Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік

Өкпе қабынуының алғашқы белгілері, асқыну қаупі, емделу жолдары мен аурудан кейінгі күтім жайлы

Рудныйда жыл басынан бері пневмонияның жүз тоқсан жағдайы тіркелген. Бұл – сексен мыңға жуық тұрғыны бар қала үшін көп көрсеткіш емес. Қалалық емханадағы шұғыл медициналық көмек бөлімінің меңгерушісі, дәрігер-терапевт Юлия Соловьева мұны соңғы жылдардағы жағдаймен салыстыра отырып түсіндірді. Мәселен, коронавирус кең тараған кезеңде тіркелген науқастар саны қазіргі көрсеткіштен ондаған есе көп болған. Дәрігердің сөзінше, тұрғындардың денсаулығына көбірек көңіл бөлуі, екпе алуы және созылмалы ауруларын уақытылы бақылауы науқастар санының азаюына ықпал етуі мүмкін.

– Алдымен аурудың өзіне тоқталсақ. Пневмония дегеніміз не? Оның қандай белгілері бар?

– Пневмония – өкпенің жұқпалы қабынуы. Оның негізгі белгілері – жөтел, дене қызуының көтерілуі, кеуде тұсының ауыруы, ентігу, тершеңдік пен әлсіздік. Жөтел құрғақ болуы мүмкін немесе қақырықпен бірге жүреді. Кейде қақырық ірің аралас болады. Ауруды көбіне пневмококк пен стрептококк сияқты бактериялар қоздырады. Ал легионелла, микоплазма, хламидия секілді қоздырғыштар пневмонияның өзгеше түрлерін тудырады. Сирек жағдайда ауруға саңырауқұлақтар себеп болады. Мұндай түрі көбіне иммунитеті төмен адамдарда кездеседі.

– Емделмей, дәрігерге қаралуды созып, ауруды асқындырып алғандар кездесе ме? Мұндай жағдайда науқастың жай—күйі қаншалықты нашарлайды?

– Ондай жағдайлар сирек кездеседі. Кейбір науқастар үйде екі апта бойы өз бетінше емделіп, кейін қатты ентігіп келеді. Бұл – аурудың асқынғанын білдіреді. Тыныс алу жеткіліксіздігі пайда болып, қандағы оттегінің мөлшері төмендейді. Егер пневмония ауыр дәрежеде өтсе, науқасты ауруханаға жатқызамыз. Ал жеңіл және орташа дәрежедегі пневмониямен ауырғандардың көбі емханада емделеді. Олар учаскелік дәрігердің бақылауында болады. Ем қабылдаған науқастардың басым бөлігі жақсы сауығып кетеді.

– Аурудың қанша уақытқа созылатыны неге байланысты? Қай адамдар үшін пневмонияның қаупі жоғары?

– Әр адамның сауығу мерзімі әртүрлі. Қауіп тобына бес жасқа толмаған балалар мен 65 жастан асқан адамдар жатады. Сондай-ақ өкпе мен тыныс жолдарының созылмалы аурулары, демікпесі, жүрек сырқаты, қан қысымы жоғары және қант диабеті бар адамдарда пневмония ауыр өтуі мүмкін. Мұның бәрі аурудың барысына, сауығу мен кейінгі қалпына келу мерзіміне әсер етеді. Ауруы асқынған науқастарға тіпті орташа дене қимылының өзі қиындық туғызады. Мәселен, 500 метр жер жүргеннің өзінде қатты әлсіреп, терлеуі мүмкін. Балалар да ұйқышыл болып, бойын әлсіздік билейді. Бұрынғыдай ойнап, жүгірмейді. Кейбір науқастарда ентігу байқалып, қандағы оттегінің мөлшері төмендейді.

Юлия Соловьеваның мәліметінше, өкпе қабынуына шалдыққандар саны жыл сайын өзгеріп отырады. Бұған бірнеше жағдай әсер етеді. Біріншіден, ауру тудыратын вирустардың түрі жыл сайын бірдей болмайды. Екіншіден, тұрғындардың тұмауға қарсы екпені уақытылы алуы да маңызды. Сондықтан науқастар санының өзгеруіне бір ғана себеп әсер етеді деуге болмайды. Дәрігер биылғы және былтырғы көрсеткіштерді салыстырғанда, ауруға шалдыққандар санының азайғанын айтады. Жалпы, эпидемиологиялық жағдай да жақсарған. Дегенмен күн суытқан шақта сақтықты босаңсытуға болмайды.

– Қазір күн суытып келеді. Осы орайда тұрғындарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең алдымен, ауа райына сай жылы киіну керек. Суық күндері жеңіл киіну денені тоңдырып, ауруға шалдығу қаупін арттыруы мүмкін. Адам көп жиналатын орындарға барғанда өзімен бірге бетперде алып жүргені жөн. Өйткені ондай жерлерде жұқпалы аурумен ауыратын адамдар кездесуі мүмкін. Сонымен қатар ғимараттардың ауасын жиі жаңартып, тазалық шараларын сақтау қажет. Аурудың алдын алудың негізгі жолдарының бірі – екпе алу. Емханада тұмауға қарсы екпе салу жұмыстары жүргізілді. Бұл шара ағзаның жұқпаға қарсы тұруына көмектеседі. Сондай-ақ дұрыс тынығу, ұйқыны қандыру, шамадан тыс жұмыс істемеу және күйзелістен аулақ болу маңызды. Темекі шегу мен ішімдікті шамадан тыс тұтыну да ағзаның ауруға қарсы тұру қабілетіне кері әсер етеді. Қысқасы, ауырғанша, ауырмайтын жол іздейік.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО