2020 жылдың 5 тамызында Үкімет қаулысының негізінде 10 тамыз «Абай күні» дейтін мерекелік дата болып бекітілген болатын
Абай күні ретінде 10 тамыздың белгіленуі бекер емес. Ғылыми ортада ойшылдың туған күні туралы екі түрлі нұсқа танымал болғанымен, жылдар бойы 10 тамыз ресми түрде Абай Құнанбайұлы туған күн таңбаланып келді. Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында осы күн күнтізбеге Абай күні ретінде ресми бекітілген еді.
Ақынның азан шақырып қойған аты – Ибраһим. 1845 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Қарауыл ауылында дүниеге келген. «Сегіз аяқ» дейтін толғауында өз айтқандай, Құнанбайдың Ұлжан атты әйелінен тараған төрт баланың екіншісі осы Ибраһим еді. Оның өз кіндігінен Ақылбай, Хакімбай, Əбдірахман, Мағауия, Күлбадан, Райхан, Турағұл, Мекаил, Ізкаил, Кенже есімді балалар тараған. ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін мен екінші дүниежүзілік соғыс Абай әулетінің де шаңырағын ортасына түсіріп кетті деуге болады. Қазақтың шежірені ұл баламен тарататынын ескерсек, ашық көздердегі дерек бойынша, ойшылдың тұңғыш ұлы Ақылбайдан тараған бесінші буындағы ұрпағы Данияр Ақылбаев қазір Алматыда тұрып жатыр. Дана, Кәмила, Меруерт деген перзенттері бар.
Ақылының толысып, абыройының кемеліне келген шағында Абай билікке араласып, 1875-78 жылдар аралығында болыстық құрғаны тарихтан белгілі. Артында, жүздеген өлеңі мен ондаған әні, поэмалары мен 50-ге жуық «қара сөзі» қалды.