Рудныйлық оқушылар фото және видео түсірудің қыр-сырын меңгеріп жүр
Кейде бір кадрдың өзі тұтас оқиғаны айтып береді. Оны дәл түсіру үшін камераны ғана емес, сәтті де көре білу керек. Осы бағыттағы дағдыларды оқушыларға үйрету үшін Рудный қаласындағы Міржақып Дулатұлы атындағы жалпы білім беретін мектепте «FOCUS» – фото және видео үйірмесі ашылды.
Үйірмені мектепте алты жылдан бері еңбек етіп келе жатқан, сонымен қатар оқу орнының әлеуметтік желідегі парақшасын жүргізуге атсалысып жүрген Диана Карабалина жетекшілік етеді.
«Шараларды түсіріп жүргенімде оқушылар келіп, «Апай, мұны қалай түсіресіз? Қалай монтаждайсыз? Бізге де үйретіңізші» деп сұрайтын. Балалардың талпынысын көрген соң, осы бағытта үйірме ашу туралы ой келді. Бұған дейін қолөнер үйірмесін жүргізген едім. Кейін балалардың қазіргі заманғы технологияға қызығушылығы басым екенін байқап, фото және видео түсіруге ден қойдым», – дейді үйірме жетекшісі.
«FOCUS» атауының өзі үйірменің негізгі бағытын аңғартады. Мұнда оқушылар фото және видео түсіру, кадрды дұрыс құру, монтаждау, дайын материалды өңдеу, креативті идея ұсыну және мобильді құрылғылардың мүмкіндігін тиімді пайдалану жолдарын үйренеді. Сабақ барысында жаңа тақырып түсіндіріліп, артынша оқушылар оны тәжірибе жүзінде орындап көреді. Мәселен, алғашқы сабақта телефон камерасының мүмкіндіктері таныстырылып, оқушылар мектеп ішіндегі өзгерістерді бейнежазбаға түсірген. Келесі сабақта фото түсіру мен оны өңдеу жұмыстарына көшкен.
Жетекші үшін әр оқушының жұмысына жеке назар аудару маңызды. Балалар орындаған тапсырмаларын көрсетіп, өз қателерін көреді. Кейін сол кемшіліктерді түзетуге арналған жаңа тапсырмалар беріледі. Осылайша оқушы дайын нұсқаны қайталаумен шектелмей, өз жұмысын талдауға үйренеді.
«Теория мен практиканы қатар алып жүрген дұрыс. Бала телефонды қолға алмас бұрын оның негізгі мүмкіндіктерін, камераны қалай ұстау керегін, кадрды қалай құру және материалды қалай өңдеу қажеттігін білуі керек. Содан кейін алған білімін бірден практикада қолданады. Сонда теория құр сөз болып қалмайды», – дейді Диана Карабалина.
Үйірмеде күрделі бағдарламаларға бірден көшудің орнына, оқушылардың қолындағы құралға қарай жұмыс жүргізіледі, яғни сабақта ең алдымен смартфонға қолжетімді әрі түсінікті қосымшалар пайдаланылады. Кейін қызығушылығы артқан оқушы компьютерлік бағдарламаларды өз бетінше меңгеруіне болады. Үйірме жетекшісінің өзі де бұл бағытта ізденісін тоқтатпайды. Әлеуметтік желілердегі мобильді түсірілімге қатысты жаңа тәсілдерді бақылап, басқа мамандардың жұмыстарын қарап, тиімді әдістерді сабақ барысында оқушыларға түсіндіреді.
Үйірме қатысушыларының арасында фото-видео түсіруге бұрыннан қызығатындар да бар. Солардың бірі – мектепке биыл келген 7-сынып оқушысы Алтын Батырханова. Ол бала кезінен бейнежазба түсіріп, монтаж жасап жүрген. Бұған дейінгі жұмыстарын негізінен өз бетінше үйренген.
«Бірінші сабақта телефонның камерасын таныдық. Мектептегі өзгерістерді видеоға түсірдік. Бүгін фото түсіріп, оларды өңдедік. Маған видео түсірген ұнайды. Бұрын фильм кейіпкерлерін түсіріп, монтаждап көргенмін. Видеоларымды интернетке де салатынмын», – дейді Алтын.
Жас қатысушы үшін үйірменің тағы бір ерекшелігі – бұрын өздігінен жасап жүрген ісін енді жүйелі түрде үйренуге мүмкіндік туғаны. Қазір «FOCUS» үйірмесіне 5–11 сынып оқушылары қатыса алады. Сабақтар сәрсенбі күні сағат 11:30-дан 13:30-ға дейін мектептің 104-кабинетінде өтеді. Мұнда оқушылар жаңа дағды меңгеріп, шығармашылық ортада жұмыс істеуге, өз идеясын ұсынуға, түрлі жобалар мен байқауларға қатысуға мүмкіндік алады.
Мобилографияның мәні тек әдемі кадр түсіруде емес. Ол – қоршаған ортаны байқау, маңызды сәтті дер кезінде аңғару, ойды бейне арқылы жеткізу қабілеті. Сондықтан мұндай үйірмелер баланың шығармашылық қабілетін дамытумен қатар, ақпаратты қабылдау және оны көпшілікке түсінікті түрде ұсыну дағдысын қалыптастыруға да ықпал етеді. Телефон – тек құрал. Ең маңыздысы – оны тиімді пайдалана білуде.
Жанарай
НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген
Даниил САЕНКО