Қолдау мен сенім бар жерде

Жұмысқа орналасуға жәрдемдесіп, еріктілік пен шығармашылыққа қызығатын жастардың басын қосқан орталық

Рудный қалалық Жастар ресурстық орталығы үшін 2026 жыл мазмұнды болды. Құқықтық және психологиялық кеңес беру, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, еріктілер қозғалысын дамыту, бос уақытты тиімді ұйымдастыру – мекеме қызметінің негізгі бағыттары.

Орталық әдіскері Толқынай Төребаеваның айтуынша, мұндағы жұмыс жас буынның күнделікті өмірде кездесетін мәселелерін шешуге көмектесуге бағытталған. Қажет болған жағдайда олар заңгер мен психологтың кеңесіне жүгіне алады. Бұл қызметтер тегін көрсетіліп, өтініш білдірушілердің жеке мәліметтері құпия сақталады.

Жыл басынан бері орталық 200-ден астам іс-шара өткізіп, 8,5 мыңнан астам адамды қамтыған. Құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында мектептер мен жоғары оқу орындарында кездесулер өтіп, заң мен тәртіп тақырыбында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Психологиялық тренингтер де ұйымдастырылды. Орталық жұмысының маңызды бағыттарының бірі – жастарды жұмыспен қамту. Бұл ретте «Жасыл ел» бағдарламасына ерекше мән беріледі.

«Бірінші кезекте, 14 пен 35 жас аралығындағы жастарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін «Жасыл ел» бағдарламасын атап өтуге болады. Бұл бағытта үшінші жыл қатарынан жұмыс істеп келеміз. Жыл сайын жаз мезгілінде үш айға жуық уақытқа 100-ге жуық адамды жұмысқа қабылдаймыз. Бағдарламаға Рудный қаласының тұрғындарымен қатар Қашар және Горняцк кенттерінің жастары да қатысады. Сонымен қатар орталық жанында еріктілер тобы жұмыс істейді. Олар қаланың әр ауданында қоғамдық жұмыстарға араласып, түрлі игі бастамаларға атсалысады. Бұдан бөлек, мерекелік іс-шаралар мен тұрақты жұмыс істейтін үйірмелер бар. Орталықтың күнделікті қызметі осы бағыттарды қамтиды», – деді әдіскер.

Жұмыстың тағы бір бағыты – NEET санатындағы азаматтарды қолдау. Бұл санатқа оқымайтын, жұмыс істемейтін және кәсіби даярлықтан өтпейтін жастар жатады. Орталық мамандары оларға түйіндеме әзірлеуге, жұмыс іздеуге және мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға көмектеседі. Атап айтқанда, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» және «Жасыл ел» жобалары туралы ақпарат беріледі.

Шығармашылық бағыт та назардан тыс қалған жоқ. Мемлекеттік тапсырыс аясында орталықта «Жайдарман» ойындары ұйымдастырылады. Қатысушылардың әзілдерін әзірлеп, сайыстарға дайындалуы үшін қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған арнайы бөлме бар. Орталық өзге қалаларда өтетін ойындарға қатысуға да қолдау көрсетеді. Жақында мұнда кезекті сайыстардың бірі өтті. Толқынай Мейрамбекқызының сөзінше, мекемеде шығармашылықпен айналысқысы келетін жастарға қажетті жағдай жасалған.

– Алдағы жылға тоқталсақ. 2027 жылы орталық жұмысының қай бағыттарына басымдық берілмек?

– Жыл сайын жұмыс жоспарына жаңа бастамалар енгізіп, іс-шаралардың мазмұнын түрлендіруге тырысамыз. Бұл ретте серіктестерімізбен бірлесе әрекет етеміз. Алдағы жылдың жоспарына ресми күнтізбедегі мерекелерге арналған шаралар да енеді. Сонымен қатар жастар еңбек жасақтарының жұмысын жандандырып, «Адал азамат» тұжырымдамасы аясындағы жобаларды жүзеге асыруға көңіл бөлеміз. «Заң мен тәртіп», «Нашақорлыққа жол жоқ», «Таза Қазақстан» бастамалары бойынша да жұмыстар жалғасады. Қайырымдылық марафондарына қатысып, көмекке мұқтаж жандарды қолдауды жоспарлап отырмыз. Жастардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру да маңызды. Әсіресе жазғы демалыс пен каникул кезінде олардың қызығушылығына сай шаралар өткізіп, пайдалы іспен айналысуына мүмкіндік жасағымыз келеді.

Сөз соңында Толқынай Мейрамбекқызы Рудныйдың әрбір жас тұрғыны орталықтан қолдау таба алатынын айтып, қала жастарын белсенді болуға шақырды:

«Егер өзіңізді дамытқыңыз келсе, әлі өз ортаңызды таппай жүрсеңіз немесе қандай да бір іске қызығып, бірақ алғашқы қадам жасауға қысылсаңыз, бізге келіңіздер. Жастардың тың идеялары мен бастамаларына әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз. Сіздерді орталығымызда күтеміз».

Рудный қалалық Жастар ресурстық орталығы 50 лет Октября көшесі, 5А мекенжайында орналасқан.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО