Батыр қыз – Марите!

1959 жылдың 11 тамызы құрылысы қарқын алған кеншілер қалашығы үшін қаралы күн ретінде тарихта қалды. Өйткені осыдан тура 63 жыл бұрын ерлігімен екі қыздың өмірін құтқарып қалған 23 жасар Марите Бежите ауруханада жан тапсырған еді. Қала күні қарсаңында
оқырмандарымызға қаһарман ару жайында жазып кетуді жөн санадық.

Марите 1936 жылы Литваның батысындағы Радвиленяй елді мекенінде дүниеге келді. 1946 жылы анасынан айырылған ол үйдің шаруасына ерте араласып, екі інісін бағып-қақты. Көп ұзамай әкесі Бижис Юозас екі аяғынан айырылып, арбаға таңылғанда жас қызға ауыртпалық екі есе түсті. Күндіз құрылыста еңбек етіп, ал оқуын кешкі мектепте жалғастыруға мәжбүр болады.

Еш қиындыққа мойынсұнбаған қайсар қыз құрбысының ұсынысы бойынша 1959 жылдың көктемінде Рудныйға, комсомолдық екпінді құрылысқа аттанады.

Марите Бежите «Соколоврудстрой» трестінің техникалық жабдықтау кеңсесіне жүк тиеуші болып жұмысқа орналасады. Ондағы негізгі міндеті – теміржол платформаларынан кірпішті түсіру. Еңбекке адал, ақжарқын мінезді ару ұжымында құрмет пен қошеметке бөленіп, қатарының алды болды.

1959 жылдың 10 тамызы. Кезекті жұмыс күнін аяқтаған Марите өзі тұратын жатақханасына қарай бағыт алады. Кенет жол бойындағы екі қызға қарай жүйтіген жүк көлігіне көзі түсті. Жүргізуші балақайларды байқап, тежегішті дереу басқанымен тым кеш болатын. Шарасыздықты түсінген Марите самосвалға қарай ұмтылып, әлгі екі қызды жолдың шетіне итеріп үлгергенімен өзі көліктің астында қалады.

Ауыр жарақат алған батыр қыз келесі күні ауруханада қайтыс болады. Оны ақтық сапарға шығарып салуға ұжымы ғана емес, ерлігіне риза болған барлық кеншілер отбасыларымен жиналды.

1959 жылы 16 тамызда қалалық «Знамя Октября» газетінде оның жолдастары: «Марите балалар үшін өмірін құрбан етіп, ерлікпен қаза тапты. Жас батыр туралы естелік біздің ұжымның жүрегінде мәңгі қалады» деп жазды. Мүмкін, ол өмірінің соңғы сәтінде қызы Видуте туралы ойлаған болар….

Арадан жылдар өткен соң көшелердің бірі Марите Бежитенің есімімен атала бастайды. Ал 1968 жылы сол көшедегі шағын скверде қаһарман қыздың ескерткіші бой көтереді.

Марите әкесіне жазған соңғы хатында: «Маған Рудный қаласы ұнап қалды. Менің қызым Видуға жақсылап қараңыздар. Көктемде мен оны алып кетемін және өміріміздің соңына дейін Рудныйда өмір сүретін боламыз…» деп жазыпты.

Жазмыштан озмыш жоқ. Маритенің жанкешті ерлігі мен жас қалаға деген шексіз махаббаты кімге болсын үлгі.

Айдын АСҚАР

газета «Рудненский рабочий»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *