Еңбекке араласқан 165 жас

Жастар жазғы демалысын еңбекпен ұштастырып, қала тазалығына және қоғамдық өмірге белсенді араласты

Кеншілер қаласында жаз бойы еңбек еткен «Жастар еңбек жасақтарының» кезекті маусымы аяқталуға жақын. Үш ай бойы рудныйлық жастар қаланы абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарына атсалысып, жазғы демалысын пайдалы іске арнады.

Жобаның барысы мен нәтижелері жайында Жастар ресурстық орталығының әдіскері Толқынай Төребаева айтып берді.

Жазғы еңбек маусымы аясында Рудный қаласы бойынша 165 жас жұмысқа қамтылды. Олар қала көшелерін абаттандыруға, көгалдандыруға және санитарлық тазалықты сақтауға үлес қосты.

Жобаға қатысушылардың қауіпсіздігі мен еңбек жағдайына да назар аударылды. Мемлекеттік тапсырыс аясында әр жасқа дене өлшеміне сай арнайы еңбек киімі берілді. Жұмыс басталар алдында техникалық қауіпсіздік талаптары түсіндіріліп, алғашқы медициналық көмек көрсету негіздері бойынша сабақтар өткізілді. «Рахат 2018» ЖШС жасақшыларды қажетті құрал-саймандармен қамтамасыз етіп, әр топқа нақты көше аумақтарын бекітіп берді. Ал Жастар ресурстық орталығы жастарды жинақтау, еңбек тәртібін бақылау және бос уақытын тиімді ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді.

«Жастар еңбек жасақтарының жұмысы тек қала көшелерін тазалаумен шектелген жоқ. Маусым барысында қатысушылардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне, шығармашылық қабілетін дамытуына және қоғамдық ортаға белсенді араласуына жағдай жасалды. Жастар үшін түрлі мерекелік және мәдени-бұқаралық іс-шаралар, қызығушылық клубтары мен үйірмелер ұйымдастырылды. Мұның барлығы олардың еңбекпен қатар тұлғалық тұрғыдан дамуына мүмкіндік берді. Жасақ мүшелері жаңа орта тауып, достық қарым-қатынас орнатып, көшбасшылық қабілеттерін шыңдауға да мүмкіндік алды», – деп атап өтті әдіскер.

Жастардың еңбек маусымы ел көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясымен де сабақтас. Қаланы таза ұстау мен абаттандыру – экологиялық мәдениетті қалыптастырудың алғашқы қадамы.

«Жоба барысында жастардың қоршаған ортаға жанашырлық көзқарасын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген. Үш ай ішінде жасақшыларға блоктар бойынша кемінде төрт рет экологиялық дәріс пен эко-сабақ өткізілді. Мұндай шаралар жастардың экологиялық сауатының артуына, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауына жол ашады», – деп толықтырды сөзін Толқынай Мейрамбекқызы.

Үш айға созылған еңбек маусымы 165 жастың жазғы уақытын пайдалы өткізіп, еңбекке араласып, қоғамдық ортада белсенді болуына жол ашты. Жастар үшін бұл маусым алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, жауапкершілікті сезініп, өзара тәжірибе алмасқан кезең болды.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО