Қалалық тілдерді оқыту орталығының басшысы атқарған істер мен алдағы міндеттерді саралады
Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып, олардың нәтижелілігін қамтамасыз ету айрықша маңызға ие. Осы бағытта Қалалық тілдерді оқыту орталығы бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асырып келеді. Орталық мамандары тұрғындардың мемлекеттік тілді меңгеруіне жағдай жасап, оның күнделікті қолданысын кеңейтуге, тілге деген құрметті арттыруға бағытталған түрлі бастамаларды қолға алуда. Мекеменің тыныс-тіршілігі, алдағы жоспары және жаңа оқу жылына дайындығы жөнінде орталық басшысы Жанат Досубаева айтып берді.
«Тілі бірдің – тілегі бір» айдарымен жүзеге асқан бастамалар биыл «Тіл – ұлттың жаны» жобасы аясында жалғасын тапты.
Алда өтетін іс-шарамыз Тілдер күніне және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне арналған «Инновациялық сабақ» тақырыбындағы мұғалімдер арасында өтетін байқау. Қазір жаңа технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезең. Осы бағытта мұғалімдер өздерінің үздік, инновациялық және жаңашыл сабақтарын ортаға салады.
Одан кейін Ахмет Байтұрсынұлының 155 жылдығына арналған «Ахмет жолымен» атты зияткерлік дода өткізіледі. Бұл байқау мектеп оқушылары арасында өтеді. Оның өзіндік талаптары мен шарттары бар», – деп атап өтті бас маман.
Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы мен тілдерді оқыту орталығының мамандары қаладағы көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнаманың тіл заңнамасы талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл жұмыс 31 шілдеде өтетін «Сыртқы жарнамадағы мемлекеттік тілдің қолданысы» тақырыбындағы дөңгелек үстелде жалғаспақ. Кездесуге қала кәсіпкерлері, прокуратура және полиция қызметкерлері қатысып, көрнекі ақпаратты рәсімдеу мен орналастыруға қойылатын талаптарды талқылайды. Ұйымдастырушылардың мақсаты – кәсіпкерлік нысандар мен мемлекеттік мекемелердегі мемлекеттік тілдің қолданысын заң талаптарына сәйкестендіріп, бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстарын күшейту.
«Ең нәтижелі қорытынды іс-шарамыз – жыл соңында өтетін салтанатты шара. Жиында Рудный қаласында мемлекеттік тілдің дамуына өз үлесін қосқан, белсенділік танытқан қала тұрғындарын, мемлекеттік қызметкерлерді және басқа да азаматтарды салтанатты түрде марапаттаймыз. Сонымен, жылдың соңында бұл жобаны қорытындылап, келесі жылға жаңа міндеттерді жоспарлаймыз», – деп толықтырды ол.
17–21 тамыз аралығында Астана қаласында тілдерді оқыту орталықтарының мамандарына арналған біліктілікті арттыру курсы ұйымдастырылды. Қазақстанның Тіл саясаты комитеті мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы өткізген тағылымды шараға еліміздің барлық өңірінен сала мамандары қатысты. Біліктілікті арттыру курсына Жанат Досубаева да қатысып қайтты.
«Негізгі мақсат – сала мамандарына әдістемелік тұрғыдан қолдау көрсету, сабақ беру барысында заманауи технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланудың жаңа тәсілдерін меңгерту болды. Курстан алған білімім мен тәжірибемді мекеме мамандарына шеберлік сағаты арқылы жеткізіп, алдағы оқу үдерісінде кеңінен қолданатын боламыз», – дейді Жанат Досубаева.
Қалалық тілдерді оқыту орталығында маусым-тамыз айларындағы жазғы демалыс кезеңі аяқталып, қыркүйек айында басталатын жаңа оқу маусымына дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Оқу кабинеттері де белгіленген талаптарға сай жабдықталды, яғни жаңа оқу жылын тыңғылықты бастау үшін қажетті жұмыстардың барлығы кезең-кезеңімен атқарылуда. Жаңа оқу маусымында орталық тыңдаушыларының қатарын бұрыннан білім алып жүргендермен бірге жаңадан жазылған азаматтар да толықтырады. Сабақтар бекітілген оқу бағдарламасы мен жоспарға сәйкес жүйелі түрде өткізіледі.
Орталық үшін биылғы жаз тағы бір маңызды бастамамен ерекшеленді.
«Маусым айынан бастап тамыз айына дейін «Үздік тілдерді оқыту орталығы» байқауы өткен болатын. Амандық болса, 4 қыркүйекте облыстық іс-шара өтеді. Сол шарада байқаудың нәтижесі шығарылып, ең үздік орталық анықталады. Әрине,«ең үздік орталық боламыз» деген үлкен ниеттеміз», – деп түйіндеді сөзін орталық басшысы.
Қолға алып отырған бастамалар мемлекеттік тілдің беделін арттыруға, тұрғындардың қазақ тілін үйренуіне және оны күнделікті өмірде еркін қолдануына мүмкіндік беріп келеді. Мемлекеттік тілдің мерейін үстем етіп, кеңінен қанат жаюына бағытталған жұмыстар жаңа оқу жылында жалғасын тауып, жаңа бастамалармен толыға бермек.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО