Даналық пен балалық

Ахаң мектебінің оқушылары қазыналы қарттармен сырласып, ой бөлісті

Рудный қаласының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы жалпы білім беретін мектебінде Қарттар күніне орай «Даналық мектебі» жобасы аясында ардагер әжелермен тағылымды кездесу өтті. Жүздесуде оқушылар аға буын өкілдеріне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, өмірден түйген ойларын тыңдады.

Кездесудің өзегінде ұлттық құндылықтар, отбасылық тәрбие, үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық жасау, еңбекқорлық пен адамгершілік мәселелері сөз болды. Ардагер әжелер өздерінің еңбек жолы мен өмірлік тәжірибесінен сыр шертіп, кейінгі буынға ақыл-кеңесін айтты.

Солардың қатарында ұзақ жылдар білім саласында еңбек еткен ардақты ұстаз Рәшила Кәленова да бар. Ол Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, Ыбырай Алтынсарин атындағы медальдің иегері. Ұстаздық жолында мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, кейін мектеп директоры қызметін атқарып, талай шәкірттің тәрбиесі мен біліміне үлес қосты. Еңбегі еленіп, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен және Қостанай облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталған. 1998 жылы Тәуелсіз Қазақстанның білім саласы қызметкерлерінің І құрылтайына делегат болып қатысқан. Бүгінде ардагер ұстаз жинаған мол тәжірибесін жас ұрпақпен бөлісіп, отбасы құндылығы мен бала тәрбиесінің маңызы туралы ой қозғап жүр.

«Ең бірінші құндылық – отбасыдағы бір-біріне деген сыйластық пен сезім. Әр отбасының ата-анасы бір-біріне махаббатын көрсете білсе, ананың балаға, баланың анаға деген махаббаты қалыптасады», – деп ұстаз отбасыдағы сыйластықтың маңызына тоқталды.

Кездесуде оқушылар қонақтарға түрлі сұрақ қойып, өздерін толғандырған мәселелерге жауап алды. Соның бірі – баланың қателігін ата-ана әрдайым кешіруі керек пе деген сауал. Күләш Әбілқызы бұл ретте балаға қателігінің салдарын түсіндіру қажет екенін айтты. Оның сөзінше, баланың әр ісіне немқұрайды қарамай, дұрыс пен бұрысты ажыратуға үйрету – ата-ананың міндеті. Ал орын алған қателікті дер кезінде түсіндіріп, жөн сілтеу баланың жауапкершілігін қалыптастырады.

Кездесуге қатысқан Күләш Әбілқызы – Рудный қаласының қоғамдық өміріне белсене араласатын ардагер ұстаз, қалалық «Аналар» кеңесінің мүшесі. Ол руханият, ұлттық тәрбие мен мәдениет мәселелерін көтеріп, түрлі деңгейдегі форумдар мен конференцияларда ой бөлісіп келеді. Ұлттық киімнің қоғамдағы маңызы секілді тақырыптарды қозғап, салт-дәстүрді кейінгі ұрпаққа насихаттауға да үлес қосып жүр.

Жасөспірімдер үшін мұндай кездесулердің берері мол. Мектептің 9-сынып оқушысы Аружан Кендебаева аға буын өкілдерімен әңгімелесу арқылы бұрын біле бермеген дүниелерді үйренуге болатынын атап өтті.

«Бұл кездесулер оқушыларға өте пайдалы. Қазір ұлттық құндылықтарды, отбасы институтын біле бермейтін жастар да бар. Әжелермен, аталармен, жалпы үлкен кісілермен тілдесіп, әңгімелесу арқылы көп мәлімет аламыз», – деді ол.

«Даналық мектебі» жобасының мәні де осында. Өмірден көргені мен көңілге түйгені мол аға буынның әңгімесі – кейінгі ұрпақ үшін дайын тағылым. Мұндай жүздесулерде айтылған қарапайым кеңестің өзі балаға өмірлік бағыт-бағдар бере алады. Ардагер әжелер оқушыларды білімге ұмтылуға, еңбекті қадірлеуге, ел мен жерді сүюге, ұлттық салт-дәстүрді құрметтеуге шақырды. Өйткені ұрпақ тәрбиесінде кітаптан оқылған біліммен қатар, өмірден алынған тәжірибенің де орны бөлек.

 

Жанарай

РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген

Сұлтан СЕРТАЕВ