Жанат Досубаева: «Тіл үйренемін деген әр жанға есігіміз ашық»
Рудный қалалық тілдерді оқыту орталығы «Үздік тілдерді оқыту орталығы – 2026» облыстық байқауында жеңімпаз атанды. Орталықтың бүгінгі жұмысы, тіл үйренушілерге жасалған жағдай және мемлекеттік тілге деген сұраныс туралы орталық басшысы Жанат Досубаевамен сұхбаттастық.
Тіл үйрену үшін ең алдымен ниет керек. Ал ниетке мүмкіндік қосылса, нәтижеге жетудің жолы да ашылады. Бүгінде Рудный қаласында тұрғындарға бірнеше тілді тегін үйренуге жағдай жасап отырған тілдерді оқыту орталығы жұмыс істейді. Мұнда мемлекеттік тілмен қатар ағылшын, орыс, неміс және басқа да тілдерді меңгеруге болады.
Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы ұйымдастырған «Тіл – рухани қазына» іс-шарасында «Үздік тілдерді оқыту орталығы – 2026» облыстық байқауының қорытындысы шығарылып, Рудный қалалық тілдерді оқыту орталығы жеңімпаз атанды. Байқау мамыр айында басталып, тамызға дейін жалғасқан.
«Комиссия мүшелері аудан-ауданға, қала-қалаға барып, орталықтардың толық жұмысымен танысты. Материалдық-техникалық базаға, оқу үдерісінің ұйымдастырылуына, құжаттардың талапқа сәйкестігіне назар аударылды. Мұғалімдердің жұмысы мен оқу курстарының қалай жүргізіліп жатқаны да тексерілді», – дейді орталық басшысы Жанат Досубаева.
Қостанай облысында 20 тілдерді оқыту орталығы бар. Байқауға ұйымдастырушы облыстық орталықты қоспағанда, 19 орталық қатысты. Олардың қатарында төрт қалалық және аудандық орталықтар болды. Нәтижесінде Рудный қалалық тілдерді оқыту орталығы жеңімпаз атанды.
Жеңімпаздарға тек марапат емес, жұмысты одан әрі жетілдіруге мүмкіндік беретін қолдау да көрсетілді. Рудный орталығына моноблок табысталды. Бұл техника оқу үдерісінде заманауи құралдарды көбірек пайдалануға мүмкіндік береді. Өйткені қазіргі тіл үйрету тәсілі оқулық пен дәптерге ғана сүйенбейді. Цифрлық құралдар, интерактивті тапсырмалар, түрлі қосымшалар мен жасанды интеллект мүмкіндіктері сабақ мазмұнын түрлендіруге жол ашады.
Қазір орталықта 1262 тыңдаушы бар. Оның 958-і мемлекеттік тілді үйреніп жүр. Қалған тыңдаушылар ағылшын, орыс, неміс және басқа да тілдерді меңгеруде.
Оқу курстары тыңдаушылардың сұранысына қарай ұйымдастырылады. Әр топта кемінде 10, әрі кеткенде 15 адам болуы қажет. Осы мөлшерге сай өтінім жиналса, жаңа топ ашылып, сабақ басталады. Демек, азаматтарға белгілі бір мерзімді күтпей-ақ, жыл бойы өтініш беріп, тіл үйренуге мүмкіндік бар. Сабақ кестесі де тыңдаушылардың жұмыс уақытына қарай бейімделеді. Қала тұрғындары көбіне таңертең немесе кешке келсе, мекеме қызметкерлеріне түскі уақытта сабақ өткізу ыңғайлы болуы мүмкін. Әр курс бойынша сабақ уақыты алдын ала жоспарланып, тыңдаушылардың мүмкіндігі ескеріледі. Негізгі оқу үдерісі қыркүйектен мамырға дейін жалғасады. Сабақ аптасына екі рет өткізіледі. Бір сабақтың ұзақтығы – 1 сағат 20 минут. Оқу жылы аяқталғаннан кейін тыңдаушылар келесі деңгейге өтіп, білімін жалғастыра алады.
«Қазір барлық тілге сұраныс бар. Әр тілдің өз тыңдаушысы, өз қажеттілігі бар. Бұрын ағылшын тіліне сұраныс жоғары болса, қазір мемлекеттік тілге деген қызығушылықтың өскенін байқап отырмыз. Бұл – жақсы үрдіс», – дейді Жанат Досубаева.
Оқу тегін жүргізіледі. Сондықтан тұрғындар үшін бұл – қосымша қаржы жұмсамай, білімін жетілдіруге берілген мүмкіндік.
Қазіргі білім беру жүйесінде технологияның орны ерекше. Орталық мұғалімдері сабақ барысында цифрлық технологияларды, түрлі қосымшаларды, соның ішінде жасанды интеллект құралдарын пайдаланады. Мұндағы мақсат – технологияны қолданудың өзі емес, оны сабақ мазмұнын байытуға пайдалану.
«Мемлекеттік тіл болсын, ағылшын тілі болсын, басқа тілдер болсын, тіл үйренгісі келетін барлық қала тұрғынына орталықтың есігі ашық. Оқу курстары тегін өтеді. Сондықтан бұл – тұрғындар үшін үлкен мүмкіндік. Келіңіздер, тіл үйреніңіздер», – дейді Жанат Досубаева.
Жанарай
НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген
Даниил САЕНКО