«Мемлекеттік тілді білу – парыз»

Рудныйда тегін тіл курстары қайта жалғасты:
Жұмыстан қол тимейді, бірақ тіл үйренгім келеді десеңіз..

Рудный қалалық тілдерді оқыту орталығында да жаңа оқу жылының қоңырауы соғылды. Жазғы демалыстан кейін жұмысын қайта жандандырып, рудныйлықтарға мемлекеттік және өзге де тілдерді тегін үйретіп жатыр.

Орталықтың басты ерекшелігі – оқытушылардың мекемелерге барып, сабақ жүргізуге мүмкіндігі. Егер бір ұжымнан бір топ адам оқуға өтініш білдірсе, мамандар арнайы барып сабақ өтеді. Осындай ынтымақтастықты жолға қойған мекемелердің бірі – Рудный қалалық емханасы.

Тілдерді оқыту орталығының қазақ тілі пәні мұғалімі Салтанат Доспулованың жүзден астам оқушысы бар. Мекемелерді аралап оқыту жүйесі де тұрғындарға өте қолайлы болып отыр.

«Жалпы жүз елу тыңдаушым бар. Оның ішінде емхана қызметкерлерінің үлесі – 50 шақты адам. Олармен аптасына екі рет, бір сағаттан кездесеміз. Емхана бойынша аптасына үш сабақ жоспарланған: диагностика бөлімінде бір топ болса, емхананың өзінде таңғы сағат 10:00–11:00 және түскі 15:00–16:00 аралығында екі топ оқиды. Оқушылардың ынтасы жоғары, сабақта айтылғанды тез қабылдап, кері байланыс жасап отырады», – дейді оқытушы.

Ұстаздың қарамағында 11 топ бар. Ол қалалық полиция басқармасы, әскери комиссариат, мемлекеттік кірістер басқармасы, №12 мектеп, №5 балабақша сияқты мекемелерді аралап, дәріс береді. Мұнымен қоса, кешкі сағат алты мен жеті аралығында орталықтың өзінде қала тұрғындарына арналған топ жұмыс істейді.

Сабақ барысында қазақ тіліне тән төл дыбыстардың дұрыс айтылуына, сөздік қорды байытуға және сұрақ-жауап арқылы сөйлеу тілін дамытуға басымдық беріледі. Сабақтан кейін кешке WhatsApp-чат арқылы тапсырмалар мен тапсырмалардың презентациялары жіберіледі. Мұғалім сабақ өту процесін қызықты ету үшін Canva қосымшасын қолданып, интерактивті тақталар мен LED-экрандардың мүмкіндігін кеңінен пайдаланады.

Тіл үйрену курсы А1, А2 және В1 деңгейлері бойынша үш жылға есептелген. Оқу аяқталған соң тыңдаушылар билет бойынша емтихан тапсырып, ресми сертификат алады.

Оқыту курсына қатысып жатқандардың бірі – емхананың жалпы практикалық медицина бөлімінің аға медбикесі Виктория Славная.

«Оқып жатқаныма төртінші күн болды. Қазақстанда тұрып, еңбек еткендіктен, мемлекеттік тілді білу мен үшін парыз. Оның үстіне қызым өсіп келеді, келесі жылы мектепке барады. Оған сабағына көмектесу үшін де тілді қазірден бастап өзім меңгеруім керек. Тіл үйренуге деген ықыласым бұрыннан бар еді, бірақ өткен жылы адам саны көп болып, жазыла алмадым. Енді, міне емхананың өзінде сабақ ұйымдастырылып отыр. Өте ынғайлы. Жұмыс кестесіне қарап, таңғы немесе кешкі топқа қатыса аламыз», – дейді ол.

Қазақ тілін үйрену оның күнделікті әдетіне айнала бастаған. Жұмыс барысында әріптестерімен қазақша сөйлесуге мүмкіндік болса, үйде жаңа сөздер мен тапсырмаларды қайталауға уақыт бөледі. Тіпті жаттаған сөздерін ұмытпау үшін арнайы қағаздарға жазып, үйіне іліп қойған. Тілді біртіндеп күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдырып келеді.

Рудный қалалық тілдерді оқыту орталығы мемлекеттік тілді үйренгісі келетін барлық азаматтарды оқуға шақырады. Топтар жылдың кез келген мезгілінде толығуына қарай жасақталады. Оқуға тіркелу үшін орталыққа тікелей баруға немесе мекеменің жұмыс телефоны – 4 87 13 арқылы методистерге хабарласуға болады.

Жанарай

НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген

Даниил САЕНКО