Тең мүмкіндіктер мекені

Рудныйда инклюзивті қоғамды қалыптастыру қалай жүзеге асуда?

Мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоғамның барлық саласына толыққанды кіріктіру, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету. Рудный қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мемлекеттік мекемесінің мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету секторының меңгерушісі Айнура Хусаиновамен сұхбаттасып, қалада атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен алдағы міндеттер жайлы егжей-тегжейлі білген едік.

Елімізде мүгедектігі бар тұлғаларды құқықтық әрі әлеуметтік жағынан қорғау экономикалық, заңнамалық және ұйымдастырушылық шаралар жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл бастамалар азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға, әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етуге бағытталған.

2025 жылдан бастап Рудный қаласында білім беру, медицина, әлеуметтік қорғау және еңбек нарығының қолжетімділігін арттыруды көздейтін Инклюзивті саясат тұжырымдамасы табысты жүзеге асырылып келеді.

– Рудныйда 4 400 мүгедектігі бар азамат тұрады, олардың 573-і – балалар. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтар қажетті көмек пен кеңес алу үшін қаладағы бірқатар әлеуметтік мекемелерге жүгіне алады. Атап айтқанда, Рудный қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен Мансап орталығы Пионерская көшесі, 21-үйде орналасқан. «Жанұя» отбасын қолдау және белсенді ұзақ өмір сүру орталығы Горняков көшесі, 74-үйде қызмет көрсетеді. Ал қалалық әлеуметтік қызметтерді көрсететін аумақтық орталық Строительная көшесі, 23-үйде орналасса, Өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығы 8 Март көшесі, 50А-үй мекенжайында жұмыс істейді. Осы мекемелердің өзара жүйелі әрекеттестігі әлеуметтік көмектің кешенді әрі тиімді көрсетілуін қамтамасыз етіп отыр, – дейді Айнура Серікқызы.

«Келешек» партиялық жобасы аясында 2021–2026 жылдар аралығында ғимараттар мен құрылыстарды бейімдеу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қоғамдық бақылаудың мониторингтік топтары нысан иелерімен тығыз байланыста әрекет етуде.

– Жалпы жоспарға сәйкес, 2027 жылға дейін қаладағы 180 әлеуметтік және қоғамдық нысанды мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бейімдеу көзделген. Қазіргі уақытта олардың 123-і толықтай бейімделіп, қолжетімді орта талаптарына сәйкестендірілген. Ал биыл әлеуметтік инфрақұрылымның тағы 29 нысанын бейімдеу жоспарланып отыр, – деп мәлімет берді маман.

Рудныйлықтар үшін «Инватакси» қызметінің маңызы ерекше. Бұл қызмет Оңалтудың жеке бағдарламасына (ОЖБ) сәйкес жеке көмекшіге, арнайы жүріп-тұру құралдарына мұқтаж жандарға, сондай-ақ жүйке жүйесінің ауыр ауытқулары бар балалар мен ересектерге ұсынылады. Қалада бұл қызметті пайдалануға 1 100-ден астам азаматтың құқығы бар. Жыл сайын 19 000-нан астам өтінім орындалады, бұл сұраныстың өте жоғары екенін көрсетеді. Сонымен қатар, Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жыл сайын 1 500-ден астам тұлға техникалық оңалту құралдарымен (протездік-ортопедиялық, тифлотехникалық, сурдотехникалық, міндетті гигиеналық және арнаулы жүріп-тұру құралдары) қамтамасыз етілсе, 1 600 азамат арнаулы әлеуметтік қызметтерді алады. Қазіргі уақытта қалада осындай қызмет көрсететін 5 арнаулы орталық жұмыс істейді.

Инклюзивті мәдениетті дамыту мақсатында шаһарда ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, тақырыптық көрмелер, бос орындар жәрмеңкелері және «Мүмкіндік» акциясы сияқты іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Сонымен қатар, қаламыздағы «Алые паруса» халық шығармашылығы үйінде, «Орбита» мәдениет және демалыс орталығында, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінде түрлі фестивальдер, кинокөрсетілімдер, қолөнер бұйымдарының жәрмеңкелері өткізіліп тұрады. «Рудный қалалық ерікті мүгедектер қоғамы» қоғамдық қозғалысының ұйытқы болуымен тамыз бен қазан айлары аралығында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында ірі спорттық-бұқаралық жарыстар өткізу жоспарланған. Тұрғындар алдағы іс-шаралар туралы ақпаратты аталған мекемелердің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан біле алады.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО