«Нұр» мешіті 50-ге жуық балаға мектепке қажетті құрал-жабдықтар сыйлады
Дәстүрге айналған «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы биыл да республика көлемінде өз жалғасын тапты. Бұл қайырлы шарадан Рудный қалалық «Нұр» мешіті де тыс қалмай, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмек көрсетті.
Мешіт ұжымы мен жергілікті демеушілердің қолдауы арқасында биыл 50-ге жуық оқушы мектепке қажетті құрал-жабдықтармен және сөмкелермен қамтамасыз етілді. Аталған бастаманың мән-жайы мен маңызы туралы Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Серік Рахым айтып берді.
«Мүфтиятқа қарасты барлық мешіттер шамасы келгенше қайырымдылық шараларын өткізіп жатыр. Мақсатымыз – демеушілердің көмегімен көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға қол ұшын созу. Бұл – жылда өтетін дәстүрлі шара. Бұдан бөлек, Құрбан айтта ет тарату, Рамазан айындағы қайырымдылық сияқты басқа да жобаларымыз бар. Мешіт – бұл тек құлшылық орны емес, әрі мейірім мен руханият орталығы. Келген әрбір адам мұнда рухани тыныштық тауып, көңілі орнығуы тиіс», – дейді Серік Рахым.
Имамның сөзінше, қайырымдылық акциялары халықтың игілігі үшін жасалады. Мұндай істер арқылы қоғамның дінге және мешіт қызметіне деген көзқарасы оң қалыптасады. Бұл жолғы акция да жомарт жандардың арқасында жылдам әрі нәтижелі жүзеге асты. Дегенмен, мешіт ұжымы мұнымен тоқтамайды. Алда әлі де абаттандыру мен жөндеу жұмыстары сияқты біршама жоспарлар бар. Бұл ретте қала кәсіпкерлері мен жанашыр тұрғындардың қолдауы ауадай қажет.
«Қала халқын, жергілікті кәсіпкерлерді осындай қайырлы істерге белсене қатысуға шақырамыз. «Тамшыдан көл құралады» демекші, әрбір азаматтың қосқан азғантай үлесі үлкен нәтижеге айналады. Қазір Рудный мешітінде, Қашар кентінің мешітінде де жөндеу және сыртқы абаттандыру жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындап отыр. Екі мешітімізді де халыққа қызмет ететіндей кейіпте ұстап тұру – үлкен жауапкершілік», – деп түйіндеді бас имам.
Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО