Рудныйдағы мүгедектігі бар азаматтардың еңбегі, тағдыры және қоғамға қосып жатқан нақты үлесі жайында
Қоғамның өркениеттілігі ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға көрсетілетін қолдаумен өлшенеді. Ең бастысы – оларға әлеуметтік көмек көрсетіп, еңбек етуіне, өз мүмкіндігін жүзеге асыруына жағдай жасау. Осы бағытта жұмыс істеп келе жатқан ұйымдардың бірі – «Рудный қалалық мүгедектер ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігі. Мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтар еңбек етіп, қоғам өміріне белсене араласып келеді.
Бекзат Жүнісбековтің еңбек жолы талай сынақтан өткен. Ол 1986 жылы Чернобыль атом электр станциясындағы апат салдарын жою жұмыстарына қатысқан. Радиацияның әсерінен денсаулығына зиян келіп, 1991 жылы мүгедектік тобы белгіленген.
– 2013 жылы Өзбекстан Республикасынан тарихи Отанына қоныс аударып, араға бір жыл салып «Рудный қалалық мүгедектер ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігіне жұмысқа орналастым. Содан бері дәнекерлеуші болып еңбек етіп келемін. Жалпы еңбек өтілім 30 жылдан асады. Өзбекстандағы колледжде білім алып, металл конструкцияларын құрастыру мен монтаждау ісінде мол тәжірибе жинадым. Бүгінде сол тәжірибені туған елімде пайдаланып жүрмін, – дейді маман.
Қазір ол өндірістік тапсырыстарды орындаумен қатар қаланы абаттандыру жұмыстарына қатысады. Соңғы уақытта Қашар кентіндегі нысандарда еңбек етіп, балалар ойын алаңдарын жөндеуге, бүлінген темір құрылымдарды қалпына келтіруге атсалысып жүр.
– Жұмыс маусымға қарай өзгеріп отырады. Жазда құрылыс және жөндеу, абаттандыру жұмыстары атқарылса, қыс мезгілінде тротуарлар мен жолдарды, қоғамдық орындарды қардан тазалау жұмыстарына шығамыз.
Жұмыс күні таңғы тоғызда басталады. Арнайы жұмыс киіміміз бар, қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Дәнекерлеу аппараты, электродтар, бұрыштық тегістеу машинасы секілді құралдар жұмыс барысында қолданылады. Әр күн еңбек қауіпсіздігі бойынша нұсқаулықтан басталады. Бірлестікте жиырмаға жуық адам жұмыс істейміз. Әріптестерімнің арасында арбамен қозғалатын азаматтар да бар. Мұнда әр қызметкердің денсаулық жағдайы ескеріліп, шамасына қарай жұмыс жүктеледі. Демалуға арналған арнайы орындар да қарастырылған. Жалпы айтқанда, жағдай жасалған, – деп алғысын білдірді Бекзат Жүнісбеков.
Бірлестіктің тыныс-тіршілігінде асхананың да орны ерекше. Мұнда бес жылдан бері наубайшы болып еңбек етіп келе жатқан Гүлзира Төлепованың жалпы еңбек өтілі 15 жылды құрайды. Ол бұл мамандықты арнайы оқу орнында емес, тәжірибе арқылы меңгеріп, кәсіби шеберлігін шыңдаған.

– Жұмыс күніміз ерте басталады. Ең алдымен қамыр ашытып, түрлі салмалар дайындаймыз. Кейін бәліш, самса, пицца секілді өнімдер пісіреміз, – дейді наубайшы.
Асхана ұжымы келушілерге күн сайын жаңа дайындалған тағам ұсынуға мән береді. Өнімдердің жарамдылық мерзімі тұрақты бақылауда болады. Барлық азық-түлік санитарлық талаптарға сай тоңазытқыштарда сақталады. Тағамдар қалдық қалдырмау қағидатын негізге ала отырып, келушілер санына қарай әзірленеді. Мұнда санитарлық талаптардың сақталуына ерекше көңіл бөлінеді. Қызметкерлер уақытылы медициналық тексеруден өтіп, санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудан тұрақты түрде өтеді. Елу адамға арналған асхана залы кондиционермен және қажетті тұрмыстық техникамен жабдықталған. Мұнда бірлестік қызметкерлерімен қатар өзге де келушілерге ыстық тағам ұсынылады.
Бекзат Жүнісбеков пен Гүлзира Төлепова кәсіби ортада өз орнын тауып, қоғам игілігі үшін еңбек етіп жүр. Бірі қаланың көркеюі мен инфрақұрылымының жақсаруына үлес қосса, енді бірі күн сайын ондаған адамға дәмді ас әзірлеп, өз ісіне жауапкершілікпен қарайды. Оларды біріктіретін ортақ қасиет – қандай жағдай болмасын еңбектен қол үзбей, мамандығына адал болуы. Еңбек – адамға тек тұрақты табыс әкелетін құрал ғана емес, өзіне деген сенімді арттырып, қоғамдағы орнын айқындайтын құндылық. Осындай жандардың өмірі өзгелерге жігер беріп, еңбекке деген құрметтің ешқашан маңызын жоғалтпайтынын көрсетеді.
Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО