Облыстық «Жас құтқарушы» сайысында Рудный командасы жеңіске жетті
Құтқарушы — жүрегінің түгі бар азаматтарға арналған қауіпті де қадірлі мамандық. Аталмыш саланы нағыз ержүрек, батыл, өжет жандар таңдайтыны хақ. Елімізде жыл сайын құтқарушы қызметін насихаттау, әрі төтенше жағдайлардың алдын алуға арналған жас құтқарушылар сайысы өтеді. Биыл облыстық кезеңде рудныйлық оқушылар жеңіске жетіп, келесі кезеңге жолдама алды.
«Жас құтқарушы» сайысы 5 кезең бойынша өткен. Онда жас құтқарушылар кедергілер жолағынан өтіп, зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетті. Команда капитаны Азамат Ахатаевқа сайыстың ең қиын да қызықты кезеңі «эстафета» ұнапты. Онда жас өрендердің шапшандық, шыдамдылық секілді қаситтері сыналды.
«Жарысқа 8 бала қатыстық. Уақыт тығыз болғандықтан дайындық жағы осал болды. Сондықтан байқауға барар сәтте қатты қобалжыдық. Бұл сайысқа Қостанай облысынан көптеген командалар қатысты. Бірінші кезеңде өз командамды таныстырдым. Екінші кезеңде төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын және өрт сөндіруші қызметкерлердің ерлігін қағаз бетіне түсірдік. Үшінші кезеңде алғашқы медициналық көмек көрсеттік. Соңғы ең маңызды кезең – эстафета болды. Қорытынды эстафета бөлімі жүлделі 1-орынға жетуімізге септігін тигізді», — деді 10-сынып оқушысы Азамат Ахатаев.
Команда мүшесі Алмат Балғабайдың әкесі де, ағасы да өрт сөндіруші болып қызмет етеді. Ізбасарының арманы — болашақта адамдардың игілігіне қызмет ету. Ол арманың мақсатқа айналдырмақ ниетте «Жас құтқарушы» сайысына қуана қатысқан.
«Жас сарбаз» үйірмесіне жақында қабылдандым. Бұл сайысқа физикалық тұрғыдан дайындалдық. Әзірлікке аз ғана уақыт жұмсасақ та, бір-бірімізге қолдау көрсетудің арқасында 1-орынды иелендік. Менің әкем, ағам өртке қарсы қызметте істейді. Арманым осы қиын да күрделі салада халқымыз үшін еңбек ету», – деді жас құтқарушы Алмат Балғабай.
Қалалық кезеңнен жоғары нәтиже көрсеткен Б.Майлин атындағы №7 мектеп гимназиясының оқушылары облыстық кезеңде де қарсыластарға дес бермеді. Айта кету керек, білім ордасында мектеп әкімшілігінің қолдауымен «Жас сарбаз» үйірмесі жұмыс істеуде.
«Қазіргі уақытта үйірмеде 67 оқушы бар. Онда әскери патриоттық дайындықтар жүргіземіз. Үйірменің 14 пен 16 жас аралығындағы 6 ер баласы мен 2 қыз баласын облыстық «Жас құтқарушы» сайысына апардым. Қалалық төтенше жағдай басқармасымен бірігіп, жоғары нәтижемен оралдық. Алдағы уақытта үйірме жұмыстарын жандандырып, балаларды патриоттық еңбексүйгіштікке және өжеттілікке тәрбиелеу мақсатында жұмыстарды жалғастырамыз», — деді алғашқы әскери дайындық мұғалімі Кәрім Әмірғали.
Жас сарбаздардың жеңіске жетуіне бірден-бір ықпал еткен қалалық төтенше жағдай басқармасын айтпай кетуге болмас. Өз ісінің майталмандары жас құтқарушыларды дәстүрлі сайысқа даярлап, мамандықтың қыр сырын үйретті.
«Рудныйлық команда облыстық кезеңде өздерінің алғырлықтары мен тапқырлықтарының арқасында 1-орынды иеленіп, әділ жеңіске жетті. Алдағы уақытта шілде-тамыз айларында республикалық «Жас құтқарушы» сайысы өтеді. Оған жаз бойы толықтай дайындаламыз», — деді № 2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығының орынбасары Айтуған Құсайын.
Жалпы, «Жас құтқарушы» облыстық сайысына барлығы 6 команда қатысқан. Енді облыстық кезеңде жеңіске жеткен Рудный командасы Көкшетау қаласында өтетін республикалық жарыста бағын сынайтын болады.
Арай Марат