Атамекенге оралу

Рудныйға келген қандастарға көші-қон талаптары қандай?

Атамекенге табан тіреген әрбір қандасымыздың ең алғашқы қадамы – ел аумағында заңды түрде тіркелу және тұрақты тұруға рұқсат алу. Қазақстан Республикасының көші-қон саясатында тарихи отанына оралған ағайынның заңдастырылуы ерекше маңызға ие. Рудный қаласына қоныс аударған қандастар ең алдымен қайда жүгінуі керек? Ықтиярхат алу үшін қандай құжаттар жинау қажет және қандай жаңа өзгерістер бар? Бұл туралы Рудный қаласы Полиция басқармасы Көші-қон қызметі бөлімінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Айзат Өмірбековамен сұхбат жүргізіп, әрбір қадамды жіпке тізгендей анықтап алдық.

«2025 жылы Рудный қаласына Ресейден, Түркіменстаннан және Өзбекстаннан 500-ден астам қандас қоныс аударды. Осы отанына оралған бауырларымыздың басым көпшілігі Өзбекстан Республикасынан келіп жатыр», – деді Айзат Мұратқызы.

Алғашқы қадам – 3 күн ішінде тіркелу

Елге келген қандастардың ең алдымен атқаратын шарасы – шекарадан өткен сәттен бастап есепке тұру.

«Тарихи отанына қоныс аударған қандастар шекарадан өткен күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде Рудный қаласы Полиция басқармасы Көші-қон бөліміне барып, шетел азаматының келгені туралы хабарлама жазуы керек. Сондай-ақ бұл процедураны электронды түрде де жасауға болады», – деп түсіндірді Көші-қон қызметі бөлімінің инспекторы.

Осы алғашқы хабарлама берілгеннен кейін ғана келесі заңды кезеңдерге өтуге жол ашылады.

Тұрақты тұруға рұқсат алу үшін құжаттарды дайындау процесі ХҚКО-дан бастау алады.

«Тұрақты тұруға құжаттарды рәсімдеу үшін алдымен Рудный қаласының Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, Тіркеу бөлімінен қажетті құжаттардың толық тізімін алуы қажет. Рудныйда құжаттарды жинамас бұрын олардың көшірмесін жасап, нотариус арқылы куәландыру керек. Сондай-ақ ел аумағында барлық заңды айналымдар үшін ЖСН алу өте маңызды», – дейді полиция аға лейтенанты.

Қандастарға қойылатын ең көп сұрақ тудыратын талаптардың бірі – қаржылық төлем қабілеттілігін растау. Бұл бойынша заңнамалық түзетулер нақты белгіленген:

«Қаңтар айының 30-шы күнінен бастап ықтиярхат алуға келген азаматтар үшін, яғни иммигранттардың алдын ала өткені туралы хабарлама алуы керек. Ал 10-шы сәуірден бастап өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Яғни шетелден көшіп келген қандастарымыз Қазақстан аумағында еңбек мигранты ретінде тұруы қажет. Бір жылға жақындаған уақытта құжаттарын жинай берсе болады. Жанағы иммигранттардың алдын ала өткені туралы хабарлама алуы керек, өтініш-анкета толтыруы керек және де төлем қабілеттілігін растайтын анықтама керек болады. Бұл жерде, яғни әрбір 18 жасқа толған адам өзінің төлем қабілеттілігін көрсетуі тиіс. Ол үшін Қазақстанның әрбір банкіне барып шот ашып, 1 320 АЕК салуы керек және соның анықтамасын тапсыруы тиіс», – дейді маман.

Айзат Өмірбекова қажетті құжаттарды екі санатқа бөліп түсіндірді. Оның айтуынша, алғашқысы – шетелден дайын күйінде әкелінуі тиіс құжаттар, екіншісі – Қазақстан Республикасының аумағында рәсімделетін құжаттар.

Шетелден әкелінетін құжаттар қатарына жеке басын куәландыратын құжат (төлқұжат), сотталмағаны туралы анықтама, кету парағы немесе оған теңестірілген ресми құжат, сондай-ақ ұлтын растайтын анықтама жатады. Ал Қазақстан аумағында рәсімделетін құжаттарға тұрғын үй иесінің тіркеуі және тіркеуге берген келісімі, жарамдылық мерзімі үш ай болатын №028 медициналық анықтама, 3×4 көлеміндегі фотосуреттер, мемлекеттік баж салығының төленгенін растайтын түбіртек, дактилоскопиялық тіркеуден өткені туралы анықтама, 14–18 жас аралығындағы балаларға арналған нотариаттық келісім, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы кез келген банкте шот ашылып, оған 1 320 АЕК көлеміндегі қаражаттың енгізілгенін растайтын банк анықтамасы кіреді.

«Аталған құжаттарды қарау және рәсімдеу мерзімі 45 күнге дейін созылады», – деп толықтырды полицияның аға лейтенанты.

Тұрақты тұруға рұқсат берілгеннен кейін соңғы кезең – тікелей куәлік (ықтиярхат) алу Қазақстан Республикасының аумағында тұруға рұқсатты алғаннан кейін тұрғын үй иесінің қатысуымен тұрақты тұруға тіркелу қажет және ықтиярхат алуға құжат тапсыру керек. Тапсырылған құжаттың мерзімі 15 жұмыс күні ішінде дайын болады. Егер де жеделдетілген түрін таңдаған жағдайда, қысқа жұмыс күнінде дайын болады. Ал ықтиярхаттың мерзімі азаматтың шетелдік төлқұжатының (паспортының) қолданылу мерзімімен беріледі», – деп түсіндірді спикер.

Тарихи отанына оралған ағайындар үшін елде заңды түрде тіркелу – барлық әлеуметтік, медициналық және құқықтық мүмкіндіктерге жол ашатын негізгі қадам. Айзат Мұратқызы атап өткендей, барлық құжаттарды бекітілген уақытында тапсырып, заң талаптарын дәлме-дәл орындау – әрбір қандасымыздың бейбіт әрі заңды өмір сүруінің кепілі.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ