Рудный тарихын көзімен көрген қария

Шөл даладан қала тұрғызып, өнегелі әулет өрбіткен 96 жастағы Қасымқайыр Дүйсенбаевтың ғибратты ғұмыры

Бүгінде 96 жасқа келген Рудный қаласының Құрметті азаматы Қасымқайыр Дүйсенбаев – жас қаланың қалыптасуына, Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігінің дамуына алғашқы күндерден бастап белсене атсалысқан ардагер.

«Бұл өңірге жас маман ретінде 1956 жылдың 5 тамызында келдік. Ол кезде мұнда ештеңе жоқ, сап-сары бидай атырабы еді. Қазіргі Рудныйдың орнында «Комсомольский» деген шағын посёлок қана бар болатын. Бірен-саран үй мен жалғыз дүкен. Сол кездегі өндірістің алғашқы белгісі – шағын комбинат қана еді», – деп бастады ақсақал өткен күннен сыр шертіп.

Қасымқайыр Қазыбайұлы мен өмірлік жары Динаның таныстығы мектеп қабырғасынан басталған. Орта мектепті алтын медальмен бітірген екеуі сегізінші сыныптан бірге оқып, білімге ұмтылды. Жастар Мәскеуде оқуды жоспарлағанымен, Білім министрлігінің жолдамасымен өткен комиссиядан кейін жатақхана мәселесіне байланысты Алматыға аттанады. Қасымқайыр аға Алматы тау-кен институтын, ал Дина апай экономика мамандығын меңгеріп шығады. Оқуды аяқтаған соң жас мамандар жолдамамен жаңадан іргетасы қаланып жатқан Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігінің құрылысына бірге келеді.

«Келгенде дайын үй болған жоқ, кейбір жастар шатырда тұрды. Тұрмысты солай бастадық. Тек 1957 жылы алғашқы тұрғын үйлер салына бастағанда, бізге екі бөлмелі пәтер бұйырды. Сарыбай кеніші әлі ашылмаған кез. Алғашқы жылдары бірден мамандығым бойынша жұмысқа кірісіп кете алғам жоқ, өндірістің әртүрлі ауыр учаскелерінде, қара жұмыста да болдым. Бастысы – еңбекке адал болу еді», – деп еске алады кейіпкеріміз.

Жас жұбайлар еңбек жолын осы өндіріс орнымен байланыстырып, ұзақ жылдар бойы табан аудармай қызмет етті. Қасымқайыр Дүйсенбаев комбинатта 40 жыл тер төксе, жары Дина экономика саласында 35 жыл еңбек етті. Ерлі-зайыпты Дүйсенбаевтардың шаңырағында еңбек пен өзара сыйластық әрдайым бірінші орында тұрды. Бұған дәлел – 2010 жылы өңірде өткен өнегелі отбасы байқауында жеңімпаз атанып, үлгілі әулет ретінде танылуы. Қасымқайыр Дүйсенбаевтың әулетінде екі қыз бен бір ұл өсіп таралды. Үлкен қызы 1957 жылдың 1 қыркүйегінде дүниеге келген – Рудный қаласының төл құрдасы, қазір Астанада тұрады. Екінші қызы Қарағанды мемлекеттік университетін экономист мамандығы бойынша аяқтаса, кенже ұлы Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетін бітірген. Бұл әулеттен төрт немере, алты шөбере тарап отыр. Шөберелердің үлкені Дәмел Рудныйдағы орта мектепті үздік аяқтап, қазір Италиядағы жоғары оқу орындарының бірінде құрылысшы-инженер мамандығы бойынша білім алуда. Ал ең кішкентай шөбересі енді ғана бір жарым жасқа толды.

Ғұмырын тау-кен өндірісіне арнап, темір кенін өндіруге мол үлес қосқан Қасымқайыр Қазыбайұлының еңбегі мемлекеттік наградалармен жоғары бағаланды. Ол – Рудныйдың қалыптасуы мен өнеркәсіптік әлеуетінің артуына өлшеусіз үлес қосқан аға буын өкілі.

Осыдан аз уақыт бұрын өмірлік серігі Дина апай дүниеден өтіп, әулеті жылын берді. Енді қария жарының естеліктерін қастерлеп, балалары мен немере-шөберелерінің ортасында берекелі ғұмыр кешіп жатыр.

«Айналамызға, бірге жұмыс істеген әріптестерімізге жылылық сыйлауға тырыстық. Қай жерде, қай қызметте жүрсек те, басты ұстанымымыз – адал болу, таза еңбек ету еді», – деді ардагер сөз соңында.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО