Ашық терезе – балалар үшін жасырын қауіп
Жаз мезгілі дәстүрлі түрде кішкентай балалар үшін қауіп-қатер жоғары кезең болып саналады. Ашық тұрған терезелер, масадан қорғайтын торлар, ыстық ауа райы және ересектердің тұрақты бақылауының болмауы жиі жазатайым оқиғаларға әкеп соқтырады. Сол себепті төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жыл сайын алдын алу шараларын күшейтіп, ата-аналарға қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттілігін еске салып отырады.
Рудный қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының аға анықтаушысы, азаматтық қорғау лейтенанты Ержан Тұралиннің айтуынша, 2025 жылы қалада балалардың терезеден құлауына қатысты алты оқиға тіркелген. Олардың екеуі қайғылы жағдаймен аяқталды. Зардап шеккендердің басым бөлігі — екі мен бес жас аралығындағы бүлдіршіндер.
Биыл Рудныйда мұндай бір оқиға тіркелді. iagorod.kz ақпараттық порталының хабарлауынша, оқиға 30 шілдеде болған: 1,7 жастағы сәби үшінші қабаттың терезесінен құлап кеткен. Жарақат алған бүлдіршін Рудный қалалық ауруханасының жансақтау бөлімшесіне жеткізілді. Жағдайы тұрақталғаннан кейін ол облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды. Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаменті оқиғаны растап, құлаудың кешкі уақытта болғанын және сол кезде баланың қараусыз қалғанын хабарлады.
Тәжірибе көрсеткендей, қайғылы оқиға санаулы секундтар ішінде орын алуы мүмкін. Бала орындықты немесе басқа жиһазды терезеге жақындатып жылжытып, терезе алдына шығуы және оны сенімді тірек деп қате ойлап, жәндіктерден қорғайтын торға сүйенуі мүмкін. Алайда, бұл тор тек жәндіктердің кіруіне жол бермеуге арналғандықтан, тіпті кішкентай баланың салмағын да көтере алмайды.
Құтқарушылар ата-аналарға бірнеше қарапайым ережені еске салады. Кішкентай балаларды терезесі ашық бөлмеде қараусыз қалдырмаңыз. Баланың терезеге өрмелеп шығуына жол бермеу үшін жиһазды терезе алдынан алысырақ жылжытып қойыңыз. Терезені тек ересек адам ғана аша алатындай етіп, арнайы бекіткіштер орнатыңыз.
Төтенше жағдайлар департаменті қала әкімшілігімен бірлесе отырып және демеушілердің қолдауымен терезеге арналған шамамен 500 арнайы бекіткіш сатып алу мәселесін шешуде. Оларды әлеуметтік жағынан осал топтардың, ең алдымен көп балалы және аз қамтылған отбасылардың үйлеріне тегін орнату жоспарлануда.
Алдын алу жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері үйлерді аралап, әлеуметтік осал топтарға жататын отбасыларға барады, ақпараттық парақшалар таратады және түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, қауіпсіздік шараларына қатысты ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да үнемі таратылып отырады.
Төтенше жағдайлар қызметі мұндай қайғылы оқиғалардың басым бөлігін алдын алуға болатынын еске салады. Балаларды қараусыз қалдырмау, терезеге қауіпсіздік құрылғыларын орнату және масадан қорғайтын тор ешқашан ересек адамның тұрақты бақылауының орнын баса алмайтынын есте сақтау жеткілікті.
Снежанна АЖҒУЖИЕВА,
сурет ғаламтор желісінен алынған