арналған жаңа кешендер бой көтеріп, кентіміз көз алдымызда дамып келеді. Алдағы уақытта да кентіміздің өркендей беруін тілеймін!».
Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суретті түсірген автор