Қыркүйек айының соңында «28 ілмек» клубы «Мерей» Рудный аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының балаларына тоқылған ойыншықтар сыйлады.
Елімізде «Азаматтық бастамаларды қолдау» орталығы КЕАҚ-ның қолдауымен «Birgemiz: Saylyq» жалпыұлттық жобасы аясында шағын гранттар беріледі. Жобаның мақсаты — денсаулық сақтау саласында, оның ішінде стационарлық жағдайда ем ұсынатын медициналық мекемелерге еріктілерді тарту. Игі бастамаларды колдауға жалпы 300 000 теңгені құрайтын сома тағайындалады. Шағын гранттар арқылы денсаулық сақтау саласындағы еріктілер өз жобаларын ұсынып, жүзеге асыра алады. Жобаға қаламыздағы «28 ілмек» клубының координаторы Ирина Баранкова өз көмекшілерімен қатысқан. Олар «Мерей» Рудный аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталығымен ақылдаса отырып, керекті ойыншықтардың тізімін жазып шығарды. Жоба сарапшылары бұл бастаманы қолдап, ұйым «Мейірімді ойыншықтар — 2023» номинациясы бойынша грант жеңімпазы атанды.
– Мамыр айында жоба нәтижесі шығып, іс-қағаз жөнінде құжаттарды толтырдық. Оған қоса тоқуға арналған жіптерді, инелерді сатып алуға да уақыт кетті. Шілде айынан бастап 3 ай бойы үзіліссіз тоқи бастадық. Клуб қатарындағы 12 адам үзіліссіз жұмыс істеді. Тоқу процессі бізге бақыт сыйлайды және ешқандай қиындық туғызбайды. Осыған дейін, клуб әйелдерді тоқуға үйретті, қарттар үйіне жүн шұлықтарын сыйлады. Ал, жақында қалалық перзентханаға шала туылған сәбилерге арналған таза жүннен тоқылған киімдерді апардық, – дейді Ирина Баранкова.
Барлық уақыт бойы әрқайсысына өзіне жүктелген жұмысы болды. Жартысы көкіністер мен жемістерді тоқыса, қалғаны ертегі кейіпкерлерін тоқыды. Барлық ойыншықтар саны 290-ға жуық. «Мерей» орталығының қызметкерлері бұл ойыншықтарды арнайы таңдап, тапсырыс берген.
– Біздің бөлімде 2 жастан 18 жасқа дейінгі 70 мүгедек балалар бар. Біз «28 ілмек» клубымен келісімсөз жүргізіп, олар әдістемелік материал дайындап берді. Бұл ойыншықтардың берер пайдасы мол екеніне сенімдімін. Себебі, тоқылған бұйымдар баланың моторикасын, ұстау мен сезу қабілетін, түстерді ажырату мен миды дамытуға бағытталған, ал ең бастысы олар жұмсақ және қауіпсіз. Апта сайын бізде театр үйірмесі өтеді. Ол кезде ертегі әлеміне еніп, балаларға қуыршақтар театры мен маска киіп қойылым көрсетіледі. Бұрын-соңды тоқыма ойыншықтар болғанымен, аз еді. Ал бүгінде «28 ілмек» клубымен ынтымақтаса отырып, балаларға қуаныш пен бақыт сыйлап жатырмыз. Тоқымашы ұжымға үлкен алғысымызды білдіреміз!, – деді «Мерей» орталығының бөлімше меңгерушісі Амангүл Кенжебаева.
Алдағы уақытта клуб мүшелері бұл істі тоқтатпай, одан да ауқымды жобаларға қатысуға шешім қабылдады. Қолөнер шеберлерінің жүректері мейрімділік пен сүйіспеншілікке, ойлары кретивті идеяларға толы. Ұйым қатысушыларының айтуынша, ендігі кезекте азық-түлік элементерін тоқуға, сондай-ақ ойыншықтардың ішіне дыбыс шығаратын құрылғыларды сала отырып, сапалы өнім шығару жоспарлануда.
Сания Сактаган