«Достық» саябағында қазақтың ұлы ақыны және ағартушысы Абай Құнанбаевтың 178 жылдығына арналған «Абай әлеміне саяхат» атты қалалық квест өтті
Абай рухына тағзым ету, ұлы ақынның мұрасын жастардың санасына сіңіру, өлеңдері мен қарасөздері арқылы жас ұрпақты адамгершілікке, еңбекқорлыққа, адалдыққа баулу, білімге деген құштарлығын арттыру, бойларына сұлулық, көркемдік қасиеттерін дарытып, мейірімді, адал болуға, адамгершілікке, отаншылдыққа, жаман әдептерден бойларын алыс ұстауға тәрбиелеу мақсатындағы іс-шара «Қазақ тілі «халықаралық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Қостанай облысы бойынша Рудный филиалы, қалалық ардагерлер кеңесі және қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастырумен өтті. Жалпы Рудныйқаласында Абай күніне арналған іс-шаралар 9 тамыздан басталды: әлеуметтік желілерде онлайн викториналар, кітапханаларда көрмелер мен кітап сөрелері, мәдениет мекемелерінде шағын концерттер, танымдық ойындар өтікізілді.
Іс-шараға қатысушылар 5 адамнан тұратын 12 команда ретінде Абайдың шығармашылығы мен өмірбаяны туралы білімдерін ортаға салып, жеті станция кезеңдерінен өтті. Квест ерекшелігі логика мен теорияны білуге арналған тапсырмалар ғана емес, садақ ату кезеңіде болды. Ойынға негізінен қала ардагерлері мен қала мектептері мен колледждерінің оқушылары қатысты. Сонымен қатар, саябақ аумағында ақын шығармашылығына арналған көрме, жас домбырашылар орындауында әсем әуен және шеберлік сағаттары өтізілді.
Абай хәкімнің бай мұрасын, оның асқақ тұлғасын биік тұғырға шығару бір күнде жасалмайтыны белгілі. Дегенмен, дербес күн белгіленіп, Үкімет тарапынан қаулы қабылдануы қазақ баласының тағы бір жаңа белеске көтерілгендігін көрсетеді. Абай тағлымына тағзым ету – Рухани жаңғырудың үлкен кезеңі. Мерекелік күнді жыл сайын атап өту өскелең ұрпақтың рухани баюына, мәдени құндылығын көтеруге, жастарды адамшылық пен ізгілікке жетелейтіні анық!
Гүлім Мұрат