Міржақып Дулатұлы атындағы мектеп биыл 80-ге жуық бүлдіршінді қарсы алды
Қыркүйектің алғашқы күні – мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршін үшін де, қанаты қатайып, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған түлек үшін де айрықша күн.
Қаламыздағы Жахаң атындағы мектепте өткен алғашқы қоңырау салтанаты «Таза Қазақстан: Конституция құндылықтары – экологиялық мәдениет пен жауапкершіліктің негізі» тақырыбына арналып, тағылымды ойлармен өрілді. Биыл білім ордасының төрт бірінші сыныбына 80-ге жуық оқушы қабылданып, білім әлеміне алғашқы қадамын жасаған болатын.

Салтанатты жиынның мазмұны да кездейсоқ таңдалмаған. Табиғатты аялау, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау, заң мен тәртіпті сақтау, білімге ұмтылу – ұрпақ тәрбиесінің өзара сабақтас құндылықтары. Жиынның прологында қазақ даласына білімнің шамын жаққан ағартушылардың бейнесі сахналанып, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының тағылымды мұрасы дәріптелді. Қойылым барысында оқушылардың табиғатқа немқұрайлы қарауы мен қоршаған ортаға жауапсыз әрекеттің салдары бейнеленді. Ал заманауи технологияның символы ретінде ортаға жасанды интеллект кейіпкері шығып, ел ертеңін адамның таңдауы айқындайтынын жеткізді. Түйін біреу: таза ел де, білімді қоғам да өздігінен қалыптаспайды. Ол әр адамның күнделікті әрекетінен басталады.
Салтанатты жиында мектеп директоры Абзал Ағатай жиналған қауымды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, өткен оқу жылындағы жетістіктерге де тоқталды.
«Мемлекетіміз білімді ұрпақ тәрбиелеу үшін барлық жағдайды жасап келеді. Ал біздің міндетіміз – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, білімді азамат болып қалыптасу.
Өткен оқу жылы оқушыларымыз бен ұстаздарымыз үшін өте табысты болды. Оқушыларымыз аудандық, қалалық және республикалық деңгейдегі пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында, спорттық және шығармашылық жарыстарда жүлделі орындардан көрінді. «ХХІ ғасыр көшбасшысы», «Алтын түлік», қаржылық сауаттылық, сөз өнері және шығармашылық байқауларында да жүлдегерлеріміз қанжығаларын майлады. Мектеп бітіруші түлектеріміз де білімдерін жоғары деңгейде көрсетіп, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарынан грант иеленді. Осы орасан зор еңбегі мен толағай табыстары үшін мектеп ұжымына, білімге құштар шәкірттерімізге және қолдау көрсеткен ата-аналарға шексіз алғысымды білдіремін», – деп мектеп директоры жаңа оқу жылында бұл жетістіктердің жалғасын табарына сенім білдірді.
Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер үшін жиынның ерекше бөлігі – сыныптарға қабылдау рәсімі болды. Төрт сыныптың әрқайсысы қазақ тарихындағы ағартушылық пен ұлттық ойдың ірі тұлғаларының есімімен байланыстырылды. 1 «А» сыныбы Ыбырай Алтынсариннің, 1 «Ә» – Абай Құнанбайұлының, 1 «Б» – Ахмет Байтұрсынұлының, 1 «В» сыныбы Міржақып Дулатұлының есімімен аталды. Бұл таңдаудың мәнін мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрымжан Милақатов түсіндірді:
«Биылғы алғашқы қоңырауды Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына арнадық. Қазақ даласына алғаш әліппе әкелген Ахмет Байтұрсынұлының, ұлт көсемі, Алаш арысы Міржақып Дулатұлының мұрасын да осы шарада насихаттауды жөн көрдік. Төрт тұлғаның бейнесі арқылы балаларға білімнің, еңбектің, елге қызмет етудің мәнін көрсеткіміз келді».
Бүлдіршіндерге ұлт зиялыларының есімімен аталатын сыныптарда білім алу – үлкен жауапкершілік жүктейтіні анық.
Мектеп түлегі Бақнұр Өмірзақ бірінші сынып оқушыларына білім кілтін табыстап, олардың мектептегі алғашқы қадамына ақжолтай тілегін жеткізді. Бүлдіршіндерге ғана емес, үлкендерге де ой салып, жүрекке жетер деген ниетпен жас түлектің сөзін мақаламызға арқау етсек деймін: «Білімнің кілті – қолдарыңда, ал болашақтың кілті – өз қолдарыңда».
Алғашқы қоңырауды бірге соққан бірінші сынып оқушылары мен мектеп бітіруші түлектер жаңа оқу жылына жол ашты. Бірі мектеппен қоштасар алдындағы соңғы оқу жылына қадам басса, бірі білім әлеміндегі алғашқы күнін қарсы алды. Жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы осылай үлкен үмітпен соғылды.
Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО