Қазақстан сенаты бірқатар заңнамалық актіге, оның ішінде «Мемлекеттік құпиялар туралы» заңға өзгерістер енгізуді мақұлдады.
«Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі, ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларындағы артық заңнамалық регламенттеуді болдырмау мәселелері бойынша» заң жобасына енгізілген түзетулердің бірі экс-президенттер мен олардың отбасыларына қатысты ақпаратты мемлекеттік құпия ретінде қорғауды көздейді.
«Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына барлаушылық, қарсы барлаушылық, жедел-іздестірушілік және өзге де қызметті мемлекеттік құпияларға жатқызудан басқа, Қазақстан Республикасы Президентінің және оның отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ұйымдастырылуы, күштері, құралдары мен әдістері туралы мәліметтер, Қазақстан Республикасы Президентінің денсаулық жағдайы мен жеке өмірі туралы мәліметтер, Қазақстан Республикасының экс-Президенттерінің және олардың отбасы мүшелері туралы ұқсас мәліметтерді енгізу бойынша толықтыру енгізіледі», — делінген заң қорытындысында.
Сенат депутаттары заңды мақұлдап, құжатты президенттің қол қоюына жіберді.
Әзірге Қазақстанның бұрынғы президенттерінің мәртебесі «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» заңның тиісті нормасымен реттеледі. Онда экс-президенттердің құқықтары нақтыланған.