Еліміз бойынша білімге ұмтылған, еңбекқор, елі мен жерін сүйетін, Отанына адал 100 мыңнан астам патриот жастардың басын біріктіретін «Жастар Рухы» Жастар қанаты ұйымы өз жұмысын адал, қарқынды түрде жасауда. Кезекті жиында қалалық «AMANAT» партиясы филиалында жастар өздерін таңыстырып, қаланың өзекті мәселелерін шешу мәселелеріне байланысты сұрақтарын қала депутаттарына қоюға мүмкіндік алды.
Дөңгелек үстелге «AMANAT» партиясының Рудный қалалық филиалының төрағасы Назгүл Манасова, Рудный қалалық мәслихатының төрағасы Азамат Ысқақов және мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің мүшесі Жақсылық Кәкенов, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жанбыршы Тілеуғабылов, «Жастар рухы» Рудный қалалық филиалының мүшелері қатысты.
Дөңгелек үстел ортасында қаланың және экология және медицина аясында проблемалық мәселелері талқыланды. Сұрақтар қойған белсенді жастардың жоғары қызығушылығын атап өткен жөн. Әңгіме медицинаға, әлеуметтік қызметтерді дамытуға және экологияға қатысты болды. Барлық сұрақтарға қалалық мәслихат депутаттары түсініктеме берді.
«Аманат партиясы нақты істер партиясы болды және болып қала береді. Партия тек қана сайлауалды бағдарламасын орындап қана қоймай, әрдайым өзекті мәселелерді шешу жолында үлкен қадамдар жасауда. Қалалық партия мен Жастар рухы ұйымының мүшелері қалалық іс-шараларада белсенді. Біздер осы өзгерістердің куәгеріміз. Осы орайда, жастарға әрдайым белсенді, білімді әрі патриотты қалыпта болуын тілейміз. Өздерінің жалынды, бастамашыл, ұйымшыл екендерін көрсете тырып, қоғамға үлгі болғанын қалаймыз. Ағымдағы жылдың 19 сәуір күні ашылған жастар ұйымының төрағасы Нұржан да қазір өзінің белсенді екенін байқатты. Қалалық сенбілік жұмыстарын, қалалық байқауларды, шахмат турнирлерін жақсы деңгейде ұйымдастыруда. Қала жастарының адал еңбекті бағалап, рухы биік, санасы сергек болуға тиіс. Жаңа Қазақстанды өз Отанын сүйетін, білімді, парасатты, дарынды, рухты жастар құратындығына сенім артамыз»,-деп Жақсылық Кәкенов өз пікірін білдірді.
«Жастар рухы» мүшелерінін айтуынша, медицина көмегін алу процесі ақсандап тұр, дәлірек айтқанда, МРТ өту үшін ауруханаға 1 ай бұрын жазылу абзал. Неліктен бұлай, шешу жолдары барма? Осы және өзге сұрақтарға бас дәрігердің орынбасары, қалалық мәслихат депутаты Жандос Рахметов жауап берді.
«Айта кететін жайт, екі жыл бұрын қалада МРТ құрылғысы мүлдем болмаған. Рудныйлықтарға басқа жаққа баруға тура келетін. Осы жылдың санағы бойынша облыста 6 МРТ үздіксіз жұмыс жасайды. Аталмыш құрылғы өте қымбат, шамамен 250 млн теңгені құрайды. Оның екіншісін орната алмаймыз, себеп қала халқының саны аз және көп қаражат кетеді. Кезек туралы сөз қозғасам, барлық медициналық ұйымдарда әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасалады. Біз науқастарды 10 күннін ішінде қабылдауға тиіспіз, себебі одан асып кетсе айыппұл төйлеу керек. 1 ай өз кезегінді күту деген тым кеш, ондай жағдайлар аз орын алады. Біздің әлеуметтік желілердегі парақшаларда, ресми сайтта өтініш немесе шағымды әрқашан жазып кете аласыздар. Ал, Рудный қалалық емханасы толық цифрландырылған, барлық жерде QR арқылы толық мәлімет білуге болады»,- дейді Жандос Рахметов.
Жиын барысында Рудный аумағындағы барлық өзекті мәселерге талдау жасалып, сұрақтарға жауап берілді. Бұл жай ғана кездесу емес, қоғамдық қызметпен айналысуға шабыттандыратын, қаламыздың игілігі үшін мұқтаж жандарға көмектесуге ынталандыратын іс-шара. Соңында ақсақалдар кеңесінің төрағасы- Жанбыршы Тілеуғабылов және мәслихат депутаттары жастарға өнегелі қолдау сөздерін айтып өтті.
Сания САҚТАҒАН