Рудный колледжінде бойжеткендердің тұлғалық дамуына бағытталған жаңа клубтың тұсауы кесілді
Рудный технология және сервис колледжінде «Қыз бала – отбасының шырайы» қыздар клубы жұмысын бастады. Клубтың атауы дәстүрлі түсініктен тамыр алғанымен, оның бүгінгі міндеті әлдеқайда кең. Мұнда ұлттық салт-дәстүрді дәріптеумен қатар, қыздардың тұлғалық дамуына, өзіне деген сенімін арттыруға, өмірлік маңызды дағдыларды меңгеруіне қолдау көрсету көзделген.
Клубты колледж оқытушысы Мерей Қойбағарова басқарады. Алғашқы құрамға офис менеджері мамандығы 1/26 тобының қыздары енді. Алдағы уақытта басқа топтардың студенттерін де клуб жұмысына тарту жоспарланып отыр.
Ашылу салтанатына Рудный қаласындағы «Қазақ аналары» жобасының төрайымы Нинагүл Пушаева арнайы қатысты. Колледж директоры Айгүл Татьянова қызыл лентаны қиып, жаңа бастамаға ақжолтай тілегін білдірді. Салтанатты шара барысында клуб мүшелері ант қабылдап, өздеріне жүктелген міндет пен жауапкершілікті сезінетіндерін жеткізді.
Уақыт өзгерген сайын тәрбиеге қойылатын талап та жаңарады. Бүгінгі қызға ұлттық құндылықтарды білумен бірге өз құқығы мен жауапкершілігін түсіну, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жеке шекарасын сақтау, адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнату, өз пікірін сауатты жеткізу сияқты дағдылар қажет. Сондықтан клуб жұмысында дәстүр мен қазіргі өмір талабы қатар қарастырылады. Қыздарға отбасы құндылықтары туралы айтумен бірге білім алу, өзін-өзі дамыту, кәсіби бағыт-бағдарын айқындау мәселелеріне де көңіл бөлінеді. Бұл ретте қыз баланың болашағын тек отбасылық рөлдермен шектеудің қажеті жоқ. Отбасы құндылығы қаншалықты маңызды болса, оның жеке арманы мен кәсіби мақсаты да соншалықты бағалы. Білімді, өзіне сенімді, жауапкершілігі қалыптасқан адам ғана қоғамдағы орнын саналы түрде айқындай алады.
Қыздар клубының негізгі бағыттарының бірі – студенттердің өзін-өзі бағалауына, өз ойын еркін білдіруіне және шешім қабылдау қабілетіне қолдау көрсету. Бұл дағдының маңызы күнделікті өмірде анық байқалады. Өз пікірін айта алатын, қажет жағдайда бас тарта білетін, өзіне қолайсыз қарым-қатынасты ажырата алатын, таңдауының салдарын түсінетін жас өмірлік жағдайларға да жауапкершілікпен қарайды. Мұндай қасиеттер бір күнде қалыптаспайды. Оған дұрыс орта, сенімді қарым-қатынас және тәжірибе қажет. Сондықтан клубтағы кездесулердің қыздар үшін ашық пікір алмасатын алаңға айналуы маңызды.
«Клубта қазақы дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды дәріптеумен бірге қыздардың өнерін, қолөнерін, шешендігін дамытуға мүмкіндік береміз. Әр қыздың өзіне қажет бағытты таңдап, жаңа нәрсе үйренуіне жағдай жасағымыз келеді. Қыздардың ұсыныстарын да ескеріп отырамыз», – дейді клуб төрайымы Мерей Қойбағарова.
Жоспар бойынша клуб мүшелері аптасына бір рет сабақтан кейін бас қосады. Кездесулердің мазмұны қыздардың қызығушылығы мен ұсыныстарына қарай айқындалмақ. Қолөнер мен шығармашылықтан бөлек, шешендік өнер, пікірталас, көшбасшылық, қарым-қатынас мәдениеті бағыттарында жұмыстар жүргізіледі.
Клубтың тағы бір міндеті – студенттер арасында өзара сыйластық пен қолдауға негізделген орта қалыптастыру. Мұнда әр қыз өз қабілетін көрсетуге, жаңа нәрсе үйренуге және өзгелердің тәжірибесінен сабақ алуға мүмкіндік алады. Мәселен, қолөнерге қызығатын студент өз жұмысын таныстырып, тәжірибесімен бөлісе алады. Сөз өнеріне бейімі бар қыз шешендік қабілетін шыңдайды. Қоғамдық жұмысқа қызығатындар ұйымдастырушылық және көшбасшылық қасиеттерін дамытады. Клубтың мақсаты – барлығын бір үлгіге салу емес, әрқайсысының бойындағы қабілетті байқап, дамытуға мүмкіндік беру.
Қыз бала – қоғамның толыққанды мүшесі. Оның өз ойы, арманы, таланты мен таңдауы бар. Сондықтан қыз тәрбиесі де оның болашақтағы бір ғана рөліне емес, бүгінгі тұлғалық қалыптасуына бағытталуы керек. Ұлттық тәрбиенің мәні де осында. Дәстүр адамды өткенмен байланыстырып қана қоймай, бүгінгі өмірде дұрыс бағдар табуына көмектескенде ғана құндылығын сақтайды. Ал қыздың өз болмысын танып, білім алып, өз жолын табуына жағдай жасау – сол тәрбиенің заманауи жалғасы.
Жанарай
РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суретті түсірген
Даниил САЕНКО