«Өмір еңбегімен өріледі»

Рудныйдың құрметті тұрғыны Жаңбыршы Тілеуғабылов пен оның жары Данагүл Жанахметқызының ғибратты сыр-сұхбаты

Жаңбыршы Тілеуғабылов – Рудный қаласының құрметті тұрғыны, мемлекеттік қызмет пен педагогикалық еңбек ардагері, Рудный қалалық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы. Жары Данагүл Жанахметқызымен бірге отбасылық құндылықтар, ұрпақ тәрбиесі мен еңбек жолдары туралы сыр бөлісті.

Сұхбат барысында кейіпкерлер өздерінің өмір жолдары, атқарған қызметтері және отбасылық серіктестік пен бала тәрбиесі төңірегіндегі ойларын ортаға салды.

– Қазір қандай қызметтермен айналысып жатырсыздар? Осыған дейінгі жұмыс және еңбек жолдарыңыз туралы таныстырып өтсеңіздер.

– Мен 1953 жылы 18 сәуірде Торғай мен Ұлытау өңірлерінің ортасындағы Ұлы Жыланшық деген жерде дүниеге келгем. Өскен мекенім – Наурызым ауданындағы Солы ауылы, ескі Наурызым төңірегі. Сонымен қатар бастауыш мектепті де сонда бітірдім. Кейін совхоз орталығына келіп, 10-сыныпты қазақ тілінде аяқтадым. Одан кейін Қостанай ауылшаруашылық техникумының ветеринария мамандығына түсіп, оны аяқтаған соң туған ауылыма оралып, біраз уақыт жұмыс істедім. Сол аралықта комсомол мектебінен өттім, бұл мектепті екі рет өткердім. Белсенді түрде қоғамдық жұмыстар атқардым. Ол кезде бұл ұйымдағы қызмет 28 жасқа дейін шектелетін. Артынан комсомол комитетін басқаруды жалғастыру жөнінде ұсыныстар түскенімен, мен өз мамандығым бойынша қызмет етуге көштім.

Наурызымнан 1980 жылдары Әулиекөл ауданына қоныс аудардық. Онда Сұлукөл асылтұқымды қой заводы деген үлкен совхоз бар еді, сол жерде біраз жылдар бойы еңбек еттім. Ол кезеңде білім деңгейіңе, дәрежеңе, өз-өзіңді жұмыста және отбасында ұстау мәдениетіңе Партия комитеті тарапынан баға берілетін. Мен Партия мүшесі болдым, содан кейін сатылай өсіп, директор, ауыл әкімі, ауылшаруашылық басқармасының басшысы қызметтерін атқардым. Рудный қаласында 7 жыл бойы ауылшаруашылық басқармасында еңбек еттім, кейін Наурызым ауданында қызметімді жалғастырдым.

Зейнетке шығуға 2 жыл қалғанда, 2016 жылы Наурызымда Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдігі ашылып, сонда қызметке шақырылдым. Зейнетке дейін сол ұйымда жұмыс істедім. Кейін 2 жылдай дала суару саласында қоғамдық жұмыстармен айналыстым. Өлкетанушы ретінде Наурызым өңірін зерттеп, қазақтың мәдени құндылықтарын салыстыра отырып, ұмытылған елді мекендердің атауларын тізімдеп, қасиетті орындар мен әулиелердің басына барып, «Сакральные места» атты фотодеректермен негізделген ауқымды жазбаша жұмыс әзірледім.

2018 жылы Рудный қаласына оралдық. Қазіргі таңда зейнеткерміз, дегенмен қоғамдық істерден шеттеген жоқпыз. Келген бойда әкімдікте бірге істеген әріптестер шақырып, Ардагерлер бюросының мүшелігіне ендім. 2023 жылдан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан ашылған Рудный қалалық Ақсақалдар кеңесін басқарып келемін. Зейнетте болсақ та, қоғамдық шараларға белсене қатысамыз.

Жары Данагүл Жанахметқызы болса, бұрынғы Торғай облысы, Жангелді ауданындағы қазіргі Ақшығанақ ауылында 1964 жылы 4 қаңтарда шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Ұлы Отан соғысының ардагері, 35 жыл жүргізуші болып еңбек етсе, анасы үй шаруасымен айналысқан.

– Отбасында 6 ағайындымыз: 2 ағам, 2 апам және менен кейін бір сіңілім бар. Әкеміз ерте өмірден өткенімен, қазір алтауымыз да аман-есен, өзара қарым-қатынасымызды үзбейміз. Рудныйда жалғыз өзім тұрамын, бауырларым Астана мен Арқалық қалаларында орналасқан. Мамандығым бойынша сауда саласының маманымын, Кооперативтік училищені бітіргенмін. Кеңес үкіметі кезінде бірнеше жыл сауда саласында қызмет еттім. Кейін нарықтық кезеңде жеке саудамен айналыстым. Соңғы 10 жылда денсаулық жағдайыма байланысты жұмысымды тоқтаттым, зейнетке шыққаныма 2 жыл болды, – деп өмірін баяндады Данагүл Жанахметқызы.

– Отбасын құру және бірге тұру тәжірибелеріңіз, сондай-ақ шаңырақтағы өзара қарым-қатынас пен сыйластық қағидаттары туралы айтып берсеңіздер.

– Шаңырақта балаларымыз өсіп, жоғары білім алып, өз жолдарын тапты. Өкінішке қарай, үлкен ұлымыз пандемия кезінде ауырып, өмірден өтті. Қазір Әсет, Қанат, Мұрат, Жадыра есімді балаларымыз Қостанай қаласында тұрады.

Данагүлмен отбасын құрып, бірге өмір сүріп жатқанымызға 20 жыл болды. Данагүлдің де 3 қызы мен 1 ұлы бар. Екі жақтың да балаларына бірдей ата-ана болып, бірге өмір сүріп келеміз.

– Отағасы өзінің мінезімен де, ақынжанды, шығармашылық қырымен дәректелген азамат. Оған қолайлы жағдай жасап, түсіністік таныту мен үшін маңызды. Арамызда 11 жас айырмашылық болғанымен, өзара тез тіл табыстық. Жұбайым менің де 4 балама әке, 10 немереме ата болып отыр.

Сонымен қатар, мен гүл өсіргенді ұнатамын. Бұл үйге көшкенде де ең бірінші болып гүл әкелдім. Гүл күтімі мен отбасылық күтімнің арасында ұқсастық бар: уақытында тыңайтқыш беріп, суарып, сарғайған жапырағының себебін анықтайтыным сияқты, отбасында да балалардың көңіл-күйіне, жағдайына жіті көңіл бөліп отыру қажет. Отбасылық қарым-қатынас екіжақты зейін мен сыйластыққа негізделеді.

Қадірлі оқырман! Отбасы институтын құлдыратпай, шаңырақ астындағы махаббат пен өзара құрметті сақтау – мақаламыздың өзекті межесі. Данагүл анамыз атап өткендей, үйде баппен өсірілетін нәзік гүлдер сияқты, отбасылық жылылық та ұдайы қамқорлықты, төзімділік пен терең түсіністікті қажет етеді.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО