Жанға демеу болған орталық

Рудныйда өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға медициналық көмек қалай көрсетіледі?

Рудный қаласындағы Өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығында қазіргі таңда 87 адам тұрып жатыр. Олардың арасында құжаты жоқтар, денсаулығы нашарлағандар, мүгедектігі бар азаматтар мен зейнеткерлер бар. Орталықтың басты міндеті – осы азаматтарға медициналық және әлеуметтік көмек көрсетіп, оларды қайтадан қоғамға бейімдеу. Орталықтың тыныс-тіршілігі мен медициналық қызметтің көрсетілу барысы туралы медбике Үміт Аканова айтып берді.

Үміт Аканова – медицина саласында жылдар бойы жинақтаған мол тәжірибесі бар арнаулы маман. Алғашқы кәсіби білімін Арқалық қаласындағы медициналық колледжде алып, орта арнаулы білімді медбике біліктілігін игерген.

Мұнда 11 медицина қызметкері тұрғындардың денсаулығын бақылап, шұғыл әрі жоспарлы көмек көрсетеді. Мамандардың бір бөлігі 24/7 режимінде, тәулік бойы кезекшілік атқарса, Үміт Аканова сияқты бес күндік жұмыс кестесімен тынымсыз еңбек ететін медицина қызметкерлері де бар.

Орталыққа келіп түсетін адамдардың тағдыры да, денсаулық жағдайы да әртүрлі. Олардың арасында құжаттарын жоғалтып алғандар, ауыр жарақат алғандар, тіпті инсульт алып, қозғалысы шектелген жандар да кездеседі.

«Бұл жерге өмірде қиын жағдайға тап болған әртүрлі адамдар келеді. Жаңадан түскен азаматтарды бірінші кезекте медициналық тексерістен өткіземіз. Тұрғындардың қан қысымын, дене температурасын өлшеп, алғашқы медициналық көмек көрсетеміз. Зақымданған аяқ-қолдары бар, инсультпен келген жандарға жан-жақты ем-дом жасап, мүгедектік тобын тағайындауға құжаттарын дайындаймыз», – дейді медбике.

Тіпті өздігінен жүріп-тұра алмайтын, төсек тартып жатқан науқастарға да айрықша күтім жасалады. Кезекші медбикелер олардың тамағын уақытылы беріп, гигиеналық тазалығын қадағалайды және моральдық жағынан да қолдау білдіреді. Ал жағдайы асқынып кеткен немесе тереңдетілген тексеруді қажет ететін тұрғындар болса, мамандар оларды емханадағы учаскелік дәрігерлерге апарып қаратады немесе ауруханаға жатқызуды ұйымдастырады.

Қаз-қалпында айтсақ, орталықта қазіргі таңда 87 адам тұрақты түрде уақытша баспанамен және көмекпен қамтамасыз етілген. Олардың арасында зейнет жасындағы қарттар да жетерлік. Арнайы төрт әлеуметтік қызметкер мен сапалы тазалыққа жауапты санитарлар бірлесе отырып, біртұтас механизм ретінде жұмыс істейді. Әлеуметтік қызметкерлер тұрғындардың жоғалған құжаттарын қайта қалпына келтірсе, медициналық ұжым олардың денсаулығын оңалтып, тиісті мүгедектік санаттарын тағайындауға мұрындық болады.

Өмірдің сан түрлі ауыртпалығын көрген жандармен күнделікті жұмыс істеу оңай емес. Әрине, бұл үлкен төзімділікті, қайсарлықты және жанашырлықты талап етеді.

«Жұмыстың қиындығы да, әртүрлі жағдайлары да болады. Әзірге осы салада адал қызмет етіп жатырмыз. Болашақты уақыт көрсетеді, ең бастысы – өмірден түңілген жандарға қолдан келгенше көмек беру», – деп түйіндеді сөзін ол.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО