Заңды білмеген құқығын қорғай алмайды

Рудный индустриялық университетінің студенттері өз құқықтары туралы, сол құқықты қалай пайдалану керектігі жөнінде де ой қозғады

Қалалық Жастар ресурстық орталығының әдіскер-заңгері Медеу Темірхановтың қатысуымен өткен жүздесуде студенттер елдің даму бағдары, Мемлекет басшысының Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі міндеттер жөніндегі Жолдауы, цифрлық жаңғыру, кәсіпкерлік, білім мен денсаулық сақтау салаларын сөз етті.

Бұған қоса жаңа Конституцияның негізгі өзгерістері мен жастардың құқықтары және міндеттері талқыланды.

Заңгер күрделі ұғымдарды жаттанды сөзбен түсіндірмей, жастардың күнделікті тіршілігінде кездесетін жағдайларды мысалға алып, оларды ортақ әңгімеге тартты. Сұрақ қойды, жауап күтті, кей тұста пікірлеріне қарсы сауал да тастады. Белсенділік танытқандарға шағын сыйлықтар табысталды. Соның арқасында кездесу біржақты дәріске емес, еркін пікір алмасуға ұласты.

Әңгіме бүгінгі жастарға етене таныс тақырыптан басталды. «ChatGPT немесе жасанды зерде құралдарын пайдаланасыздар ма? Оларды қандай мақсатта қолданасыздар?» деген сауалға студенттер бірауыздан жауап берді. Алайда цифрлық құралдарды дұрыс қолдана білу керек. Бұл мәселе кездесудің өзге тақырыптарымен де астасып жатты. Мәселен, заңгер студенттердің оқу тапсырмасын ЖИ-ға орындатып қою бұрыс екенін ескертті. Әр білім алушы өзі орындаған жұмыстың мазмұнын түсініп, оны қорғай алуы, сабақ үстінде де белсенділік танытуы керек.

Жастардың қызығушылығын тудырған келесі тақырып – жаңа Конституция. Бұрын қос палатадан – Мәжіліс пен Сенаттан тұрған Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай құрылған. Оның құрамына 145 депутат кіреді. Студенттерге жаңа мемлекеттік құрылымның ерекшеліктері, вице-президент лауазымы және Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтаған жағдайда оны уақытша атқару тәртібі жөнінде де мәлімет берілді.

Жиынның ең қызу талқыланған тұстарының бірі «Заң және тәртіп» қағидатына арналды. Медеу Темірханов заңға бағыну дегенді тек құқық қорғау органдарының талабын орындаумен шектемеу керектігін айтты. Бұл – өзгенің құқығын сыйлау, қоғамдық ортада тәртіп сақтау, заң талаптарын орындау, жемқорлыққа жол бермеу және әрбір ісіңе жауап беру. Осы тұста әңгіме «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасына ойысты. Студенттерден сенбілікке қатысатын-қатыспайтыны, мұндай жұмыстарға өз еркімен баратыны сұралды. Жастар оқу орнының аумағын тазарту жұмыстарына бірнеше мәрте қатысқанын, алдағы уақытта қалалық жағажайды да ретке келтіруді жоспарлап отырғанын жеткізді.

«Баға алу үшін не біреудің көңілінен шығу үшін істемейміз. Өзіміз үшін, Рудный қаласы үшін, адамдар таза жерде жүріп, айналасына сүйсінсін деген ниетпен атсалысамыз», – деді студенттердің бірі.

Осы әңгіме барысында студенттердің оқу орнындағы құқықтары да сараланды. Білім алу, медициналық көмекке жүгіну, қоғамдық шараларға қатысу – олардың заңмен берілген мүмкіндіктері екені айтылды. Сонымен қатар өз құқығын қорғау үшін заңды білу ғана емес, қажет жағдайда оны талап ете алу да маңызды екені түсіндірілді.

Әңгіме барысында Президент Жолдауын, медицина мен білім беру салаларын, өз құқықтарымыз бен міндеттерімізді талқыладық. Әрбір азамат өз елінің алдындағы жауапкершілігін және заңмен берілген құқықтарын білуі керек деп ойлаймын. Жастар Жолдаудың негізгі бағыттарын білуге тиіс. Бұл – келешегімізге тікелей қатысты мәселе. Талқылаған тақырыптарды алдағы уақытта өзге студенттермен де қозғағым келеді. Университетіміз үнемі ізденіс үстінде, түрлі іс-шаралар өткізіп отырады. Сондықтан мұндай кездесулер әлі де жалғасын табады деп сенемін», – деді бірінші курс студенті Нұрболат Мұратов.

Ал Медеу Темірханов жастармен жүздесудің басты мақсаты елдегі өзгерістерді түсіндірумен шектелмейтінін атап өтті:

«Жастар – еліміздің ертеңі де, бүгіні. Сондықтан олардың мемлекет алдында тұрған міндеттерді түсінуі, ел өміріндегі өзгерістерден хабардар болуы, өз құқықтары мен міндеттерін білуі маңызды».

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО