АПВ вакцинасынан неге қорықпау керек?

Акушер-гинеколог вакцинация жүргізу тәртібін түсіндірді

Қазіргі медицинаның негізгі мақсаты – дерттің алдын алу. Елімізде денсаулық сақтау саласы бойынша маңызды бастамалардың бірі – адам папиллома вирусына қарсы иммундау шаралары. Сырқаттың алдын алуға бағытталған бұл науқан қыркүйек айының соңы мен қазан айының басына жоспарланған. Мекемелердегі дайындық пен вакцинацияның мән-жайы туралы Рудный қалалық емханасының акушер-гинеколог дәрігері Мадина Жанәділова айтып берді.

Қатерлі ісіктің негізгі себебі неде?

Медициналық зерттеулер көрсеткендей, жатыр мойны обырының 90 пайызға жуық жағдайына дәл осы адам папиллома вирусы себеп болады. Сондай-ақ бұл вирус тек қыз балаларда ғана емес, ер балаларда да түрлі қатерлі ісік ауруларының туындауына түрткі болуы мүмкін.

Иммундау үшін қолданылатын «Гардасил 4» вакцинасы вирустың ең қауіпті төрт типіне (6, 11, 16 және 18-штамдар) қарсы бағытталған. Аталған штамдар жатыр мойны обырын тудыратын негізгі қоздырғыштар. Дәрігердің сөзіне сүйенсек, елімізде қолданылатын препарат – инактивацияланған, яғни залалсыздандырылған вакцина. Оны дайындау барысында вирус химиялық немесе термиялық әдіспен толық жойылады. Соған қарамастан, қоғамда «бұл екпе репродуктивті жүйеге кері әсер етеді» деген жаңсақ пікірлер кездесіп жатады. Мадина Жанәділова мұндай қауіптің негізсіз екенін, вакцина ағзаның ұрпақ өрбіту функциясына ешқандай нұқсан келтірмейтінін атап өтті.

Вакцинация жүргізу тәртібі жас ерекшелігіне қарай белгіленген. 11 жастағы қыздарға вакцина 2 кезеңде салынады. Бірінші дозадан кейін арада 6 ай өткенде екіншісі егіледі. 14–17 жас аралығындағы қыздарға 3 дозалық кесте қарастырылған (бірінші доза, 2 айдан кейін екіншісі, ал 6 айдан соң үшіншісі салынады).

«Вакцинация 11 жастағы балаларға жүргізіледі. Биологиялық тұрғыдан алғанда, 11 жастағы бала ағзасында вакцинаға қарсы тұрақты әрі берік иммунитет қалыптасады. Ең бастысы – екпені ағза вируспен әлі кездеспей тұрып, ерте бастан алған тиімді», – дейді маман.

– Қандай жағдайда бұл вакцинаны салдыруға болмайды?

– АПВ вакцинасына абсолютті қарсы көрсетілім жоқ. Тек бала ауырып тұрған кезде, мысалы, дене температурасы көтерілсе немесе өршіп тұрған респираторлық инфекциялар байқалса, екпе уақытша кейінге қалдырылады. Бала айыққан соң иммундау қайта жоспарланады. Ал вакцинаның бірінші дозасын алғанда дене температурасы тым жоғары көтерілуі, аяқ-қолдың құрысуы сияқты белгілер немесе препарат құрамына ауыр аллергиялық реакция байқалса ғана екінші доза салынбайды. Вакцинациядан кейін ағзада жеңіл реакциялардың болуы қалыпты құбылыс. Екпе егілген жердің сәл ауырсынуы немесе қызаруы, дене температурасының сәл көтерілуі, әлсіздік сияқты белгілер тез арада өзінен-өзі басылады.

Вакцинация жұмыстарының басым бөлігі мектептер мен колледждердегі медициналық кабинеттерде ұйымдастырылады. Әрбір білім беру мекемесінде арнайы мамандар жұмыс істейді, олар баланың денсаулығын міндетті түрде тексереді. Сондай-ақ ата-аналардың қалауы бойынша баланы учаскелік педиатрға апарып, емхана ішінде де ектіруге болады. Бастысы вакцина 18 жасқа дейінгі балаларға тек ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен ғана жүргізіледі. Елімізде бұл екпе препараттары емханалар мен мектептерде жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілген. Рудный қалалық емханасы вакцина алғысы келетін барлық тұрғындарды қамтуға дайын.

Соңғы уақытта қаламызда бұл екпені алуға ниет білдірушілер қатары 30 пайызға артқан. Өткен жылдармен салыстырғанда ата-аналардың вакцинацияға деген көзқарасы да оң. Мұның басты себебі – бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде АПВ вакцинасының маңызы туралы шынайы ақпараттың көбеюі.

Дәрігер рудныйлықтарды бейресми, тексерілмеген қауесеттерге сенбей, тек ресми бұқаралық ақпарат құралдары мен өздерінің учаскелік дәрігерлерінен нақты әрі сенімді кеңес алуға шақырады.

 

Жанарай

НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген

Сұлтан СЕРТАЕВ