Жақында 21-мамыр мәдениет және өнер қызметкерлері күні аталып өтілді. Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны, адал еңбегі және жоғары кәсібилігі үшін бір топ мәдениет қызметкерлерін арнайы дипломмен марапаттады. Олардың қатарында «Алые паруса» көркемөнерпаздар үйінің басшысы Мұхан Ноғаев бар.
— Қайырлы күн, Мұхан Ноғаев! Сұрақты ең бірінші өзіңіз басшылық ететін «Алые паруса» көркемөнерпаздар үйінің жай-күйінен бастасақ…
— Армысыздар! Әрине, біздің Рудный қаласында мәдениет саласының алатын орны ерекше! Қаламызда «Алые паруса» көркемөнерпаздар үйі секілді тағы 2 орталық бар. Аталған үш мәдени ошақ шаһарымыздың мәдениетіне қызмет жасап келеді. «Алые паруса» көркемөнерпаздар шығармашылық үйі Рудный қаласында іс-шараларды ұйымдастыратын бірден-бір үй болып табылады. Бізде ұжым өте үлкен: вокалдан және биден жетекшілер, мәдениет ұймдастырушылар, әншілер, диджей осының бәрі бізде қамтылған. Орталықта барлығы өзінің жұмысын жоғары деңгейде атқарып жүр. Жалпы жаңалықтарымыз өте көп. Жас болып осындай үлкен орынға тағайындалған соң, креативті иделарымызды халқымызға паш еткіміз келеді. Айта кету керек, егер халық болмаса, біз ешкім емеспіз!
— Жылына қанша іс шара ұйымдастырасыздар? Алда қандай іс шараларды өткізу жоспарда бар?
— Шамамен 10 айда кем дегенде 80 мерекелік іс-шара орталықтарда өтеді. Ал қалалық деңгейде айтсақ, әрбір ҚР күнтізбесінде қойылған күндерде ауқымды мерекелік концерттерді ұйымдастырамыз.
— Мәдениет саласындағы атқарып жүрген жұмыстарыңызға куәміз. Енді жетістіктеріңізге тоқталсақ?
— Жетістіктеріміздің нақты санын айту мүмкін емес. Бірен-саран нақтылап өтетін болсам, «Аққу» би ұжымымыз Қарағанды қаласында сайысқа қатысып, екі 1-ші орын, бір Гран-при алып келді. Жетекшісі Владимир Александрович. Өз басым Қостанай облысы әкімі, мәдениет басқармасы және ҚР министрлігінің қолынан Құрмет грамотасын алдым. Сондай-ақ бірер күн бұрын қала басшысы Виктор Ионенко ел игілігі үшін елеулі жұмыстар атқарып жүрген мәдениет саласының үздіктерін мараппаттады. Бұл менің ғана емес, көркемөнерпаздар үйі қызметкерлерінің ортақ жеңісі.
— Қала жастарының бос уақыттарын тиімді өткізуге қандай жағдай жасап жатырсыздар?
— Біз барлық іс-шараларға жастарды тартуға тырысамыз. «Алые паруса» көркемөнерпаздар шығармашылық үйінде вокалдық үйірме, би ұжымы және т.б. бар. Жастардың құлшынысы болса, орталықтарда жақсы мүмкіндіктер қарастырылған.
— Ал егде жастағы тұрғындарға ше?
— Үлкендерге «Ретро» клубымыз бар. Аптасына 2 рет 2 сағаттық жиын өтеді. Әр орталықта үлкендерге арналған халық хорлары, ұлттық ансамблдер жұмыс істеуде. Қаламыздағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығымен бірлесіп, тығыз жұмыс істейміз.
— Әлеуметтік желілер туралы айтсақ… Белсендісіздер ме?
— Өте белсендіміз. Әр күн сайын парақшамызда суреттермен жазбалар жарияланып тұрады. Карантин уақытында әр іс-шараны инстаграм бетіне жүктеп отырдық. Осылайша, дағды қалыптасты. Біздің мәдени орталықтың сайты бар. Үлкендерге «Одноклассники» желісінде парақшамыз жұмыс істейді. Оқырмандарымыз өте көп. Әр мереке сайын әлеуметтік желілерде есеп беріліп отырады.
— Орталықтың ғимаратына жөндеу жұмыстары керек пе?
— Жөндеу жұмыстары өтті. Десе де, айта кету керек, біздің орталығымыз жоқ. Әр аудан, әр қаланың әрқайсысында үлкен мәдениет үйі бар. Яғни, Жастар сарайы, Мирас және т.б. Ал бізде осындай мүмкіндік жоқ. Бізге 500 адамға дейін сыйдыра алатын «Горняк» секілді зал керек. «Горняк» залы бізге қарамайды, ол жерде толықтай жұмыс істей алмаймыз. Онда жылына тек 100 іс-шараның 5-ін өткіземіз «Алые паруса» көркемөнерпаздар үйіне 40 адам ғана сыяды. Қаламызда 130-дан астам халық бар. Халыққа да, мәдениет саласындағы жандарға да ыңғайсыз. Айта кету керек, мәдени орта Қазақстанды танытатын бірден-бір құрал.
— Сұхбат бергеніңізге рақмет! Төл мерекелеріңіз мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!
Арай Марат