Заң мен тәртіп»: Қостанайда студенттерге арналған интерактивті сот процесі өтті

Қостанай облысында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында алғаш рет интерактивті сот процесі ұйымдастырылды. Іс-шара барысында студенттер сот отырысын сырттай бақылап қана қоймай, оның тікелей қатысушыларына айналды.

«Заң іс жүзінде: ойын форматындағы сот процесі» атты іс-шара Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің бас корпусында өтті. Оған облыстың жоғары оқу орындары мен колледждерінен 300-ге жуық студент қатысты.

Интерактивті форматта өткен сот талқылауы барысында жастар судья, прокурор, адвокат, айыпталушы, жәбірленуші және куәгер рөлдерін сомдады. Қатысушылар сот процесінің негізгі кезеңдерін қайталап, өз ұстанымдарын білдіріп, дәлелдер мен уәждер келтірді.

Ойын процесінің негізгі тақырыбы қаржылық алаяқтықтың бір түрі – дропперлік болды. Студенттер банк шоттарын үшінші тұлғалардың заңсыз операциялары үшін пайдалануға қатысты жағдайды қарастырып, мұндай әрекеттердің құқықтық салдарын талдады.

Іс-шараның басты мақсаты – жастарға банк картасы мен шот деректерін бөгде адамдарға берудің қауіптілігін түсіндіру. Алаяқтар оңай табыс табуды уәде етіп, жастарды заңсыз қаржылық операцияларға тартуы мүмкін. Алайда мұндай ұсыныстарға келісу құқықтық жауапкершілікке әкелуі ықтимал.

Мұндай интерактивті шаралар жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, сыни ойлау қабілетін дамытуға және заң алдындағы жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Бұл – «Заң мен тәртіп» қағидатын күнделікті өмірде орнықтырудың тиімді жолдарының бірі.